Map map map Үш алып
 



 

no news in this list.


            


            


            







Выступления Министра 

Үш алып



Қазақ тіл білімінің негізін қалаған А.Байтұрсынұлы мен оның замандас, ізбасарлары Е.Омарұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанұлы, Қ.Жұбановтардан кейінгі буынның ірі өкілдері, туғандарына 100 жыл толып отырған тілші ғалымдар — І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев. Ұлттык, тіл білімінің дамуына әрқайсысы өзіндік үлес қосқан ғалымдардың лингвистикалық мұрасы, кісілік келбеті туралы жеке-жеке әңгіме қозғап, олардың төл сипатын тереңірек сөз етсек те еш артықтык, етпес еді. Алайда, біз заманы да бір, еңбек еткен саласы да бір, тірлікте әзіл-қалжыңдары жарасып қатар жүрген, ұзак жылдар бойы бір ғылыми мекеме шаңырағы астында қызметтес болған, бірлігі жарасып өткен ардақты ағаларымыз туралы айтарымыздың да біртұтас болғанын жөн көрдік.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Білім және ғылым министрі.

Әрине, бір ғана мақала төңірегінде бүкіл саналы ғұмырын тіл ғылымына арнаған ғалымдардың барлық қырларын былай қойғанда, біреуінің ғана өмірі мен ғылыми шығармашылығы жөнінде толық қамту мүмкін болмас еді. Сондықтан біз өз тарапымыздан дәрістерін тындап, тәлімін алған алдыңғы толқын ағалардың кезінде өзіміз көріп-білген, еңбектерін оқу барысында көңілімізге түйген жекелеген қырлары жайлы сөз етпекпіз.

Бір жылы дүниеге келген тіл біліміндегі шоқтығы биік ғалымдар шоғырының ең көрнектілерінің бірі, қырқыншы жыддардан бергі кезеңде қазақ лингвис-терінің көшін бастаған — академик Ісмет Кеңесбаев. Телжан Сарыбаевтардан кейін орыс бөлімдеріне арнап алғаш оқулық жазған қазақ авторларының бірі болды. Орыс мектептерінің 8-10 сыныптарына арналған "Қазақ тілі" оқулығы үшін оған 1938 жылы филология ғылымдарының кандидаты, ал "Қазақ тіліндегі қос сөздер мен фразеология" деген тақырыпта жазылған диссертациясы үшін 1944 жылы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежелері берілді. Ғалымдығымен қатар ол Қазақстан ғылымының ірі үйымдастырушысы, білікті басшыларының бірі болды. 1946 жылы Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы құрылғанда, оның тұңғыш сайланған толық мүшелерінің бірі және оның алғашқы вице-президенті болып тағайындалды. Бұл қызметті 50-ші жылға дейін абыроймен атқарып, одан кейін ұзақ жылдар бойы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімшесін басқарды. Ол қазақ тілі және әдебиет институтының дирекгоры қызметін атқарған жылдары отандық филология ғылымы саласындағы зерттеулерді ұйымдастыруға, жоғары білікті мамандар дайындауға үлкен үлес қосты.

І.Кеңесбаев Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институты мен Қазақ мемлекеттік университетінде дәріс оқи жүріп, қазақ тілінің ғылыми курсын жа-сауды қолға алып, оған белгілі тіл мамандарын жұмылдырды. Ол бас болған бұл зерттеу нәтижесі 1954 жылы "Қазіргі қазақ тілі" деген атпен жарық көрді. Өзі осы оқулықтың фонетика бөлімін жазды. Осы еңбегі арқылы ол қазақ тілінің дыбыстық жүйесің жетік білетін, оның табиғатын жақсы түсіне отырып, жіктей білген фонетист ғалым ретінде түркология өлеміне танылды. Ғалымның аты аталғанда ойымызға бірден оралағын оның қомақты еңбегі — "Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі". 1977 жылы жариялаған бұл еңбегіне енген тіліміздің мол байлығын ол қырық-елу жыл бойы ерінбей-жалықпай тірнектеп жинаған еді. Ғалымның ұзақ жылғы еңбегі еленіп, ол осы іргелі еңбегі үшін 1978 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. "Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі" бүкіл түркология ғылымының, соның ішінде казақ тіл білімінің аса зор табысы болды" деп жазды ол жөнінде ғалымның әріптестері.

І.Кеңесбаев ғалымдыкден қатар ұстаздық етуден де жалық-пай, ұзак жылдар бойы еліміздің маңдайалды оку орындарында дәріс оқыды. Ол 1930 жылдардың ортасынан бастап қазақ тілімен қатар "Жалпы тіл білімі", "Тіл біліміне кіріспе" курстарынан сабақ берді. Ал оның авторлығымен жарық көрген окулықгары республика жоғары оку орындарының филология факультеттерінде ұзақ жылдар бойы қолданылды. Қазақ мемлекетгік университеті мен Абай атындағы педагогикалық институттың одан әр жылдары дәріс алған жүздеген студенттері ұстаздарының дәріс оқу шеберлігін, ұшан-теңіз білімін үлкен құрметпен есіне алады.

