- Жақсыбек Әбдірахметұлы, өткен жылдың соңында баспасөз беттерінде “Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасы” жобасы жарияланды. Қалың көпшіліктің талқылануына ұсылынып отырған бұл құжаттың ішкі мазмұны мен сипаты ешкімді де бейжай қалдырмайтыны түсінікті. Сондықтан да алуан түрлі пікірдің айтылуы орынды. Бұл Тұжырымдама, сіздіңше, еліміздің білім жүйесінде реформалық өзгерістер жасау қажеттілігінен туындайтын қандай бағыт-бағдарды, мақсатты алға қойып отыр? Және ол неге "2015 жылға дейін” дейтін мерзімге белгіленген? - Еліміз тәуелсіздігінің он екі жылында қоғамда, елдің сана-сезімінде түбегейлі өзгерістер болды. Әлеуметтік-экономикалық саланың дамуы нарықтық принциптерге негізделіп, жаңа өндірістік қатынастар қалыптасты. Жеке тұлғаларға молынан еркіндік беріліп, олардың қандай да болмасын заңды кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасалуда. Осының арқасында елімізде нарықтық экономика қалыптасып, оны АҚШ-пен қатар Еуропа одағы мойындағанын бәріміз білеміз. Соңғы төрт жылда еліміздің экономикасының орташа өсу қарқыны 10 пайызға жақын болып отыр. Экономиканың жоғарғы қарқынмен дамуына инвестицияның ықпалы зор болатынын соңғы кезеңде барлық оқырман жақсы түсінетін болды. Сондықтан, егемендік алған алғашқы күннен бастап, Елбасы жүргізген саясат инвесторлар үшін ішкі дүниесі мен сауда-кедендік қағидалары түсінікті, мейлінше ырықтанған экономика құру болатын. Осы бағытта біз үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Оның нақты дәлелі шетелден келген ауқымды инвестициялармен қатар, көптеп ашылып жатқан біріккен кәсіпорындар мен трансұлттық компаниялардың санының өсуі. Осындай түбегейлі өзгерістердің біз өмір сүріп отырған кезеңде орын алуы Қазақстан мемлекетін дүниежүзілік экономикалық қауымдастыққа толық мүше етіп қана қоймай, еліміздің ішкі рыногын да әлемдік рыноктың бір бөлігіне айналдырады. Мұның өзі бәсекелестікті күшейтіп, экономиканың қай саласында болмасын жұмыс пен қызметті ұйымдастыруды әлемдік талаптармен үндестіруді қажет етуде. Білім мен ғылым саласының алдында да жаңа талаптар пайда болуда. Мысалы, елімізде көптеген шетелдік компаниялардың жұмыс істейтіндігін, олардың шет тілін еркін меңгеріп, әлемдік талаптарға сай қызмет көрсете алатын мамандарды жұмысқа шақыратындығын бәріміз білеміз. Отандық компанияларымыз да алыс-жақын шет елдермен сауда-экономикалық қатынастарын ұлғайтқан сайын, шетел компаниялары секілді, ағылшын тілін жетік білетін, өз саласында әлемдік талаптарға сай қызмет көрсете алатын мамандарды іздеуде. Әрине бұл кең етек алып келе жатқан еңбек рыногында кездесетін жаңа құбылыстың бір көрінісі. Бұл үздіксіз процесс, сондықтан оны тоқтату мүмкін емес. Олай болса, біз білім саласын қоғамның осындай жаңа талаптарына бейімдеуіміз қажет. Жұртшылықтың талқылауына ұсынып отырған “Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасының” негізгі мақсаты – білім беру жүйесінің барлық деңгейінде қоғамның жаңа талаптарына сәйкес келетін білімді, кәсіби біліктілігі жоғары жастарды тәрбиелеуге қол жеткізетін сапалы, бәсекеге қабілетті білім ордаларын қалыптастыру. Әрине, аталған мақсатқа қол жеткізу үшін әлемнің жетекші елдерінде қалыптасқан білім берудің мол тәжірибесін жан-жақты зерттеп, ұтымды жақтарын алуға тырыстық. Қазіргі кезде әлемнің 80%-дан астам мемлекеттерінде орта білім берудің мерзімі кемінде 12 жыл. Мұның өзі соңғы 20–30 жылда ғылым мен техниканың орасан зор жетістіктерге қол жеткізіп, қоғамның әр түрлі саласында жаңа