-Жақсыбек Әбдірахметұлы! “Халыққа әуелі нан, одан кейін мектеп керек” деген екен сонау 18 ғасырда француз ойшылы Жорж Жак Дактон. Бұл – кімді де болса ойландыратын тұжырым. Өйткені кез келген елдің болашағы, даму мүмкіндігі оның халқының білім деңгейімен тікелей байланысты. Сондықтан кімді тәрбиелеп жатырмыз, қалай тәрбиелеп жатырмыз деген мәселе, әсіресе еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда, бұрынғыдан да өткір, бұрынғыдан да маңызды қойылып, туған елінің ертеңін ойлайтын кез келген азаматты толғандыратын нағыз көкейтесті, аса күрделі сұраққа айналды. Әңгімеміздің әлқиссасын осындай мәселелер төңірегінде өрбітсек? -Қай саладағы болмасын өзгерістерді байқау, нақты сезіну үшін оның бүгінгі жағдайын белгілі бір кезеңдегі деңгеймен салыстыра қарау керек. Әңгіме арқауына айналып отырған білім беру саласын алсақ, мұндағы еліміз тәуелсіздік алған тұстағы көрініс пен қазіргі ахуалдың арасы жер мен көктей. Біріншіден, осы мерзім ішінде жалпыға бірдей он бір жылдық білім беру жүйесіне көштік. Екіншіден, өз дербестігімізге, өз ерекшеліктерімізге сәйкес оқу құралдары дайындалды. Бұл процесс толассыз жүріп жатыр, уақыт талабына сай жалғаса беретін үздіксіз үрдіс деуге болады. Үшіншіден, мектептерді ақпараттық технологиямен, яғни компьютерлермен жабдықтауға барынша күш салып, бұл шаруаны толық аяқтаудың табалдырығынан аттар жерде тұрмыз. Төртіншіден, 1997-1998 жылдардан бастап тәжірибеден өткен жоғары оқу орындарына қабылдау барысындағы кешенді тестілеуден ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жүйесіне көштік. Ал, енді, жоғары білім беру жағдайына келсек, 1997-1999 жылдары бакалаврлар мен магистрлер дайындау жүйесіне көше бастадық, бұл уақыт алға тартқан талап еді.Ашығын айту керек, оны аяғына дейін жеткізе алмадық, осынау екі деңгейлік процесті жетілдіре түспей, бір орында таптауырындап, бөгеліп қалдық… Осы кезең ішінде бұлардан басқа білім беру саласында айрықша мән беріп, айта қоярлықтай түбегейлі өзгерістер бола қойған жоқ. -Білім берудің 2015 жылға дейін жүзеге асырылатын тұжырымдамасы нені көздейді, оны өмірге енгізудің қазіргі деңгейі қандай және таяу болашақта не істелінеді деген сұрақтар көпшіліктің көкейінде… -Бүгінгі білім саласындағы өзгерістердің барлығы дерлік бұрынғы басталған істердің заңды жалғасы. Олар тек 2015 жылдарға дейінгі білім тұжырымдамасынан нақты көрініс тапқан. Қабылданған тұжырымдаманы халыққа білім берудегі мемлекеттік көзқарас, мемлекеттік қолдау, тіпті мемлекеттік доктрина десек, қателесе қоймаймыз. Жалпы білім, кәсіптік білім, жоғары білім, ғылыми қызметкерлер даярлау – осы тұжырымдаманың басты тармақтары, осы доктринаның негізгі салалары. Қазіргі уақыттағы жаһандастыру жағдайында әлемдегі жүріп жатқан процестер мен өзімізде қалыптасқан ұтымды дәстүрлер мен оңтайлы ерекшеліктерді ескере отырып, еліміздің ұлттық білім беру моделін жедел қалыптастыруымыз керек. Біз интеграция мен жаһандастыру қатар жүріп жатқан заманның талабына сай жұмыс істеуге тиіспіз. Ертеңгі күн әкелер ерекшеліктерге өркениеттілік тұрғыдан білім берудің ұлттық моделін заман талабына, уақыт көшіне әрдайым ілесе алатындай дәрежеде қалыптастырғанда ғана дайын тұратын боламыз. Онсыз біз көштен қаламыз. Білім берудің әр деңгейіне тоқталатын болсақ, тұжырымдамада көзделген он екі жылдық білім беру жүйесіне әлемдік алдыңғы қатарлы өндірісі мен экономикасы өркендеген елдердің барлығы дерлік баяғыда көшіп алған. Біз де осы он екі жылдық жүйеге көшеміз, оның үстіне жоғары сыныптарда бейімді білім беруге баса назар аударылады. Тұжырымдамада жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде де түбегейлі өзгерістер бар. Жоғары оқу орындары тарбейімді мамандар даярлаудан өндіріс пен рыноктың шұғыл