Map map map "Білімділер бар мақсатына жетеді" - "Айқын" газеті, 29.06
 



 

no news in this list.



            


            







Министрдің баяндамалары 

"Білімділер бар мақсатына жетеді" - "Айқын" газеті, 29.08.2006 ж.



– Министр мырза, биылғы оқу жылы "ҚР Білім туралы" заңына өзгертулер енгізумен екшеленбек. Қалай ойлайсыз, заңға өзгерту енгізу оқу-ағарту саласындағы түйткілдерді шешуде оң нәтиже бере ме?
— Еліміздің ұстаздар қауымдастығы жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен бастағалы отыр. Күш-қуаттың айтарлықтар толығуы, жемісті еңбекке деген мақсатты көзқарас еліміздің ағарту саласына маңызды және ықпалды әсер етпек. Бұл жерде мен таяуда қабылданған Қазақстан Республикасының "Білім туралы" заңын меңзеп отырмын. Өйткені ол біздің саладағы көптеген мәселелерді шешу үшін құқықтық-нормативтік нақты негіз болып саналады. Сол арқылы әлемдік білім кеңістігіне белсендірек кірігеміз. Сапалы, қолжетімді білім алуға кепіл арта түседі, ұстаздар қауымының беделі өседі.
      Қоғамның дамуы мен жақсаруына тікелей үлес қосу, ал өз кезегінде осы қызметіңізге орай қоршаған ортаның сізге ілтипатпен қарауы бәрінен де маңызды. Осындай қарым-қатынас арқылы әркім ел тағдырына өзі тікелей жауапты, өзінің бұл өмірге қажетті екенін сезінуді қалыптастырады. Жаңа заңның "Педагогика қызметкерінің статусы" атты жеке тарауы, міне, осындай табиғи және жеке жауапкершіліктің қалыптасуына негіз береді. Менің ойымша, мұғалімнің қоғамдық-әлеуметтік деңгейіне осылайша мемлекеттік тұрғыдан көзқарастың өзгеруі де біраз мәселені аңғартатындай. Мұны білім беру саласының ардагерлері жақсы біледі. Өйткені олар бұдан 45-50 жыл бұрын ұстаз беделі қандай болғанын жадында сақтаған жандар. Ол кезде қатардағы мұғалім қалалар мен облыстардың бірінші басшыларынан да беделді болған еді. Бәлкім, содан да болса керек, моральдық ынталандырушы шаралармен бірге әлеуметтік кепілдік те заңдастырылды. Олардың нарықтық экономика жағдайында аса қажетті екені өзінен-өзі түсінікті. Себебі мұғалімнің шығармашылық қызметі сондай ілтипатқа лайық жұмыс.
      Жаңа заң бойынша бастауыш сынып мұғалімдерінің апталық жұмыс уақыты 20 сағаттан 18 сағатқа дейін түсірілді. Балабақшаларындағы мектепке дейінгі оқыту бөлімдері және мектептердегі дайындық сыныптары үшін де осындай уақыт деңгейі қарастырылған.
Мұғалімдерге еңбек демалысы уақытында денсаулығын жақсарту үшін жәрдемақы төленетін болды.
      "Үздік ұстаз" атағын алғандар үшін айлық есептік көрсеткіштің мың есесі деңгейінде ауқымды мемлекеттік грант беріледі. Бұған басқа да әлеуметтік ауқымды жеңілдіктер тағы қосылған.
         Демек, жаңа реформалардың түйінді шешетініне иек артуымыз керек қой...
— Мемлекетіміздің білім беру саласына қаншалықты маңыз беріп отырғандығын мұнда құйылып жатқан инвестициялар көлемінен де байқауға болады. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл біздің саланы қаржыландыру 40 пайызға өскен. Ал 2005 жылдағыдан қазір алатын қаржымыз екі есеге артық.