технологиялардың кеңінен пайдалануынан туындаған жағдай. Жастарды жаңа кезеңнің қатаң талаптарына сай өмірге баулу үшін, оларға бұрынғыдан да мол, бұрынғыдан да жоғары деңгейде білім беру қажет. Осы өзекті мәселені шешудің бірден-бір жолы ретінде дүниежүзілік қауымдастық 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуде. Біздің елімізде де жаңа әлеуметтік-экономикалық қатынастар қалыптасуда, өмірдің барлық саласында ақпараттық, компьютерлік техникалар кеңінен пайдалануда, көптеген жастар үшін қарапайым экономикалық білім алу өмірлік қажеттілікке айналуда, демократиялық қоғамға сай өзіндік көзқарасы бар, саяси түсінігі мол азамат дайындауда 12 жылдық білім беру жүйесіне өтуді талап етіп отыр. Жалпы білім беру саласы өте сезімтал, адам тағдырына үлкен әсер ететінін бәріміз жақсы білеміз. Бұл салада реформа жасау да оңай шаруа емес, өйткені міндеттеген өзгерістерді толыққанды іске асыру үшін білікті педагогтармен қатар жаңа буын оқулықтар дайындау қажет, көптеген білім беру орындарының материалдық-техникалық базаларын жетілдіру керек және т.б. Сондықтан осы салада үлкен реформа жасау үшін ел экономикасы қосымша қаражаттар бөлуге дайын болып, қоғамда түбегейлі өзгерістерге деген нақты сұраныс қалыптасуы қажет. Біздің елімізде осы екі жағдай қазір бар. Біріншіден, еліміздің экономикасы қарқынды дамып келеді және осы процеске тұрақты сипат беру үшін арнайы 2015 жылға дейінгі Индустриялдық-инновациялық даму стратегиясы қабылданды. Осы стратегияға сәйкес білім мен ғылым саласының алдына жаңа міндеттер қойылып, қаржыландырудың жаңа нысандары айқындалған. Екіншіден, халықтың басым көпшілігі білім беру жүйесінің бүгінгі жағдайына алаңдатушылық білдіріп, жаңалық енгізуді талап етіп отыр. Сол себепті, бұл тұжырымдаманың туындауында осындай объективті себептер бар десек қателеспейміз. Білім беру саласында жылдам реформа жасап, тез арада білікті маман даярлау мүмкін емес. Оған кемінде 10–15 жылдай уақыт қажет. Сондықтан біздің Тұжырымдама да 2015 жылға дейінгі мерзімге арналған. - Жалпы білім беру жүйесінде үйреншікті дағдыдан үйлесімді, күрделі сабақтастықтарды қамтуға ұмтылатын көп деңгейлі оқуға әркімді психологиялық жағынан әзірлеу ісі де шешуші рөл атқаратынын, әрине, естен шығаруға болмайды. Тегінде, бізде білім реформасы жайында сөз айтыла қалса, оған әлдеқандай үреймен немесе сынай қараушылық, ескі әдетпен үнсіз қалу немесе тартыншықтау күші басып тұрады. Мұның қандай себептері бар? Министрлік тарапынан бұл көңіл-күй ауанына қоғамдық сұрау салу қорытындысы қандай нәтиже көрсеткенін айтсаңыз. - Осы салада жүргізілетін барлық өзгерістер арнайы психологиялық дайындықты қажет ететіні рас. Оның бірнеше себептері бар. Мысалы, арнайы жүргізілген психологиялық зерттеулердің нәтижесі бойынша, халықтың 90 пайызы үйреншікті дағдыдан шығуға ынталы болмайды. Ал білім саласының реформасына келетін болсақ, онда өзгерісті бірден қолдайтын халықтың үлес салмағы 10 пайыздан да аз болуы мүмкін. Осы жағдайды ескере отырып, біз Тұжырымдаманы халықтың талқылауына ұсынып отырмыз. Бұл құжатты жан-жақты талдау барысында әр түрлі пікірлер айтылып, бәріміздің осы саланы өзгертуге бағытталған нақты шаралар туралы мәліметіміз толығып, бір тұжырымға келуімізге қол жетеді деген ойдамын. - Тұжырымдамада алдағы жылдары орта мектепте бірте-бірте он екі жылдық білім беруге көшу жайы да айтылған. Бұл баршаға мәлім де беймәлім жағдай. Оның өзіндік қиындықтары да бар болар. Алты жастан мектепке барып, оны бітіргенше бала әскер