өзгеретін жағдайларына және ашық азаматтық қоғамның талаптарына көбірек икемделінген кеңбейімді мамандарды даярлауға көшетін болады. Бұрын болашақ маман бір бағытта ғана даярланса, ендігі жерде ол жоғары оқу орнында мамандықтың негізін меңгеріп, одан арғы жерде өндіріс пен экономиканың қалаған саласы бойынша қажетті білімді өздігінен игеріп, меңгеріп кетуге икем болып даярланады. Жоғары білім алудың бірінші сатысы бакалаврлық бағдарлама арқылы жүзеге асырылады. Оқу мерзімі төрт жыл. Бакалавр дәрежесін алғандар ғылыми және кәсіптік деңгейлерін магистратурада жетілдіре алады. Магистрлік дәреже алу үшін бір-екі жыл оқу керек. Біз бұл жүйеге биылғы және келесі оқу жылдарында толық көшуді көздеп отырмыз.Жоғары білікті мамандар даярлаудың соңғы сатысы – халықаралық стандарттарға сәйкес докторлық дәреже алу, оның оқу мерзімі үш жыл. Осылайша ұлттық білім жүйесін өзімізде қалыптасқан дәстүр мен заман алға тартып жатқан инновацияны ұштастыра отырып, бүкіләлемдік интеграцияға бейімдеу қадамдарын жасап жатырмыз деп ойлаймын. -Биыл өткізілген Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) көп мәселенің басын ашып, негізгі көздеген мақсатқа толығынан жеткізді деп айтуға болады. Олардың ең бастысы - жастарға білім берудің сапалық деңгейін анықтауға қажетті көрсеткіштерге, орасан зор тікелей және жанама мәліметтердің базасына ие болдық. Елімізде жалпы орта білім беру саласында революция жүріп өтті десек, қателесе қоймайтын секілдіміз. ҰБТ – республика мектептеріндегі қалыптасқан үрдістің, бұқараның бойы әбден үйренген жағдайлардың бұрын көзге көп көріне қоймайтын ұңғыл-шұңғыл, қалтарыс-жалтарыстарына дейін айнаға салғандай көз алдымызға әкеліп, жарқыратып көрсетіп берді. Оған дайындық қалай жүрді? -Ұлттық бірыңғай тестілеудің енгізілуі Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесіне білім беру деңгейін бағалаудың тәуелсіз ұлттық жүйесін құру жолындағы қажетті шаралардың бірі деп есептеген дұрыс болар. ҰБТ –ның енгізілуі үшін тәуелсіз бағалауды толық қамтамасыз ететін “кешенді тест өткізу технологиясы”, 1999 жылдан бері Қазақстанның жоғары оқу орындарына қабылдау емтиханында қолданылып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген болатын. Осы жылдар ішінде аталмыш технологияның жекелеген әдістері жетілдіріліп, білім беру мекемелерінің деңгейі туралы көптеген қажетті ақпараттар алу мүмкіндігіне қол жеткізілді. Атап айтқанда мектеп түлектерінің білім сапасын сараптау, әр түрлі деңгейде жұмыс істеп жүрген білім беру мамандарының өз міндетін атқарудағы жетістіктері мен олқылықтарына салыстырмалы түрде баға беру, пәндер бойынша білім берудегі кемшіліктер т.б… Бірақ осы дайын технологияны жаңа мақсатқа (ҰБТ-ға) бейімдеу үшін орасан зор заңдық негіз құру және ұйымдастыру мәселелерін шешу қажет болатын. Бұл орайда Үкімет тарапынан тиісті қажетті Қаулылар қабылданып, қажетті техникалармен қамтамасыз етілген жаңа орталықтар ашу үшін дер кезінде қаражаттар бөлінді. Барлық облыстарда жаңа ашылған орталықтар және облыстық, аудандық білім беру басқармалары арқылы қажетті ақпараттарды кеңінен тарату жолында ықпалды шаралар қолданылды. Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығымен барлық мектептерді қамтитын “байқау сынағы” ұйымдастырылды. Министрлік және БТСМҰО қызметкерлерінің қатысуымен жер-жерде арнайы семинарлар өткізді. Бұқаралық ақпарат құралдарында ҰБТ кеңінен насихатталып, Білім және ғылым министрлігінің сайтында “Талапкер” атты айдар ашылды.