     Мектептің қандай жағдайда екендігі мемлекеттің қатаң бақылауында. Сондықтан да оның материалдық-техникалық базасының нығаюына ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені мектеп, әсіресе, ауылды жерлердің мектебі әрқашанда әлеуметтік мәселелердің ішіндегі ең түйіндісі болып келгені жасырын емес. Ал ауыл мектептері өзінің тікелей қызметінен тысқары, аймақ мәдениетін көтеруші қызметін де қоса атқаратыны белгілі. Бір сөзбен айтқанда, ол алыс түкпірлердегі елді мекендерде әлі күнге дейін ауылдықтарды мәдени-эстетикалық тәрбиелеуші бірден-бір орталық қызметін сақтап отыр. Осыған байланысты бұл күндері 106 мектеп және 17 мектепке дейінгі балалар тәрбиесі мекемесі жаңа ғимаратының құрылысы жүріп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
      Жаңа оқу жылы қарсаңында 1009 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл – былтырғы жылғыдан 108 мектепке көп көрсеткіш. Ағымдағы жөндеу 6724 мектепте атқарылды. Бұл — “өткен жылғыдан 1036 мектеп артық жөнделді” деген сөз. Сегіз ай ішінде бұрын жабылып қалған 13 мың орындық 137 балабақшалары қайта қалпына келтірілді.
      Орайы келгенде, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі атынан жергілікті атқарушы билік өкілдерін, кәсіпкерлерді, құрылысшыларды, педагогикалық ұжымдарды, бір сөзбен айтқанда, мектеп ғимараттары мен балабақшаларын жаңғыртып жаңалауға қатысқандардың баршасына алғыс айтпақпын.
      Мектептер мен балабақшалардың ғимараттарын салу және жөндеу секілді ауқымды жұмыстардан тысқары сол білім ордаларындағы оқу кабинеттерін осы заманғы интерактивті жабдықтармен қамту ісі де қызу қарқынмен жүргізілгенін айта кету керек. Орайы келгенде, біздің елімізде таяуда ғана пайда болған интерактивті тақталар жайлы мағлұмат бере кетейін. Бұл – бейнеконференциялар, мектептер аралық бірлескен сабақ өткізу үшін пайдаланылатын ерекше жүйе. Осы интерактивті тақта арқылы пәндік көрнекі құралдарды бейнематериалдар арқылы көрсетуге болады. Интерактивті тақтаның бұдан да басқа пайдалы жағы толып жатыр.
   Ұлыбританиялық Promethean компаниясы жасап шығаратын интерактивті тақтаның беткі қабаты пайдалануға төзімді, арнайы қабылдағышпен жабдықталған. Ол мұғалім мен оқушыларға оңай әрі қатесіз жазуға, сызуға және басқа қызметтерді атқаруға көмектеседі. Мұндағы қуатты кітапханалық қор кез келген пәнге қатысты толып жатқан қосымша материалдарды қамтыған. Содан алған ақпараттарды сабақ кезінде жедел пайдалануға мүмкіндік бар.
— Біз жаңашылдыққа түбегейлі бет бұрғалы түрлі әлемдік тәжірибелерге құмарта бастадық. Жалпы, интернет желісіне жиі еніп, электрондық оқулықтарды оқу-әдістемелік көрнекілікке пайдалану Қазақстан үшін ұтымды ма? Біз бұған дайынбыз ба?