қатарына шақырылатын жасқа да жетеді. Жаңа оқулық кітаптары да қажет етіледі. Мұны шешудің қандай жолы қарастырылған? Жалпы бұл мәселе халықаралық тәжірибеде өзінің қандай артықшылықтарын көрсетіп отыр, осы жағын кеңірек түсіндіріп берсеңіз? - Тұжырымдаманың мазмұнына тоқталатын болсақ, онда білім берудің барлық деңгейінде әлемдік талаптарға сай өзгеріс енгізу көзделген. Мәселен, жастарды білікті маман, озық ойлы азамат етіп қалыптастыру үшін оларға бала күнінен бастап жүйелі тәрбие беру қажет. Сондықтан Тұжырымдамада мектепалды тәрбие мен оқытуды жетілдірудің жаңа тұстары айқындалып, олар нақты басымдылықтар түрінде белгіленіп отыр. Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту азаматтарға үздіксіз білім берудің ең басты деңгейі ретінде қарастырылған. Білім берудің осы деңгейінде қалыптасқан қазіргі жағдай көпшілікті ерекше алаңдатуда. Өйткені, соңғы кезеңде орын алған экономикалық қиындықтарға байланысты көптеген балабақшалар мен тәрбие орындары жабылып, балалардың білім берудің осы деңгейімен қамтылуы 18–19 пайызға дейін төмендеді. Соның салдарынан жасөспірімдердің мектеп жағдайына бейімделуі төмендеп, оларға бастауыш білім беруде бірсыпыра жаңа проблемалар пайда болуда. Сондықтан осы мәселелерді толыққанды шешу үшін мектепке дейінгі тәрбие және оқыту процестерінің ауқымын кеңейтіп, баланың білім алуына қажет жаңа мүмкіндіктерді қамтамасыз ету керек. Ол үшін осы деңгейде қызмет көрсететін ұйымдар мен арнайы оқу бағдарламаларын қаржыландырудың жаңа нысандарын қалыптастыру міндеті тұр. Енді, орта білім беру проблемасына ойыссақ, онда бұл саланың үздіксіз білім беру жүйесінің базалық буыны екенін және осы деңгейдің жастарға саналы тәрбие, сапалы білім беріп, елжанды азамат етіп қалыптастыруда атқарар рөлі зор екенін естен шығармауымыз қажет. Тұжырымдамада қарастырып отырған өзгерістердің негізгі басымдылықтары білім берудің осы деңгейінің жұмысын жандандыруға бағытталған. Білім берудің 12 жылдық моделіне өту және оқушылардың жеке қабілеттерін дамытуға бағытталған жоғарғы сатыдағы бейіндік және кәсіптік бағдарлы оқыту жүйесін қалыптастыру ең күрделі ұсыныстардың бірі. Дегенмен, бұл ұсыныс бұған дейін де Парламентте, Үкіметтің арнайы жиналыстарында мамандардың қатысуымен алдын-ала талқылаудан өтіп, қолдау тапқан ұсыныс. Әрине, бұл ұсынысты қабылдамауға да болады, өйткені жастарға білім беру мәселесі, ол кез келген мемлекеттің ішкі проблемасы. Біздің жасөспірімдерімізді сырттан келіп ешқандай мемлекет өз қаражатына оқытпайды. Солай дегенімен, қазіргі интеграциялық процестер кең ауқым алған заманда, негізгі сауда-экономикалық қатынастар дүниежүзілік талаптар мен заңдылықтарға сәйкес жүргізіліп отырған кезеңде білім беру саласы әлемдік білім беру талаптарынан кенжелеп қалмауы тиіс және сол талаптарға қайшы келе алмайды. Керісінше, біз Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік білім кеңістігіне үйлестіруге мейлінше ұмтылуымыз қажет. Орта білім беру жүйесіндегі әлемдік талаптардың негізгі талаптардың бірі -мерзімі жағынан 12 жылдан кем емес оқыту жүйесін орнықтыру, жоғарғы сатыларда жастардың жеке қабілетін дамытуға жағдай тудыратын дербес пәндерді тереңдете оқыта отырып, оқушылардың кәсіби біліктіліктерін жетілдіретін бейінді оқыту жүйесін қалыптастыру. Бұл ұсыныстың негізінде біздің еліміз 1997 жылы қабылданған Лиссабон конвенциясының талаптары жатыр. Білім берудің 12 жылдық моделіне өту, әрине, көптеген дайындық жұмыстарын қажет етеді. Ол үшін жаңа оқу бағдарламаларымен