Ең соңында емтихан өткізу қарсаңында арнайы ҰБТ өткізілу орталықтарында қосымша ұғындыру жұмыстары өткізілді. -Білім және ғылым министрлігінің тыныс-тіршілігі, атқарып жатқан жұмысы, қай министрдің тұсында болмасын, қоғамның, көпшілік қауымның назарынан тыс қалып көрген жоқ. ҰБТ-ға байланысты мерзімді баспасөз беттерінде сын да, пайым-парасатты пікірлер де жарық көріп жатыр. Әрине, тестілеу төңірегінде көп әңгіме айтуға болады, тіпті мұның түбі жоқ тақырып десек те қателеспейміз. ҰБТ нәтижесінде талапкерлерге берілетін сертификаттан басқа тағы да қандай қорытындылар шығарылмақ? -Қандай жұмыс болмасын, оның түпкі нәтижесімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда ҰБТ республикамыздағы негізгі пәндерден сабақ беретін әрбір мұғалімнің жұмыс сапасынан бастап, әрбір аудан қаладағы, әрбір облыстағы білім басқармаларының басы-қасында отырған бірінші басшылардың өздеріне жүктелген міндеттерді қалай атқарып отырғандығын да нақты көрсетіп өтті. Тек бір ғана осы нәтиже,осы көрсеткіш үшін-ақ елдің аузынан түспес тақырыпқа айналып, талқылауға ұшырап келе жатқан тестілеу әдісін ақтап алуға болады, оны осы бүгінгі таңдағы білім беру сапасына тәуелсіз баға берудің, сырттай бақылау жасаудың тиімді, пәрменді әдісі деуге болады. Әрине тестілеу процестері төңірегінде көп сын айтуға болады, тіпті мұны түбі жоқ таусылмайтын тақырып десек те қателеспейміз… Жалпы алғанда, балалары жақсы оқитын ата-аналар ҰБТ-ны білімді бағалауда әділеттілікке жасалған нақты және пәрменді қадам ретінде қуана қабылдады. Ал, оған қарсы болғандардың басым көпшілігі – балалары нашар оқитындар немесе бұл әдісті терең пайымдамай, бос дақпыртқа еріп кеткендер. ҰБТ жүйесі еліміздегі кез келген орта мектептің жұмысына баға беруге көмектеседі. Тестілеу қорытындысы нәтижесінде ең үздік 100 білім ордасының рейтингі анықталып, министрліктің сайтына кіргізілді. Оралдағы педагогикалық лицейді бітірушілердің – 94,36, шағын қала Кентаудағы аумақтық “Дарын” мектеп-интернаты мен қазақ-түрік лицейінің түлектері қол жеткізген 93,57 орташа балл көрсеткіштері республикамызда өте жоғары деңгейде сапалы білім беріп, басқаларға өнеге көрсетіп, көш бастаушы бола алатын ұстаздар ұжымдары бар екендігін көрсетіп отыр. ҰБТ негізінде тағы бір маңызды нәтижеге қол жеткіздік: біз мектептердегі тестілеу процесіне ата-аналар қауымын белсенді түрде тарта алдық. Бүгінде барлық аймақтардағы ата-аналар қажетті ақпаратқа ие болып отыр. Олар тек өздерінің балалары оқитын мектептердегі көрсеткіштерді ғана біліп қоймай, оны көршілес оқу орындарындағы жағдаймен салыстыра алады. Соның арқасында мектептердегі пән мұғалімдерінің деңгейлерін таразылап, балаларын қай мектепке оқуға беру керектігін шеше алады. Осының негізінде ата-аналар қауымының мектеп жұмысын бақылауын күшейтуге жол ашылады. -ҰБТ қойып берген диагноздардың бірі – орыс мектептерімен салыстырғанда қазақ мектептерінде оқушыларға білім беру сапасының айтарлықтай төмен деңгейде екендігі. Дәлел үшін цифрларға жүгінейік. ҰБТ-ге қазақ мектебін бітірген 105586, орыс мектебін бітірген 73637 талапкер қатысқан. Олардың арасынан қазақ мектебін бітірген 629, орыс мектебін бітірген 601 оқушы 101 мен 120 аралығында балл жинаған. Сондай-ақ қазақ мектептерінен 12628, орыс мектептерінен 12508 оқушы 71 мен 100 балл аралығындағы нәтижеге қол жеткізген. Сөз жоқ, грант пен несиеге түсетіндер, негізінен, осы категориялардағы талапкерлер арасынан шығады. Қазақ мектебін бітірген тест тапсырушылар (105586) орыс мектебін бітіргендерден (73637) анағұрлым, яғни 105586:73637 =1,434 есе артық бола тұрса да, олардың грант пен несиеден үміті барларының сандары бір деңгейде болып отыр. Қарапайым ғана салыстырмалы анализ айқындап отырғандай тек қана осы алшақтықтың бір өзі ғана қазақ мектептеріндегі білім беру сапасының қаншалықты артта қалғандығын соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп тұр. “Ауруын жасырған өледі” дейді халқымыз. Көрінбей тұрған жасырын жараның ауызы ҰБТ-ны еңгізу арқылы жарылды. Әйтпесе, мұны байқау өте қиын еді, тіпті мүмкін емес еді. Өз басым анықтап білуге, ұғынуға ықпал еткен сіздің еңбегіңізге баға жоқ дер едім. Осы кезге дейін ата-ана, мұғалім, зиялы қауым және т.