— Біздің елімізде оқу барысын ақпараттық-коммуникациялық технологиямен қамту бұл күнде білім жүйесіндегі кәдуілгі жұмыстардың біріне айналды. Компьютерлер, интернет, электрондық оқулықтар оқуды мейлінше қызықты ете түседі. Көрнекілік – оқу нәтижесінің сапасына оң әсер етері сөзсіз.
     Егер осы бағыттағы мемлекет қамқорлығын айтар болсақ, тек биыл ғана мектептерді 353 лингафондық мультимедиа кабинетімен және 747 физика кабинетімен жабдықтау үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 6 миллиард теңгенің сыртында қаржы бөлінді. Интернетке қосылған мектептердің саны жыл сайын артып келеді. Бүгінгі таңда еліміздің барлық мектептерінің 97 пайызы ғаламторға қосылып, осы арқылы өмірдің кез келген саласынан көптеген ақпараттар жинауға мүмкіндік жасалған.
     Ал қашықтықтан оқытуды өндіріске енгізуге байланысты, оқыту теледидарын пайдалануға орай және оқытушылар мен оқушылардың білім порталы қорына ену мүмкіндігі жақсаруы үшін республика мектептерінде интернеттің кең ауқымды, шапшаң түрін пайдалануға көшіп жатырмыз. Тек соңғы айда ғана 10 мың мектепте интерактивті оқыту жүйесін енгізуге орай техникалық мүмкіндігі бар мектептерде интернеттің кең ауқымды шапшаң жүйесі пайдалануға берілді. Екі ай ішінде ғана интерактивті жабдықпен жұмыс істеуге 2 мыңнан астам мұғалім оқытылды.
      Қазақстанда тұңғыш рет мемлекет басшысының қатысуымен жалпы білім беретін мектептер үшін онлайн тәртібіндегі интерактивті сабақ өтетін болды. Оқушылар Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен тікелей сұхбаттасуға мүмкіндік алды. Олар мектеп, елдің болашағы, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі даму барысы жайлы ой бөлісетін болады.
     Мұндай сабақты ұйымдастыру, сөз жоқ, тәрбие жұмысына зор ықпал етпек. Отанға деген сүйіспеншілік, өз елің үшін мақтану, оқушы санасында азаматтық ұстаным қалыптастыру секілді сезімдерге түрткі болатын осынау сабақтан біздің күтетініміз мол.
— Бұдан былай осындай интерактивті сабақтарды дәстүрлі түрде өткізіп тұру ойларыңызда бар ма?
— Интерактивті сабақтарды өткізуді дәстүрге айналдырсақ деген ой бар. Оларға жаңашыл ұстаздар, танымал ғалымдар, белгілі мәдениет пен өнер қайраткерлерін қатыстыру жоспарланған.
    Жалпы білім беретін мектептердегі бұқаралық оқу қорына аударылатын қаржы көлемі де жылдан-жылға артып келеді. Облыстар, Алматы мен Астана қаласының әкімдері мемлекеттік қамқорлыққа мұқтаж балаларға нақты көмек көрсетуде. Жалпы саны 500 мыңдай аз қамтылған отбасыларының балаларына бұқаралық оқу қорынан материалдық көмек ұйымдастырылды. 1,09 миллиард теңгенің қаржысы осындай оқушыларға киім, аяқкиім және оқу құралдарын сатып әперуге жұмсалды.
    Үстіміздегі жылы аз қамтылған және көп балалы отбасыларына, жетім балаларға, біреудің асырауындағы балаларға тегін ыстық тамақ ұйымдастыруға көңіл бөлініп отыр. Осындай кең ауқымды әлеуметтік маңызы бар бағдарламаны жүзеге асырған Алматы қаласының тәжірибесі үйренуге тұрарлық. Қалалық бюджеттен бастауыш сыныптар оқушыларын ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етуге бір миллиард теңге бөлінген. Ал мұндай мысалдар елімізде көптеп кездеседі.
– Бұл тұрғыда алыстағы шалғай аудандардағы білім ордаларының жағдайы қандай болмақ?
— Алыс ауылдар мен селолардағы балалардың да жағдайы естен шыққан жоқ. Осындай 34535 оқушыны мектепке жеткізу үшін 803 автобус бөлінді. Көлік мәселесін жергілікті атқарушы органдар шешуі тиіс. Сондықтан да биыл олар қосымша 25 автобус сатып алды. Тек қана Павлодар облысында жолаушы тасымалдайтын 20 бірліктің жұмыс істей бастайтыны көңілге қуаныш ұялатады.
    Мектептерде 9,8 мың мектепке дейінгі сыныптар, балабақшаларында 3,5 мың мектепке дейінгі топтар құрылды. Мұндай шаралар алдағы жылы мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің 77 пайызын немесе 240 мың баланың алдын ала дайындықтан өтуіне жағдай туғызды.
   Оқулықтармен оқу әдістемелік құралдармен еліміздің жалпы білім беретін мектептерін толық жабдықтау жөніндегі мақсатты бағдарламаға сәйкес оқулықтардың жаңа буыны шығарылып жатыр. Оларды сатып алу үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан 2,9 миллиард теңге қаражат бөлінген.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылдың 19 ақпанындағы №173 "Білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері мен оқушыларын оқулықтармен қамтамасыз ету жөніндегі ережеге" сәйкес оқушылардың жекелеген тобы: интернатта тәрбиеленушілер, жетім балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасыларының балалары оқулықтармен тегін қамтамасыз етіледі. Қалғандары оқулықтарды
сауда орындарынан сатып алуы тиіс.
— Білім ордаларындағы кітапхана қорын толықтыру ойларыңызда бар ма? Әлде "электрондық оқулық жүйесіне көшеміз" деп технология жағына басымдық беріп, кітап қорына қамқорлықты ұмыт қалдырып алдыңыздар ма?