Ірі лингвист ғалым І.Кеңесбаев ғылыми кадрлар дайындауға да айрықша мән берді. Оның жетекшілік етуімен, кеңесші болуымен қырықтан астам ғылым кандидаттары мен докторлары дайындалыпты. Мұны бір ғылыми-зерттеу институтын құрайтын ғылыми әлеует деуге болады. Олардың көпшілігі елге танымал ғалымдар мен ұстаздар қатарына қосылып, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарында жемісті еңбек етіп келеді. Ғалымның шөкірттерінің арасында якут, қырғыз, татар, қарақалпақ, тағы басқа да ұлттардың өкілдері бар.

Ел білетін, біз көрген Ісмет аға нар тұлғасына лайық казақтың дархан даласындай мінезі кең, үлкеңге құрмет қөрсетіп өзінен кейінгілерге қашанда қамқор болып жүретін, айналасына шапағаты мол, көсіліп сөйлеп кетсе, жұртты үйіріп алатын шешен, әзіл-қалжыңға жүйрік, шынайы жадырап күле білетін кеңпейіл жан еді. Аға буын ғалымдар мен өз тұстастарының көпшілігі жөнінде ғибраты мол дүниелер жазып кеткен сырбаз мінезді тілші ғалым Сапарғали Омарбеков Ісмет ағаның төл сипатын аша түсетін мына бір деталды әдемі көрсетіпті. "Темекі тартпай, насыбай атуға әдеттеніп, келісті шақшасын бірдемеге кербездене тықылдатып отырғанды езінің далада бұла өскен қыр баласы екендігін өзгелер білсін дегендей әдейілеп істейтіні көрініп - ақ тұратын", депті Сапекең. Осы — әділ айтылған сөз. Қала мәдениетін бойына сіңіре жүріп, дархан даласының касиеттерін де сақтап, қастерлей білген қайран ағалар-ай...

Ісмет Кеңесбайұлымен түйдей құрдас, көп жыл үзеңгілес жүріп еңбек еткен қазақ тіл білімінің көрнекті тұлғаларының бірі — Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәулен Балақаев. Ол кең тынысты тілші ғалым ретінде тіл білімінің барлық салаларына қатысты дерлік еңбектер жазған. Ғалым қазақ әдеби тілінің тарихы, емле, тіл мәдениеті, лексикология, терминология, фонетика, морфология, синтаксис, лек-сикография, диалектология сынды салалардың түрлі мәселелеріне арналған еңбектер жариялады. Қазақ тіл білімінің ол қалам тартпаған саласы кемде-кем. Солардың арасынан ғалымның синтаксис, оның ішінде сөз тіркесін зерттеуге арналған еңбектерін ерекше атаған абзал. Ғалымның 1950 жылы жай сөйлем синтаксисі туралы Мәскеуде қорғаған докторлық диссертациясы ғылыми қауым тарапынан жоғары бағаланды. Қазақ тіл білімінде өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасына дейін синтаксистің негізгі зерттеу объектісі сөйлем деген көзқарас орнығып келген еді. Отандык, тіл білімінде бұл мәселеге катысты соны көзқарас білдірген профессор Мәулен Балақаев болды. Ол 1954 жылы жарық көрген академиялық жинаққа "Жай сөйлемдегі сөз тіркестері" деген жаңа тарау енгізіп, сөйлеммен бірге сөз тіркесі де синтаксистің зерттеу нысаны екендігін дәлелдейтін тың тұжырымын, жаңаша көзқарасын жария етті. Одан бергі уақытта ол өмірінің соңғы кезеңіне дейін аталған мәселеге арналған ғылыми монографиядан бастап, бірнеше оқу құралы мен көптеген ғылыми мақалалар жазды. Өзінің бастапқы ұстанымын, ғылыми көзқарасын жан-жақты дәлелдеп, оған тілшілер қауымының да көзін жеткізді. Сөйтіп, қазір тілші ғалымдар профессор Мәулен Балақаевты казақ тіл білімінің синтаксис саласына өзіндік жаңалық әкелген, сөз тіркесі теориясының негізін салушы ғалым деп танитын болды. Оның осы көзқарасын қолдайтын, ісін жалғастыратын көптеген шәкірттері өсіп шықты, ғылыми мектебі қалыптасты. Ол ірі тіл маманы ретінде артына мол лингвистикалық мұра қалдырды. Оның еңбектері ғылыми құндылығын жоғалтпай, қазір де қолданылып келеді. Ғалымның хаты өлмейтіндігіне тағы бір куә болып отырмыз.