б. бос даурықпаға салынып, босқа дауласып келіппіз, бәріміз қазақ мектептерінде білім сапасы төмен емес деген жалған, алдамшы тұжырымның жетегінде жүріппіз… -Өкінішке орай,тым құлдырап кетпегенімен, қазақ тілінде оқытатын мектептердің көрсеткіші төмен екендігі анық. Бұл мектептердің білім сапасына үлкен әсер етіп отырған жағдай олардың 89,7 пайызының ауылдық жерлерде орналасуына қатысты. Ауыл мектептерінің сапалы қызмет атқаруына материалдық-техникалық базаның әлсіздігі, кадрлардың сапалық құрамы, оқу әдебиеттерімен жеткілікті қамтамасыз етілмеуі сияқты проблемалардың кедергі келтіріп отырғаны белгілі. Олардың дені - шалғайда орналасқан шағын комплектілі мектептер. Жоғарыда келтірілген сандардың айырмашылықтары негізінен сол мектептердің түлектеріне қатысты. Қаладағы қазақ тілінде оқытатын мектептердің білім беру сапасы тиісті деңгейде. Ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту, заман талабына сай деңгейге көтеру мақсатында Үкімет “Ауыл мектебі” бағдарламасын қабылдағанын, қазіргі кезде ол бағдарлама кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастағанын білесіз. Жалпы қазақ тілінде оқытатын мектептердің даму деңгейі өсіп келе жатқандығы анық. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде бұл салада атқарылған істерді жоққа шығаруға болмайды. 1991 жылдан бері олардың саны 731-ге артып, оқушылар қатары 628,2 мың балаға өскен. Бүгінгі күні қазақстандық барлық оқушының 54,8 пайызы қазақ тілінде оқыса, өткен оқу жылында 1-сыныпқа келген 236,0 мың баланың 57,8 пайызы қазақ тілінде білім алуды қалаған. Сапаға сандық көрсеткіштің әсер ететіні белгілі. Қазақ мектептері желісінің ұдайы өсіп отыруы –үлкен нәтиже. ҰБТ қорытындысы бойынша “Алтын белгі” белгісімен марапатталғандардың 51,9 пайызы – қазақ тілінде, 45,3 пайызы –орыс тілінде оқытатын мектептердің оқушылары. Сондай-ақ ең жоғарғы 116 мен 120 дейін балл жинаған 12 баланың 9-ы - қазақ мектептерінің түлегі, оның ішінде республика бойынша ең жоғары 120 балл алған Пернебаев Мақсат - Шымкент қаласындағы № 66 қазақ мектебінен. Мектеп оқушыларының республикалық пәндер олимпиадаларының 240 жеңімпазының 126-ы, яғни, 52,5 пайызы, республикалық ғылыми жобалар жарысының 126 жеңімпазының 65-і, яғни 51,5 пайызы – қазақ мектептерінің оқушылары. Қазақ тілінде оқытатын мектептердің даму жайы министрліктің ұдайы назарында. -Назарда болғанда, әсіресе ауыл мектептерінің жағдайын түзеу үшін қандай шұғыл шаралар, қандай ұтымды қадамдар жасалмақ, жалпы не істелмек? -Зейін қойып қарасаңыздар, қабылданған білім беру тұжырымдамасы ең бірінші кезекте ауылдық жердегі мектеп оқушыларының білім сапасын көтеруге бағытталған. Онда жоғары сыныптарда бейімді білім беру көзделген.Бұл шараны ауылдың 10-15 бала оқитын шағын мектебінде жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан бұл балаларға тереңдетіп білім беру мақсатында оларға қолайлы жағдай тудыруымыз керек. Жасыратыны жоқ, шағын кешенді мектептерде сабақты сапалы жүргізетін негізгі пән мұғалімдері аз. Олардың басым көпшілігі – курстар мен училищелер бітірген, сырттай оқып диплом алған, тұрғын саны аз,бәсекелестік жоқ болғандықтан нан тауып жеп жүргендер. Сондықтан алыс ауылдардағы 11-12 сынып оқушыларын бір орталыққа шоғырландырып оқытуды көздеп отырмыз. Бұл үшін жер-жерлерде арнайы мектеп-интернаттар ашып, оған шағын кешенді мектептердің балаларын тартуымыз керек. Бұл мектептерге қалалардағыдан түк кемдігі жоқ жан-жақты материалдық-техникалық жабдықтау жасаймыз, жағдай тудырамыз. Сонда ғана ауыл мектебінің