Map map map 7
 



 

no news in this list.



            


            







 

Қ.РАХЫМЖАНҰЛЫ, "Мектеп директорының беделін көтеру керек" мақала, "Егемен Қазақстан" газеті, 11.02.2004 ж.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім мен тәрби сапасын көтеру туралы әркез айтып келеді. Бірақ, бұдан қорытынды жасап, проблеманың себебін іздеп, анықтап, шаралар қолдаудың орнына, тиісті оргындар оқушылардың оқу деңгейін тексереміз, тесті жүргізіп жатырмыз, деп проблеманың салдарымен уақыт өткізуде. Әрине, мәселелердің салдарымен күресіп көзге түсуге болады. Әйтсе де келешегі жоқ іс, тез өшетін ізсіз қалатын жұмыс Қеңес дәуірі кезінде болған. Проблеманы айқындап, оны шешудің орнына ұран тастап науқанға айналдырып, қайшылықтарды жасырумен айналысқан. Бұл шенеуніктердің өзін өзі ақтап алу тәсілі еді. Қазір де жоғары шенді шенеуніктер әр іске күнде араласып, бәрін өздері шешуге ұмтылып жүр.

Нарықты экономикаға сай оқытып, білім сапасын көтеру орнына төмендетіп алғанымыз жасырын емес. Жоғары оқу орындарын бітірген жастардың арасында жұмыссыздық көбеюде. Бұл да толғақты мәселе болып тұр. Білім сапасының төмендеуі 1980 жылдардан басталып, осы күнге дейін жалғасып келе жатқанын бүгіп қала алмасақ керек.

Енді осы проблемалардан қалай құтылуға болады? Оны анықтап, арылу жолдары қайсы? Оқыту, білім беру, тәрбие үйрету тәсілдерінің сапасын көтеру тек оқу орындарының, олардың ұжымдарының жұмысы екені түсінікті. Және оған тікелей жауапты сол білім мекемелерінің бірінші басшысы болатыны да шындық.

Сонымен бүгінгі мектеп директоры деген кім? Ол ірілі-ұсақты шенеуніктердің тепкісінде жүрген, күнде жоғарыдағылардың керек, керек емес сұрақтарына жауап беруден жалыққан, мектептің бітпейтін шаруасынан қолы тие бермейтін, оны шешу үшін кім көрінгенге жалынышты, өзіне тиесілі жұмыстарымен айналысуға уақыты жетпейтін, мәртебесі анықталмаған, құқығы шектелген, мектеп ішінде жүрген бір адам десек қателесе қоймаспыз. Оған бұл арада мысал келтіріп жатудың артық санаймын. Әрине, қарсы дау айтатындар да табылар. Оған менің де уәжім баршылық.

Мектеп директорының Кеңес кезіндегі саяси-тәрбие жұмысы комсомол, партия қолында болды. Солардың ықпалында жүрді. Жұртшылықтың талқылауына ұсынылып отырған жобадағы: “білім беру жүйесінің нарықтық экономиканың, ашық азаматтық қоғамның қажеттіліктерінен қалыс қалуы айқын көрініп отыр” деп көрсетілуі мен айтқан жайларды меңзесе керек. Жас буынды нарықтық экономикаға сай оқытып, егеменді еліміздің патриотын тәрбиелегенде тек бір күндік өмірін ғана ойлайтын, басқа өмірін партияға тапсырған, Кеңес заманында тәрбиеленген ата-аналарды балалары арқылы жаңа заманға бейімдеу жұмысын директор басқарған ұжымға жүктеген жөн секілді. Өйткені, қазір көп жерлерде, әсіресе ауылда мемлекеттік мекемеден мектептің ғана қалғаны белгілі. Ендеше ол елдегі тәрбие орны да. Бірақ мектептің бар тірлігі әкімдердің құзырында. Бұл да заман талабы шығар. Сол мектеп басшысының мәртебесін көтеру туралы ұсынысымды төмендегіше білдірсем деп едім. Бірінші, мектеп директорын облыстық оқу-тәрбие (осылай атасақ жөн болар еді) департаменті бес он жылдық еңбек шартымен тағайындаса, әлгі департаменттің директорына облыс әкімінің орынбасары дәрежесі берілсе. Себебі, ол оқу тәрби жұмысын ұйымдастырушы ұсақ шенеунік емес, саяси қайраткер деп таныса. Әкімге жалтақтаған кейбір облыстардағы білім беру мекемелерінің басшылары аралас мектептерді азайта алмай, қазақ сыныптарын көбейтуге мүмкіндіктері болмай жүр ғой. Білім саласын басқаратын адамды биік деңгейден көрсек дегенге бір дәйек деп білем.