Мәулен аға өте мәдениеттілігімен, сыпайылығымен, кішіпейілділігімен ерекшеленетінін онымен қызметтес болған әріптестері мен шәкірттері, көзін көргендер жақсы біледі. Мәкеңнің шәкірті, белгілі тіл маманы Сапарғали аға ұстазы туралы "Мінезі мейлінше биязы, әсте дауысын көтеріп сейлеуді білмейтін, кішіпейіл қалпынан еш таймайтын, қашан көрсең де кісіге жылыұшырай, екі бетінен иманы тегіліп тұратын Мәкең онымен істес болған адамдар үшін бейнебір үлгі-өнеге мектебі сияқты еді", деп жазады. Дәл берілген сипат. Мәкеңнің жүріс-тұрысы, өзін ұстауы, сөйлеу мәнері, бәрі-бәрі жарасым тауып, айналасыңдағыларды сүйсіндіріп, үлгі алуға үндеп тұратын. Дөрекілікті, озбырлықты жаны сүймейтін. Сыни пікір айтса, ғылыми этикетті сақтап, ал құрдастарымен әзілдессе әдептен озбайтын. Қашанда үлкенге — құрмет, кішіге

  • ізет көрсете білетін зиялы қалпынан жаңылмайтын. Адамның жеке басына тиісіп, мұқатуды үлкен кемшілік санайтын. "Біреуді мұқату, табиғи кемшіліктерін айтып, бетіне басып, таз, пұшық, ақсақ... деп күлу, басқаларды күлдірем дөрекіленіп шектен шығу мұқатушының мәдениетінің төмендігін, озбырлығын, өктемдігін білдіреді. Шын сорлы — пұшық емес, оны мұқатушылар деген ғалымның өз пікірінен, оның ішкі мәдениетінің қандай жоғары болғанын көруге болады.

Мәулен Балақаев 1995 жылдың қараша айында дүниеден озды. Асыл азамат тірлікте туған жер топырағының қасиетін сезініп, оны айрықша қастерледі. Аса мәдениетті де сезімтал болып жаратылған жанның жүрек түбінде туған жеріне деген үлкен махаббат ұялап, оны бүкіл ғұмыр бойы аялап, сақтап келіпті. Алматыда өсіп-өніп, көрнекті ғалым ретінде елге танылып, бүкіл саналы ғұмырының кейінгі алпыс жылдан астам уақытын өсем Алатау баурайыңда өткізсе де, көзі тірісінде туған жері Түркістанға жерлеуді өсиет еткен еді. Шәкірттері ұстаз аманатын орындады. Туған жердің топырағы бұйырды. Адамгершілік қасиеттері мол, бойына туған топырағының қасиеті дарыған жандар екі дүниеде де одан қол үзбейді екен-ау...

Туғанына 100 жыл толып отырған көрнекті тіл мамандарының тағы бірі — Ғайнетдин Мұсабаев. Ғайнетдин Ғалиұлы 1948 жылы "Қазақ тіліндегі сын есімнің шырайлары" деген тақырыпта кандидаттық, ал 1960 жылы "Қазақ тілінің лексикасы" деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. Оның ғылыми-зерттеу еңбектері негізінен қазақ тілінің лексикасы мен лексикографиясына, сондай-ақ тіл тарихы мәселелеріне арналды.

Омбыда дүниеге келген Ғайнекең 1936 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын 1937-1939 жылдары КСРО ғылым академиясының Қазақстандағы бөлімшесінің Тіл жөне әдебиет секторында ғылыми қызметкерліктен бастады. 1939-1941 жылдары аспирантураны аяқтағаннан соң Отан соғысына аттанды. Отан соғысынан оралғаннан кейін 1946-1948 жылдары ҚазССР ҒА Тіл жөне әдебиет институтының бөлім меңгерушісі, 1948-1952 жылдары директордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1952 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Тіл білімі институтының екі тілді сөздік бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. Осы бөлімді баскарған отыз жылдай уақыт ішінде ол қазақ лексикографиясының дамуына, екі тілді сөздік жасау ісіне елеулі үлес қосты. Үлкенді-кішілі бірқатар қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздіктердің жарық көруіне өзі тікелей басшылық жасады, құрастырушы авторлар қатарында болды.