білім беру сапасы көтеріледі деп ойлаймын. Қала мектептерінде бала санының аздығынан туындайтын проблема жоқ. Бір мектептегі 1500 баладан әр сыныпта 80-100 бала оқитын болса, олардың әрқайсысының белгілі бір пәнді тереңдетіп оқуға мүмкіндігі бар. Ауылдық жерде қанша тырыссақ та бұл іске аспайды. Он баланың біреуі- химик, екіншісі-филолог, үшіншісі-тарихшы болғысы келеді дейік. Біз оларға шағын мектепте тереңдетіп, болашақ мамандыққа бейімдеп білім беруді іске асыра алмаймыз ғой. Осы мәселені оң шешуіміз керек, мемлекет бөлген қаржының басым бөлігі осыған жұмсалады. -Тестілеу барысында шәкірт өзі жауабын білген сұрақтардың бәріне жауап береді. Оған қосымша қалған сұрақтарға “тисе-терекке, тимесе-бұтаққа” деген қалыптасқан үрдіс бойынша “жауап беру” мүмкіндігі тағы бар. Ықтималдық теориясы (теория вероятности) бойынша талай жауап “терекке тиюі тиіс”. Осы “жауаптарды” қосқанда талапкер өзінің пән төңірегіндегі нақты білімінің бағасынан да біршама көтеріңкі балл алуға тиіс. Сондықтан сынақ өткізілген пәннен тиянақты білімі бар шәкірттер өздерінің бойындағы білімін тестілеу барысында көрсете алды деуге болады. Кейбір талапкерлер, олардың ата-аналары осы күнге дейін білім дұрыс бағаланбады деп жүр.Сіз қалай ойлайсыз? -Ықтималдық теориясының, атауынан да белгілі дұрыс жауапты “құмалақ ашып” табу ықтималдылығы, қателесу ықтималдылығынан 4 есе төмен (яғни дұрыс жауап біреу, бұрысы төртеу). Тәжірибе көрсеткендей 30 жауапты белгілеп бірде-бір жауапты таба алмай екі деген баға алған мысалдар аз емес. Биылдың өзінде мәліметтер түсуде. Сондықтан түлектерге ең бірінші білімдерін жетілдіріп тестке жауап беру техникасын шыңдауға кеңес берер едім. 120 балл мүмкіндіктен 70-тен жоғары алғандарының санының көп болуы соған дәлел болар. Ал шәкірттердің білім деңгейінің дұрыс бағалануын,тест сұрақтарының сапасы мен бағалау технологиясының әділеттілігі қамтамасыз етеді. -ҰБТ-ға қазақ мектептерінен 30000-дай, орыс мектептерінен 26500-дей, барлығы 565000-дай шәкірт қатыспай қалған. Оны - кейбір ілініп-салынып жүрген мүғалімдердің, білім беруі нашар мектептердің директорларының өз жұмыстарының нәтижесін басшылық пен көпшіліктен жасыру мақсатында үлгерімі төмен оқушылар арасында жүргізген үгіт-насихатының жемісі деген пікір де бар... Бұл жайлы не айтар едіңіз? -ҰБТ-дан босатылған мектеп бітірушілер бар, олар: халықаралық айырбас бағдарламасы бойынша шет елдерде оқып келген балалар, денсаулығына байланысты емтиханнан босатылған балалар, және өзбек, ұйғыр, тәжік ұлттық мектептерін бітірген 8488 мектеп бітірушілер, сонымен бірге Ресей және басқа ТМД елдерінің жоғары оқу орындарына түсем деушілер де баршылық. (сонда 56500 емес, барлығы 40 мыңнан астам болады). Ұлттық бірыңғай тестілеу жалпы орта білім беру ұйымдарының мектеп бітірушілерінің білім жетістіктерін сырттай бағалау болып табылады. Сондықтан бұл мектеп ұстаздарына да үлкен сын екендігі сөзсіз. Әрине өз шәкірттерінің деңгейін біле тұра, оған бағыт-бағдар беру де ұстаздық парыз. ҰБТ-ға қатысу-катыспау туралы түпкілікті шешімді қабылдайтын мектеп бітіруші және ата-ана екенін де ескеру керек шығар. Бірақ, мемлекет тарапынан барлық мектеп түлектерінің ҰБТ-ға қатысуына толық жағдай жасағанына қарамастан, 40 мың нан астам баланың осы сынаққа қатыспауы ойландыратын мәселе. -Басқа қалалардан жағдайы бөлек (статусы да) Астана және Алматыда ҰБТ нәтижесінде талапкерлер алған орташа балл салыстырмалы түрде жоғары: 61 шамасында. Ал, еліміздегі үздік шыққан 20 мектептің қатарында Астанадан бір мектеп те жоқ, Алматыдан бір ғана мектеп бар. Жалпы, 61 балл "арба да сынбайды, өгіз де өлмейді" дегендей, мүғалімдердің белгілі бір деңгейде, қанағаттанарлық дәрежеде дәріс беріп жүргендіктерін көрсететін