 no news in this list.
|
Бұқаралық ақпарат құралдарына шолу
 |
Тотай ТҰРЛЫҒҰЛ, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Егемен Қазақстан» газеті, 9тамыз 2007 жыл
«Балаңызды қай тілді мектепте оқытасыз? Немесе кеткен есені қайтаратын уақыт жетті емес пе?» Дәл қазіргі уақытта өзінің ұл-қыздарын бірінші сыныпқа апаратын ата-аналар үшін көкейтесті мәселенің бірі – баласын қай тілде оқытатын мектепке беруді анықтау болып тұр. Бұл тек әлеуметтік-азаматтық қана емес, сонымен қатар саяси мәселе. Өйткені, еліміздің келешегі қазіргі мектеп парталарында отырған жастарға, олардың алған тәрбиесі мен біліміне байланысты. Мұны Елбасы Н.Ә.Назарбаев ғылым, білім саласына қатысты сөйлеген сөздерінде, өзінің “Қазақстан әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы” атты Жолдауында біліктілігі жоғары мамандар даярлау және осы заманғы білім беру жүйесін дамыту мен әлеуметтік саланы одан әрі жаңартудың барынша басым бағыттарын айқындап берген болатын. Рас, еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты алғашқы жылдары қазақ тілінде оқытатын мектеп көбейіп, олардағы оқушылар саны да күрт арта бастады. Осы үрдістен 1992-93 жылдары бастауыш қазақ сыныптарындағы оқушылар санының едәуір көбейгенін былай қойғанда, орта, тіпті жоғары 9-10 қазақ сыныптарына орыс мектебінде оқып жүрген балаларын әкеліп орналастырғандарының куәсі болдық. Осының нәтижесінде 1991 жылдан кейінгі бес жылда қазақ мектептерінің саны 727-ге көбейсе, бұл үрдіс одан әрі жалғасып, тек 2002 жылы ғана 266-ға артыпты. Жалпы білім беретін 7989 мектептің 3632-сі қазақ тілінде сабақ берсе, бұл барлық мектептің 45,5 пайызын құрайды екен. Мемлекеттік тілде оқитын балалар 1990 жылы 908,9 мың болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1662,2 мыңға жеткен. Сөйтіп, барлық мектеп оқушыларының 54,4 пайызы қазақ тілінде оқуға мүмкіндік алған. (“Егемен Қазақстан”, 17 қаңтар, 2003 ж.). Осы үрдістің келеңсіз жақтары да болды. Ол қазақ тілін шала білетін, әсіресе 3-4 немесе 7-8 жыл орыс тілді мектепте оқып келген балалардың қазақ сыныбына келгенде көп қиындық көруі және орыс тілді балабақшада тәрбиеленгендердің бірінші қазақ сыныбына қабылдануы еді. Ол жылдары Алматы сияқты орыс тілі басым қалалардағы жас ата-ана¬лардың көбінің қазақ тілін еркін білмейтіні белгілі. Бұл жағдай оқушылардың тәрбиесі мен білім сапа¬сына да, қазақ тілін меңгеруіне де кері әсер етті. Осы¬ның салдарынан Алматы қаласының орталы¬ғында орналасқан қазақ мектептерінің оқушылары соңғы жылдарға дейін сабақтан шығысымен мек¬тепте де, одан тыс жерлерде де тек орысша сөйлесетін. Осы жағдайлар, сондай-ақ, әсіресе, ауылдық жерлердегі кейбір қазақ мектептеріндегі оқу-тәрбие жұмысы сапасының төмендігі, кейінгі 2-3 жылда алдағы жылдармен салыстырғанда, қазақ мектебіне оқушылардың жаппай келуіне белгілі дәрежеде зиянын тигізді. Қазақ мектебі дегенде, оның қай жерде, қай елді мекенде екендігін, мектептің типін, мұғалімдер мен оқушылар санын, мектептің оқу-материалдық жағдайын, т.