Екінші, мектеп директорының жұмысына шенеуніктер орынды орынсыз араласпау жағын ойластырсақ. Бұл жұмысты облыстық департамен өзінің оқу әдістемелік орталығы арқылы жүйелі жүргізіп отырғаны дұрыс. Үшінші, мектепті қаржыландыруды екіге бөлу керек секілді. Бірінші, мектеп ұжымының жалақысын облыстық қаржы департаменті арқылы әр мұғалімнің банктегі есеп- шотына аударып отырса, екінші, мектептің оқу-тәрбие жұмысына, өзге де шаруашылығына, яғни жөндеуге, күрделі жөндеуге, жылумен қамтамасыз етуге, ауыл мектептерінің отын-суына, көмірі мен жанар-жағар майына, интернаттарға, т.б. керек қаржыны аудан, қала әкімшіліктері арқылы шешуді жолға қойсақ. Бұл мектептің уақытынды жөндеуден өтпей қалуы, жылу неге жоқ деген сұрақтарды министрліктен, облыстық білім департаменттерінен сұрамай – осыған тікелей жауапты әкімнің бюджет және экономика жөніндегі орынбасарынан талап етілер еді. Төртінші, бір-біріне қарайлас ауылдағы шағын мектептер, орта мектептердің филиалдары болып есептелсе, ол мектептердегі оқу-тәрбие жұмысының сапасына орта мектеп директоры жауап берсе, басшы мен қосшы азайып, талап күшейер еді. Бесінші, мұғалімдерді жұмысқа алу, олардың шығармашылықпен жұмыс істеп, болашақ ізбасар дайындауды директорға тікелей жүктесек, қане.

Біз бұл ұсыныстарды ойласу ретінде, мектепке бірден-бір жауапты тұлға – директордың мәртебесін анықтауға септігі тиер деп айтып отырмыз. Әрине, директордың тізгін шылбырын өзіне ұстатып жіберейік деуден аулақпын. Жауапкершілікті мойнына артып, соны талап етсек деген ниет. Қазір кейбір директорлардың қынжылтар қылығы көп жағдайда сол жауапкершіліктің аздығынан, не өздері істеп жатыр ғойдан туындайтын секілді.

Шыны керек, мектеп директорын бұл қасиетті орынға өткелектен өткізіп, неше түрлі сынға салып барып бекіту керек. Онсыз жеңіл жолмен келгендер адам тағдырымен ойнауды шығарады. Өз ісіне берілген жақсы мұғалімдерді қудалап, жандайшаптарды қолдап, білім мен тәрбиеге емес билікке ұмтылушылық сондайлардың арасынан төбе көрсетеді.

Сонымен мектеп директорының деңгейін көтеру деген мәселе мектептің дәрежесін биіктету болып есептеледі. Егер біз осыны жүзеге асыра алсақ, жастарымыз білімді де, білікті, сырттан келетін зиянды жат қылықтарға қарсы тұра алатын, іштегі кертартпа әдеттерді серпіп тастайтын азамат болып өсері анық. Мен бұл ойларымды елу жылға жуық білім саласында қарапайым мұғалімнен басшы қызметтер атқарғандықтан ортаға салып отырмын.