Сөздік жасау — аса ыждағагтылықпен қатар еңбекқорлықты, жылдар бойы ерінбей-жалықпай ізденуді, төзімділікті қажет ететін жұмыс. Ал екі тілді сөздік жасау екі тілге бірдей жетік болуды талап ететін күрделі іс. Ғайнекең осындай жауапты да күрделі іске батыл кірісіп, көп еңбек етті. Оның жалпы редакторлығымен 1978-1982 жылдары орысша-қазақша екі томдық үлкен сөздік жарық көрді. Бұл сөздік 1954 жылы Н.Сауранбаевтың редакторлығымен жарыққа шыққан үлкен сөздіктен кейінгі көлемді еңбек ретінде күні бүгінге дейін жұртшылық қажетін өтеп, қолданылып келеді. Екі тілді сөздіктермен қатар ол қазақ тілінін орфографиялық, түсіндірме сөздіктерін жасауға, қазақ тілінің грамматикасын жазуға да қатысқан авторлардың қатарында болды.

Ғайнетдин Ғалиүлы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізумен бірге мектеп оқулықтарын жазуға да белсене қатысқан ғалымдардың бірі. Ол авторлардың бірі ретінде орыс мектептерінің 5-6 және 8-10 сыныптарына арналған қазақ тіл оқулықтарын жазуға қатысты. Ал ғалымның жоғары оқу орындары филология факультеттерінің студенттеріне арналып жазылған оқулығы Білім министрлігі ұсынған негізгі оқулық ретінде ұзақ жылдар бойы оқу процесінде пайдаланылып, мамандар дайындауға қызмет етті.

Орда бұзар отызында ел қорғауға аттанып, майданда шыңдалған қайсар жан Ғайнекен қиындықтан қаймығу, жұмыстың жеңілін таңдауға ұмтылу дегенді білмейтін. Ынта-жігердің молдығы, ерекше еңбексүйгіштік оның бойындағы басты қасиеттердің бірі еді. Сондықтан да ол ірі-ірі жұмыстарды қолға алуда жүрексінген емес. Осы қасиеттерінің арқасында ол қазақ лексикографиясының дамуына өз үлесін қосып, ізін калдыра білді.

Айтыста қос айтыскердің бір осал болса, екіншісі кібіртіктеп, тізгінін жібермей отырған арғымақтай болып, қолтығын жаза алмас еді. Ал керісінше екеуі де үздік, деңгейлес дүлдүлдер болса, олар нағыз айтыстың озық үлгісін көрсетіп, қалың жұртшылықтың ықыласын беленетіні мәлім. Сол сияқты ғылымда да бір салада еңбек етіп жүрген үзеңгілес, замандас ғалымдардың біліктілік деңгей жоғары, өткен мектебі, ғылыми дайындығы мықты болса, онда олар бір-бірінің кемелденуіне салиқалы ғылыми қауымның қалыптасуына ықпал етеді. Тіл ғылымында бір жылы дүниеге келген, үлкен ғылыми мектептен өткен І.Кеңесбаев, М.Балақаев Ғ.Мұсабаев сынды ірі-ірі ғалымдардың қатар жүріп еңбек ету олардың өздерінің де, тіл білімінің олар зерттеген салаларының да дамуына тікелей әсер етті. Адамды орта қалыптастырады. Үлкен ұстаздардан тәлім алып, Мөскеу, Ленинград тілші ғалымдарының ортасын көрген аға буын ғалымдар, отандық тіл білімінің өркендеуіне атсалысып өзімізде де ғылыми орта қалыптастырды. Олардың өздеріне кейінгі Н.Сауранбаев, А.Ысқақов, Ә.Қайдар, Ш.Сарыбай Р.Сыздық сынды белгілі тілші ғалымдардың қалыптасуына да алдыңғы толқын ағаларды тікелей ықпалы болды.

Аласапыран XX ғасыр саяси оқиғалар мен өзгерістерге толы болғаны белгілі. 1917 жылғы Қазан төңкерісі, 1932-33 жылдардағы ашаршылық, 1937-38 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін, 1941-45 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыс біз сөз еті отырған тіл білімпаздарыны балалық, жастық, жігіттік шағына тұспа-тұс келді. Олар осы аталған елеулі тарихи оқиғалар мен ғасыр нәубеттерінің бәрін көріп ержетті, куәсі болды. Төңкерістің текетіресін, отыз екінің аштығын, отыз жетінің ойранын, қырқыншы жылдардың қырғынын көріп, зобалаңды жылдардың зардаптарын халықпен қатар сезінді. Сондықтан да олар ерте есейіп, жастайынан шыңдалып өсті. Қысталаң өмірдің қыспақтарынан өте жүріп, құрыштай шынықты. Содан да болар, олардың бойында қиындықтан қаймықпайтын қайсарлық пен бейнеттен безініп ізденуден жалықпайтын еңбек сүйгіштік, ізденімпаздық, төзімділік қасиеттер мол болды. Ұсақ-түйек пендешілік қылықтарға бой алдырмай, кесек мінез көрсетіп, кісілік келбетіне кір жуытпағандықтарының сырын олардың өткен өмір мектебінің өзінен іздеу керек шығар.