қатар, оқу стандарттарын дайындау қажет. Көптеген мектептердің материалдық-техникалық базаларын нығайтып, жаңа ақпараттық, компьютерлік жабдықтармен жұмыс істеуге көшу керек. Бұған жаңа оқулықтар дайындалып, педагогтардың біліктіліктері жетілдірілу ісін қосыңыз. Мұның бәрі тек ұйымдастыру шараларын ғана емес, үлкен қаражатты қажет етеді. Сондықтан бұл өзгерісті іске асыру үшін ел экономикасының дайындығы жоғары болуы шарт. Жоғарыда айтқанымдай, елдің экономикалық ахуалы мен соңғы 7–8 жылда жинақталған тәжірибенің нәтижесі бұл істі жүзеге асыруға барлық мүмкіндік бар екенін дәлелдеп отыр. Сондықтан, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуді кейінге қалдыра беруге болмайды. - Студенттің өз дәрежесінде тұлға болып қалыптасуы оларға дәріс беретін педагог-ғалымдардың біліктілігі талапқа сай болуы керек емес пе? Өйткені, бірқатар ұстаздардың білімі мен біліктілігі көңіл көншітпейтіні жасырын емес. Оқушыларға да, студенттерге де аудиторияларда сынақ кітапшасына бағаны “ақылы” жолмен қойып беретіндер де бар. Бүл теріс құбылыстың жолы қалай кесіледі? Тұжырымдама талаптары пәрменді тетік бола ала ма? Енді жоғары білім беру мәселелері туралы сөз қозғайтын болсақ, онда бұл салада да бірыңғай жаңалықтар ұсынылып отыр. Оның барлығы қоғамның және тұлғаның сапалы жоғары білім алуға деген мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған. Білім жүйесінің барлық деңгейлерінде келеңсіз сәттерді тудыратын білім берудің сапасын субъективті бағалау басым болып отырғаны бәрімізге мәлім. Осы орайда біріншіден, білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін енгізу көзделіп отыр. Екіншіден, оқу процесін ұйымдастырудың технологиясын жаңаша жүргізуді енгізудеміз, атап айтқанда күнделікті бақылауды қарастыратын оқытудың кредиттiк жүйесiн жүзеге асыру осы міндеттерді іске асырудың бірден бір дұрыс жолы деп санаймыз. Үшіншіден, 2-ші, 3-ші курстан кейін аралық мемлекеттік бақылау және жоғары оқу орнын бітірушілерге дербес бақылауды енгізу білім сапасын арттыруға жол ашады, әрі оқытушылардың да жауапкершілігін күшейтеді. - Сапасыз білімнен жеке адам ғана емес, қоғам зардап шегеді. Ал, сол сапасыз білімге ие болып отырғандар да, сапасыз білім беріп отырғандар да қатаң қадағалау мен бақылауды әуелі өздері сезінбейінше, бұл қоғамдық ой-сананың өзгеруі қиын болар, сірә? Педагогикалық кадрларға қойылатын талап ендігі жерде қандай болмақ? - Сараптама деректеріне сүйенсек 2003-2004 оқу жылындағы түсу емтихандарының қорытындылары бойынша жалпы тестілеуден өткендердің 28 пайызы білім деңгейлерінің 40 балдан төмен екенін көрсетті. Бұл мектеп түлектерінің білім сапасының қандай екенін байқатады. Дұрыс айтасыз, сапасыз білім алып отырғандар да, сапасыз білім беріп отырғандар да мемлекет тарапынан қатаң қадағалауды сезінуі қажет. Онсыз қазіргі білім сапасын көтеруде қалыптасқан қоғамдық сананы өзгерту қиын. Иә, жалпы білім ұйымдарындағы білімнің сапасын арттыру оқу орындарының қазіргі қоғамның талапқа сай жаңа технологиямен қамтамасыз етуге және педагог кадрлардың жоғары білімділігіне тікелей байланысты. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі 2004 жылы мектеп бітірушілердің білімін бағалауды және түсу емтиханын біріктіріп, алғаш рет Ұлттық біртұтас тест өткізуге даярлық жұмысын жүргізуде. Бұл тестілеу жүйесі арқылы мектеп бітірушілердің білім деңгейі ғана емес, оларды оқытушы педагог кадрлардың да біліктілік деңгейі анықталады. Биылғы жылдан бастап жоғары оқу орындарында оқитын 2-ші курс студеттерінің арасында мемлекеттік курсаралық бақылау тесті өткізілмек. Бұл студенттердің білім алудағы жауапкершілігін арттырумен қатар сол жоғары оқу орындарында сабақ беретін педагогтардың білім берудегі жауапкершілігін күшейтеді. Сондай -ақ, білім мекемелері басшыларының ұйымдастыру жұмысын дұрыс жолға қоюына ықпал ететін болады. Яғни білім ұйымдарының басшылары білім менеджментіне басты назар аударады. Сол арқылы педагог кадрлардың білімі, біліктілігі іскерлігі қоғамның талабына сай деңгейге көтеріледі деп күтілуде. - Жалған ғылыми атақ алу, басқалардың қолымен ғылыми еңбек жазу етек алып барады. Бұған қашан тосқауыл қойылады? Қазiргi уақытта министрлiк тарапынан ғылыми дәреже алушылардың бiлiм деңгейiне қойылатын талаптар мен диссертациялық жұмыстардың сапасын бақылауды күшейту бойынша бiршама жұмыстар атқарылуда. Диссертацияларға тәуелсiз экспертиза жасау жүйесi жетiлдiрiлуде. Осы орайда бiз Үкiметке эксперттердiң еңбегiне ақы төлеу жөнiнде ұсыныс енгiзген едiк. Бiздiң ойымызша бұл жағдайда сапалы жұмыс даярлауға екi жақ та мүдделi болады. Аймақтарда кандидаттық емтихан қабылдайтын тәуелсiз орталықтар құруды жоспарлап отырмыз. Шет тiлдерiнен халықаралық стандартталған тест жүйесi енгiзiлмек. Мысалы ағылшын тiлi бойынша TOEFL, сонымен қатар бiлiмдi бағалау үшiн тестiк технологияларды қолдану көзделген. Бiрақ барлық проблема әкiмшiлiк шарамен шешiлуi мүмкiн емес, адамдардың сана - сезiмiнде, түсiнiгiнде жаңаша көзқарас қалыптастыру керек деп ойлаймын. - Қазіргі тест жүйесімен сынақ тапсырып, алғашқы мемлекеттік грант пен несиеге ие болғандар биыл қолдарына диплом алды. Мемлекеттік тапсырыспен білім алған жастардың бұдан кейінгі тағдыры, яғни өз мамандығымен жүмыс табуы, бұл қоғамға бір кірпіш болып қалануы белгілі бір жүйеде қадағаланып отыр ма? Бұдан қажетті мамандықты жоспарлау қалай жүргізілмек деген сұрақ туындайды. - Мемлекеттік тапсырыс аясында жоғары оқу орындарын бітірушілерді алған мамандықтарына қарай жұмысқа орналастыру мәселесі министрліктің назарында тұр. Осыған байланысты жоғары оқу орындарының жанында бітірушілерді жұмысқа орналастыруға ықпал ететін Орталықтар құрыла бастады. Ол орталықтар жұмыс берушілермен, аймақтық әкімдіктермен тікелей байланыста жұмыс істейді, ең алдымен ауылдық жерлерді қажетті мамандармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігі әзірлеп жатқан, 2005-2007 жылдарға арналған халықты жұмыспен қамтамасыз ету бағдарламасының жобасына да енгізілген. Жұмысқа орналастыру мәселелері мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың назарында. ҚР жұмыс берушілер конфедерациясы, Еуразиялық өндірістік ассоциациясы және жоғары оқу орындарының “Білім және карьера” ақпараттық-аналитикалық орталығының қатысуымен мемлекеттік тапсырыс бойынша жоғары оқу орындарын бітірушілерді жұмысқа орналастыру проблемалары бірнеше рет талқыланды. Өткен жылғы 15 ақпан мен 15 наурыз аралығында республика көлемінде бірінші кезекте мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған мамандарды жұмысқа орналастыру акциясы болды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2003 жылы жоғары оқу орнын бітірушілердің 82 пайызға жуығы жұмысқа орналасты. Осындай іс-шаралар биылғы жылы да жалғастырылуда. - Биыл тестің жаңа жүйесі енгізілгенде мектеп оқушысының білімін тәуелсіз бағалау жүйесі қалай жүзеге асырылады? - Иә, биыл ұлттық бiрыңғай тестiлеу енгiзiлмек. Ұлттық бiрыңғай тестiлеу (ҰБТ) орта мектеп бiтiрушiлерiнiң мемлекеттiк қорытынды аттестациясы мен