секілді. Футбол тілімен айтқанда, лидерлер бар,команда жоқ. Сіздің пікіріңіз қалай? -Астана мен Алматының мектеп бітірушілерінің ҰБТ-ның қорытындысы бойынша алған орташа балдары, салыстырмалы түрде жоғары. Алға шыққан 20 мектеп көрсеткіші, көп көрсеткіштердің бірі ғана. Министрлікте ҰБТ-ның қорытындыларын талдау және білім сапасына әсерін тигізетін факторларды анықтау жөніндегі аналитикалық топ құрылуда. Талдаудың негізінде білім сапасын көтеру мақсатында, әрине, басқармашылық шешімдер қабылданады. Бірақ мектеп басшыларына, мұғалімдеріне әкімшілік шаралар қолдану үшін бір жылдың статистикалық көрсеткіштері аздық етеді. -Нарық түсында мұғалімге мемлекет тарапынан қамқорлық күшейеді және мұғалім де өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын болады деп ойлаған едік. Өйткені осы екі фактор табиғи тоғысқанда ғана ұрпаққа білім беру сапасы көтерілетін секілді. Сіз қалай ойлайсыз? -Қазір мұғалімдердің орташа жалақысын айту қиын. Орта арнайы білімді мұғалімдер 10 мыңға жуық алса, жоғары білімділер жұмыс істеген жылдарына қарай, 30 мыңға дейін айлық жалақысын алады. Біздің елде жыл сайын мұғалімдердің айлығына 20 пайыз қосылып отырады. Экономикамыздың мүмкіндігі шектеулігіне қарай, мұғалімдердің жалақысын көтермей білім сапасын жақсарту мүмкін еместігін барлығымыз түсінеміз. Осы жылы Қазақстанда білім қажеттілігіне 45 миллиард теңгеден көп қосымша қаржы бөлініп отыр. Жақында Үкіметте білімді дамыту Тұжырымдамасын қаржыландыру туралы мәселе қаралды. Алдағы үш жылда білім қажеттілігіне бюджеттен жүз миллиардтан кем түспейтін қаржы бөлінбекші. Бұл Үкімет тарапынан көрсетілген қолдау. Бұдан басқа, үстіміздегі жылы республикада мектептердің 50 пайызын интернет желісіне қосамыз, келесі жылы, 75 пайызға көбейтеміз деп үміттенеміз.Қазақстанда біраз жаңа мектептер ашылады. -Мен өз басым 40 пен 70 балл аралығында қара көрсеткен мектеп бітірушілерді талапкер ішіндегі ең күрделі, қайшылыққа толы категорияға жатқызар едім. Олардың білімі мардымсыз болғанмен, ЖОО-ға түсуге мүмкіндіктері сақталған, тек ақша төлесе болды - дап-дайын студент. Республикамыздағы жаңбырдан соңғы саңырау құлақтардай қаптаған жекеменшік ЖОО-лар "арпа піс, аузыма түс" деп, күтіп отырған "продукт" осылар. Олар ЖОО-дағыларға нәпақа болса, ата-анасына сор. Еліміздегі студенттер саны солардың есебінен толады. 2002-2003 оқу жылында еліміздің ЖОО-ларында 590 мың студент оқыпты.("Ана тілі", № 24, Науан Сароин, 2004 ж.). Бұл Қазақстан халқының 4 пайызы деген сөз. Әлемнің дамыған елдерінде бүл көрсеткіш 1-1,5 пайыз аралығында дейді.Осыған байланысты көптеген сұрақтар туындайды: а) ЖОО-ға түсу үшін 40 балл төменгі шек ретінде сақтала бере ме, осыдан адамға (талапкерге), қоғамға қандай пайда бар? б) Қазақстанға осыншама студент (4%) қажет пе? в) Елімізде бүгінгі таңда меншік нысандарына қарай қанша ЖОО-ры бар? г) Олардың маман дайындау деңгейі қалай? - Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына түсудің типтік ережесінің 8 бабына сәйкес конкурсқа қатысу үшін бірыңғай ұлттық тестілеуден немесе кешенді тестілеудің барысында алған ең төменгі көрсеткіш 40 балл болуы керек. Бұл кейінгі екі жылда қолданылып журген талап және ол өзінің өмірмең екенін дәлелдеп отыр. Оған биылғы жылы жоғары оқу орындарының педагогика, медицина, экономика және юриспруденция даярлау бағыттары бойынша 2 немесе 3 курс студенттеріне өткізілген білім алушылардың аралық аттестаттау рәсімінің қорытындысы дәлел бола алады. Алайда 40 балды тұрақты көрсеткіш деп түсінбеу керек. Білім сапасының жыл сайын біртіндеп артуына байланысты (солай болады деген сеніміміз мол) ол қайта қаралып, өзгертіліп тұратын көрсеткіш. Кейбір жетекші жоғары оқу орындарында бұл көрсеткіш қазірдің өзінде жоғары екенін айтуға болады. Алайда соңғы жылдары мемлекеттік білім грантын беру үшін конкурсты өткізген кезде қатысқан талапкерлердің көрсеткіштері кейбір мамандықтар бойынша 80-90 балға дейін жететіні байқалып отыр. Сонымен қатар, ақылы негізінде де оқытуға қабылдау үшін көптеген жоғары оқу орындары тек қана 50-ден жоғары көрсеткішке ие болған талапкерлерді қабылдайды. Мысалы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетіне түсу үшін кемінде 55 балл жинау керек. Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғары оқу орындарына қоятын талаптары мен міндеттері бірдей.Кез-келген жоғарғы оқу орны меншік түріне қарамастан еңбек нарығында бәсекеге ие болатын мамандарды дайындауы қажет.Биылғы жылы министрлік жоғары оқу орындарында білім сапасын және мамандарды дайындау деңгейін арттыру мақсатымен бірқатар жүйелік шараларды жүзеге асырды. Соның бірі, студенттердің білім деңгейін анықтау үшін 2-курс, 3-курс (медициналық мамандықтар бойынша) студенттерін аралық аттестаттаудан өткізу болды. Аралық аттестаттаудың қорытындысы бойынша жоғары оқу орындары беретін білім қызметтерінің салыстырмалы талдауы жүргізіледі және оқу процесінің ұйымдастырылуына тиімділік бағасы беріледі. Биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты орналастыру тек қана еліміздің таңдаулы жоғары оқу орындарында конкурс негізінде жүзеге асырылды. Мемлекеттік білім беру гранттарын орналастыру құқығына 76 жоғары оқу орны ие болды, олардың ішінде мемлекеттік емес жоғары оқу орындары да бар. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында 180 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Оның 13-і азаматтық емес, 167-ы азаматтық оқу орындары. Азаматтық оқу орындарының 55-і мемлекеттік, 112-і мемлекеттік емес жоғары оқу орны. Елбасының 2004 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан халқына “Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін” Жолдауында отандық жоғары оқу орындарының, сондай-ақ шетелдік оқу орындарының филиалдары желісі бұрынғыша шамадан тыс көп кейде қалып отырғандығы, олардың қысқартылуы керектігі айтылды. Соған байланысты жоғары оқу орындарының білім беру қызметін жүргізу құқығына қойылатын талаптар күшейтілетін болады. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінде Білім беруді дамытудың 2010 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы даярлануда. Онда жоғары оқу орындарының білім беру қызметтеріне халықаралық деңгейдегі талаптардың қойылуына байланысты еліміздің білім саласындағы заңнамасына елеулі өзгерістер енгізілетін болады. -Еліміздің 19 қаласындағы ЖОО-ларда журналистер дайындалады екен. Олардың бірлі-жарымында болмаса, журналистерді оқытатын маман ұстаздардың жоқ екендігі мәлім. Өзім білетін бір университетте облыстық газетке қарапайым хабар жаза алмайтын, ғұмырында бір мақаласы республикалық баспасөз бетіне шығып көрмеген адамның болашақ "журналистерді" "оқытып" жүргенін білемін. Қазақстан журналистика академиясының президенті, профессор С. Қозыбаев, тіпті, бүл салада маман дайындауда флагман саналатын Әль-Фараби атындағы Қаз¥У-дегі журналистерге берілетін білім мен оқытушылар деңгейіне көңілі толмайтынын айтыпты ("Егемен Қазақстан", 15.06.04.). Сонда, басқа журналист дайындаушылардан нені талап ете аламыз? Меніңше бүл жағдай басқа да көптеген мамандықтарға тән. Министрлік осындай жағдайларға қалай қарайды? Сапасыз маман дайындауға тосқауыл қоя ала ма? Қоя алатын болса, оны жүзеге асыру үшін не істеп, не тындырды, болашақта не істемек? -ҚазҰУ-нен басқа оқу орындарында журналистика мамандығы ашылғанына көп уақыт болған жоқ, әр ЖОО өз мектебі қалыптасу үстінде, дегенменде мемлекеттік стандартқа сәйкес білім берудің қажетті минимумы қамтамасыз етілген. Маман