б. ерекшеліктерін ескеру керек. Қалалардағы, аудан орталықтарындағы, қазақы ауылдардағы мектептердегі оқушылар білімін нашар деуге болмайды. Сол 2003/2004 оқу жылында ауылдық жерлерде 6 мыңнан астам мектеп болды, соның 1600-дейі таза орыс мектебі. Басқасының 52 пайызы таза қазақ мектебі, қалғаны аралас мектеп еді. Осы 2200-дей қазақ мектебінің 28,8 пайызы бастауыш, 24 пайызы негізгі, 47 пайызы орта мектептер. Бұлардың біразында оқу-тәрбие жұмысының нашар болатын жөні бар. Осы 6 мыңдай мектептің 4230-ы шағын комплектілі, олардың 4070-тейі ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл мектептердің 5-11 сыныптарында бірнеше пәнді, мысалы, биологияны, географияны, тарихты, яғни 3 пәнді, кейде 4 пәнді бір пәннің маманы оқытады. Осы ұстаздардың біразы жоғары оқу орындарын сырттай оқып бітіргендер. Кейінгі жылдары бұлардың қатарын сырттай оқытатын екі-үш жылдық педагогикалық жоғары оқу орындарын бітірген – бұрынғы агрономдар, зоотехниктер және т.б. мамандар толтыруда. Бұл мәселе туралы сол кездегі Алматы облысы білім жетілдіру институтының директоры Т.Баймолдаев былай дейді: “Талды¬қорғанның өзінде 8 жеке меншік жоғары оқу орны және Жансүгіров атындағы білім ұясы мұғалімдер даярлайды. Қазір облыстағы мектеп мұғалімдерінің 80-90 пайызы сол оқу орындарын сырттай бітіргендер. Осындай мұғалімнен бітірген оқушы оқуға түссе, одан қандай маман шығады (“Егемен Қазақстан”, 30 сәуір, 2004 жыл). Бұл айтылғандарға, осындай мектептердің көбінің оқу үйінің азып-тозып тұрғанын, күнделікті сабақтарға қажетті оқулық¬тардың, көрнекі, техникалық құралдардың, т.б. жетімсіздігін, мектеп үйінің суықтығын, жарықтың жиі-жиі болмай қалатынын өзге де толып жатқан келеңсіз жағдайлардың кері әсерін қосыңыз. Мұндай жағдайда оқушылар білімінің сапалы болмайтыны белгілі. Сөйтіп, 2000-2003 жылдар аралығында ата-аналардың қазақ мектебінің І сыныбына балаларын әкелу қарқыны аздап болса да бәсеңдеді. Бұған жоғарыда айтқанымыздай, бірінші себеп бірқатар қазақ мектептеріндегі оқу-тәрбие жұмысының төмендігі, екінші себеп жұртшылық арасында қазақ тілінің келешегіне, оның мемлекеттік тілге айналуына күмәнданушылықтың пайда болуы еді. 2005 жылдан бастап елімізде мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған бірқатар маңызды шаралар іске асырыла бастады. Оларды бастаушы да, іске асыру жолдарын нақты көрсетуші де Президент Н.Ә.Назарбаевтың өзі болды. Әсіресе, Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясының XІІ сессиясында сөйлеген сөзі, “Ана тілі” газетіне берген сұхба¬тындағы қазақ тілінің қазақстандықтарды біріктіруші рөлі, бүкіл елдің келешегі осы тілді баршамыздың меңгеруімізге байланысты екендігі туралы айтқандары мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар мен жұртшылық арасында үлкен серпіліс туғызды. Елбасының Жолдаулары мен жұртшылық ал¬дында сөйлеген сөздерінде ауылды өркендетуге, әсіресе, ондағы мектептер мен денсаулық мекеме¬лерінің жұмысын жақсартуға ерекше назар ауда¬рылған. Үстіміздегі жылдың 5 наурызында агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша өткен республикалық кеңесте сөйлеген сөзінде ол: “Біз ауыл мен қаланың арасындағы білім беру, медициналық қызмет көрсету және тұтастай өмір сапасы деңгейіндегі үлкен айырмашылықты қысқартуға тиіспіз. Өйтпесек, біз өз мақсатымызға – білім мен ғылым саласындағы бәсекеге қабілетті болуға қол жеткізе алмаймыз. Өйткені, бәрі де мектептен, ал Қазақстан үшін ауыл