кәсiби жоғары және орта (колледждер) бiлiм ұйымдарына қабылдау емтихандарын бiрiктiредi. Оның нәтижесiнде оқушыға аттестат пен кәсiби бiлiм беретiн оқу орнына қабылдау конкурсына қатысуәа сертификат берiледi. Сертификат күшi 1 жылға арналған. Және ҰБТ бiрнеше жылдан берi қолданылып келе жатқан кешендi тестiлеу технологиясы арқылы өткiзiледi. - “40 баллға дейiнгiлердiң” тағдыры қалай шешiлетiн болады? - Мектеп бiтiрушi ҰБТ қорытындысы бойынша 40 балл жинай алмаған жағдайда оданжалпы орта бiлiм туралы аттестат берiледi. Аттестатқа мектептегi қорытынды баға қойылады. Бiрақ бұл мектеп бiтiрушi жоғары оқу орнына түсу конкурсына қатыса алмайды. Жоғары оқу орнына келесi жылғы дәстүрлi кешендi тестiлеудi тапсыру арқылы түсуге мүмкiндiгi бар. - Бір қатар ғалым-оқымыстылар білім берудің ұлттық моделі жөнінде орнықты ой тоғыстырады. Бұл қажетті модельдің жалпы түсініктемесін ұғуға болады. Оның ең басты ерекшеліктері неде деп ойлайсыз? - Қазақстандық білім берудің ұлттық моделін жасауда нәтижеге бағытталған үш деңгейлі мақсаттар жүйесі негізге алынды. Біздің еліміз үшін білім берудің ұлттық мақсаттары ретінде үш тілді білу, еуразиялық көп мәдениеттілік, коммуникативтілік, технократтылық және т.б. сол сияқты кең ауқымды базалық біліктіліктер қарастырылған. Біздің жаңа ұлттық білім беру моделіміз әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдастырылған және жеке тұлға мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, көп деңгейлі әрі үздіксіз білім беру сипаттарымен ерекшеленбек. - Сіздің министр болып келуіңізбен тұспа-тұс еліміздегі педагогикалық университеттерді қайтадан қалпына келтіру колға алынды. Бұл туралы Елбасы да қадап айтты. Атақты КазПИ ұлттық мәртебеге ие болды. Бұған қоса тағы бес қалада педагогикалық институттар ашылатынын айтып қалып едіңіз. Ол жоғары оқу орындары қашан ашылады? - Педагогикалық кадрларды даярлау 30 мемлекеттiк және акционерлiк жоғары оқу орындарында, сонымен қатар 50 мемлекеттiк емес бiлiм ұйымдарында 19 мамандық бойынша жүргiзiледi. Бұл мамандықтарға мемлекеттiк тапсырыс жыл сайын өсуде: соңғы 4 жылда 1212-ге артқан. Олардың жартысынан астамы мемлекеттiк тiлде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, тек қана педагогикалық мамандықтар бойынша сырттай оқуға мемлекеттiк тапсырыс сақталғаны да көп жайттың мәнін аша түседі. Елбасының арнайы тапсырмасымен Тараз, Ақтөбе, Павлодар, Семей және Қостанай қалаларында педагогикалық жоғары оқу орындарын қайта құру мәселесi қолға алынды. Қазiргi кезде осыған байланысты қаулы жобасы Үкiметте қаралуда. - Министрлік алға қойған түпкі мақсаттың орындалуы үшін білім мен ғылым шаңырақтарында әлеуетті қолдаушылар ортасы жеткілікті деп ойлайсыз ба? - Министрлікте жасалып жатқан жаңа қадам, тың өзгерістер заман талабынан, өмірлік қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл бастамалар әлемдік деңгейде зерттелген, ғылыми тұрғыда негізделген, көптеген елдердің тәжірибесінде бар болғандықтан, педагогикалық қауым дұрыс қабылдайды деген ойдамыз және оны көріп те отырмыз. Қазақстан әлемдік қауымдастық қатарында басқа елдермен терезесі тең дәрежеге қол жеткізуі үшін, жас ұрпақтың нұрлы болашағы үшін осындай батыл қадамдарға баруымыз керек. Министрліктің қоғам игілігі, елдің өркендеп дамуы үшін қолға алған ісін білім беру және ғылым саласы қызметкерлерінің қолдайтынына, барынша ат салысатынына сенімдімін. - Әңгімеңізге рахмет. <dir> Әңгімелескен Мейрамбек Төлепберген, </dir> “Егемен Қазақстан” 9 қаңтар, 2004 ж. |