— Кітапхана қорын толықтыру және жаңарту мақсатында республикалық бюджеттен трансферт жолымен 900 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Мектеп кітапханалары, сөйтіп, анықтамалармен, энциклопедиялық басылымдармен, мектептен тыс оқуға арналған кітаптармен және басқа да әдебиеттермен толықтырылды.
Біздің барлық күш-жігеріміз ұстаздарға әлеуметтік кепілдікті қайта жаңғыртуға бағытталды. Осы арқылы оқуды ұйымдастыруды, оның сапасын арттыруды және білім беру жүйесінің бәсекелестікке қабілетті болуын қамтамасыз етпекпіз.
— Бұл күні қоғам ұстаздарға қатаң талаппен қарайды. Жалпы, бізде ұстаздардың біліктілігін жетілдіру оңтайлы шешімін тапқан ба? Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

— Ұстаздардың біліктілігін жетілдіру және қайта даярлау жүйесінде толып жатқан жұмыс шаралары белгіленді. Осы мақсатта пайдалану үшін мемлекет тарапынан 1 миллиард теңгеден артық қаржы бөлінген. 2004 жылмен салыстырғанда былтыр маман ұстаздардың, яғни білімін көтеру курсынан өткендердің саны 65 пайызға өсті.
     Білім беру жүйесіндегі сапаны көтеру үшін педагог кадрлардың біліктілігін аттестациялау ережесі қабылданды. Оқытушыларды біліктілік сынағынан өткізу ережесіне толықтырулар енгізілді. Онда Қазақстан Республикасының заңдарын, педагогика мен психологияның, оқыту тәсілдемелерінің және басқалардың негізін білу қарастырылған.
     Танымал француз педагогы дұрыс атап көрсеткеніндей: "Оқыту, дегеніміз – екі есе оқу". Шын мәнінде, мұғалімдердің үздіксіз оқу және дайындалуынсыз жақсы нәтиже күтуге болмайды. Сондықтан да үстіміздегі жылдан бастап оқытушылар өздері оқытатын пәнге қатысты білім деңгейі бойынша тестіден өткізіледі. Өйткені тек солардың біліктілігі – білім жүйесіндегі нақты анықтауыш. Егер сөзде, істе, әрбір әрекетте сенімділік пен нақтылық болмаса, онда көз алдаудың орын алары сөзсіз. Ал мұғалім қызметіндегі көз алдау орын толмас өкінішке ұрындырады. Себебі ол – бұл дүниедегі ең құнды материалмен жұмыс істейтін тұлға.
      Бүгінгі ұлдарымыз бен қыздарымыз жылдар жылжып өткен кезде қандай болатыны тікелей оқытушыға байланысты. Сондықтан да билік – қоғам – мұғалім үш бұрышы ырғақты, түсіністікпен жұмыс істеп, жалпыұлттық мүддеге қызмет етуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі Қазақстанның оқытушысы жан-жақты, терең білімді тұлға болуы керек. "Бір салада құнсыз болған адам келесі бір салада айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуі мүмкін емес" деп Мераб Мамардашвили бекерге айтпаған.   Бұл, әсіресе, әлемнің бәсекелестікке қабілетті 50 елінің сапында болуды мақсат тұтқан біздің жас мемлекетіміздің білім беру жүйесі үшін ерекше маңызды. Өйткені білімді жастарсыз, талантты топ-менеджерлерсіз мақсат еткен биік асуды алу мүмкін емес. Ал оларды даярлау еліміздің мектептері мен жоғары оқу орындарына жүктелген.
     Данышпан ұстаз Ыбырай Алтынсарин бұдан ғасырдан астам уақыт бұрын "Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық" деген екен. Бұл сөзді бүгін қайталаушы біздер жас бүлдіршіндерге: "мемлекет сендердің жақсы білім алуларыңа қолайлы жағдай туғызды, енді сіздер сол қамқорлыққа жақсы оқуларыңызбен жауап беріңіздер" демекпіз. Өйткені білімділер ғана бар мақсатына жетеді.


Сұхбаттасқан Айбек САРМАНОВ