мектебінен басталады”— деді. Ауылды өркендету жолындағы нақты іс-шараны айта келіп, “Мен жастарды, уни¬верситеттердің түлектерін, мұғалімдерді, дәрігерлерді ауылға баруға, өз халқына көмектесуге шақырамын” деді Президент. Елбасының осы сөзі қызу қолдау тапты. Педагогикалық, медициналық жоғары оқу орындарының студенттерінің ауылдық жерлерге барып еңбек етеміз деп баспасөз беттерінде жария¬лаған үндеулері бұған дәлел. Бұл шаралар ауыл халқын тұрақтандыруға, олардың білім, денсаулық, мәдени дәрежесін дамытуға үлес қосатыны сөзсіз. Осы орайда, жазушы Ғабит Мүсіреповтің: “Ешкімнің ауылында тіл академиясы жоқ. Ана тіліміздің академиясы – қазақ халқы, көше жүрсе де, бытырай жүрсе де, оқымаса да ана тілін таза сақтаған” — деген сөздері ойға оралады. Иә, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған кейінгі жылдары іс-шаралар ана тілімізді де, осы тілде оқытатын мектептердің оқу-тәрбие жұмысын да жетілдіре түсетіні сөзсіз. Сол іс-шараларды атап өтудің өзі көңілге үлкен үміт ұялатады. Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік тілді дамытуға, оған қазақ мектебінің қосатын үлесін көрсетудегі мақсатымыз – биыл І сыныпқа баласын апаратын ата-аналарға, алдымен қазақтарға ой салу. Биылғы және алдағы таяу жылдары барлық І сыныпқа баратын балалар қазақ мектебінде оқуы керек. Бұл міндет қазақ халқының да, бүкіл еліміздің де келешегі үшін аса қажет. Осыған байланысты жалпы білім беретін қазақ орта мектебін бітіретін оқушының бірнеше артықшылығы болатынын ата-аналардың есіне сала кетейік. Ең алдымен, мұндай мектепті бітірген қазақ баласында тарихи сана, ұлттық сана, ұлттық намыс ойдағыдай қалыптасады. Бұл қасиетті сапалар жас азаматтың өзі өмір сүретін қоғамдағы орынын, атқаратын қызметін дұрыс анықтауға, елдің нағыз зиялы азаматы болып өсіп, жетілуіне көмектеседі. Бұл туралы қазіргі зиялыларымыз да жиі жазады. “Ең қорқыныштысы – ұлт тарихын білмейтін адам Отанын да сыйламайтын болады. Онда патриоттық тәрбие береміз, отаншылдыққа баулимыз дегеніміз бәрі бекершілік болып шығады. Ұлт тарихын білме¬ген адамнан ешқандай жақсылық күтуге болмайды” (Мырзатай Жолдасбеков. “Басталуы бар игі істің, тоқталуы болмасын”. “Қазақ әдебиеті”, 10. 11. 06). Қазақ орта мектебінің қазіргі оқу жоспары, оның он екі жылдыққа арналған жобасының мазмұнында ұлттық, халықтық болуға ерекше назар аударылған. Төрт жылдық бастауыштың өзінде ғана оқушы 2-3 мыңжылдық ұлттық өркениет тарихының ең таңдау¬лы мұраларынан сусындайды. Басқа тілде оқытатын бірде-бір мектеп мұндай міндетті орындай алмайды. Өйткені, олардың оқу жоспарында, әсіресе, бас¬тауыш қазақ мектебіндегіден елеулі айырмашылық бар. Қазір “қазақпын” деген әрбір азаматтың өз халқының адамзат қоғамына, оның тарихына ақысы кеткен халық екенін түсінетін уақыты болды. Соңғы үш ғасыр бойы отаршылдықтың қамытын киген қазақ халқы ұлттық қасиеттері мен ерекшеліктерінің бәрінен түгел дерлік айырылып, ұлт ретінде жойылып кетуге тақалған еді. Осы аса зор қауіптен тәуелсіздік құтқарды. Енді, сол тәуелсіздікті нығайтуға, халықтың қоғамға кеткен, тарихқа кеткен есесін қайтаруға алдымен нағыз ұлтжанды қазақтар кірісуі керек. Мұнан туындайтын алғашқы міндет І сыныпқа баратын баламызды қазақ мектебіне беру.
|