жетіспейтіндігі қашаннан белгілі құбылыс, ал біздің ұмтылысымыз жоғары білікті мамандарды жинақтау, одан кейінгі кезеңде оларды дайындау. Бұл көтеріліп отырған мәселе - бүгінгі күнінің өзекті мәселесінің бірі екендігі баршаға мәлім, және де қазіргі сәтте министрлікті де мазалап отырған проблеманың бірі. Түптеп келгенде бұл мәселе білім сапасын қажетті деңгейде қамтамасыз ету мен көтеруге келіп саяды. ЖОО білім беру қызметіне лицензия алғаннан кейін білім сапасын мемлекеттік стандарттардың талаптарына сәйкес іске асыруға міндетті. Бүгінгі күнде ЖОО білім беру сапасын бақылайтын бірнеше сатыдан тұратын тізбекті бақылау жүйесі бар, оның ішінде: барлық мамандықтардың мемлекеттік стандарты, мамандықтардың бірыңғай жіктеуіші (классификатор) бекітілген, республика бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктері құрылған, оқу бітірушілерді мемлекеттік аттестациялау қарастырылған және т.т. Өзіңізге белгілі биылдан бастап студенттерді аралық аттестаттаудан өткізу енгізілді. Бұл шара әрбір ЖОО білім берудің деңгейін айқындап, көпшіліктің талқысына ұсыну арқылы білім көрсеткіштері төмен ЖОО әсер етуді көздейді. Аралық аттестаттау белгіленген межеде көрсеткішке ие бола ала алмаған ЖОО кезектен тыс мемлекеттік аттестациялауға немесе лицензия талаптарына сәйкестігін қайта тексеруге түседі. Соның негізінде ол ЖОО-ның білім беру қызметі тоқтатылуы мүмкін. Жалпы, жоғары білімге ұмтылыстың біздің қоғамның жақсы жағының бірі екендігіне ешкім таласа қоймас. Республикамызда басқалармен салыстырғанда ЖОО санының артықшылығының бірден-бір себебі де осы сияқты. Рухани тоқыраудың оқымаудан басталатыны белгілі.сондықтан біз халқымыздың білім алуға құштарлығына қуануымыз керек.Ал осы ЖОО білім сапасын көтеру қоғамның, бірінші кезекте Білім және ғылым министрлігінің басты міндеті болғандықтан қазіргі кезеңде айтылып отырған мәселе бойынша толассыз ізденістер жүргізіп жатырмыз. Қазақстанда 2010 жылға дейін білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін құру қарастырылуда. Оның негізгі инфрақұрылымдары: Білім сапасын бағалаудың ұлттық орталығы, Білім беру стандарттарының ұлттық орталығы, Сапа менеджментін сертификаттау орталығы және басқалары. Осындай жүйелі түрде нақты мақсатқа бағытталған жұмыс жүргізе алсақ, Сіз айтып отырған өрескел жағдайлардан құтылатынымызға сенемін. -Жоғары оқу орындарының саны бір кездерде әуелі оларды көбірек ашып, содан соң олардың арасында бәсекелестік қалыптастыру арқылы білім сапасын көтереміз деген жансақ, алдамшы үғымның әсерінен қаулап өсті деген қоғамдық пікір бар. Ал, бәсекелестік деңгейін әзірге студенттің оқуына төленетін қаржы көлемінен ғана аңғаруға болады. Елімізде 180 ЖОО бар екен. Олардың саны болашақта қысқара ма, әлде?.. -ЖОО орындарының қызметі Конституция және басқа заңдардың талаптарының негізінде реттеледі. Қазіргі кезде республикада 180 жоғары оқу орны (әрі қарай-ЖОО) емес 167 жоғары оқу орны бар. ЖОО қызметі Конституция және басқада заңдардың негізінде жүзеге асырылады. Меніңше, бұрында, қазірде ЖОО –ның санын көбейту арқылы білм сапасының бәсекелестігін күшейтеміз деген пікір білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негіздемесі болған емес. ЖОО-ның құрылтайшылары егер ЖОО қызметін құқықтық нормативтік актілерге елдің жалпы ұстанымы мен моральдік нормаларына сәйкестендіріп, біріншіден елдің мүддесіне бағындырмаса, қоғам алдында жауапқа тартылады. ЖОО тек білім ғана емес, сол арқылы адамның рухани жан дүниесін қалыптастыратын, оны азамат етіп сомдайтын мемлекет пен қоғамның бір құралы ретінде қарауға болады. ЖОО арасында бәсекелестік болу керек және бұл сапа бәсекелестігі болу керек. Ал білім сапасын бірнеше айқындауыштардың қосындысы ретінде қарастыруы керек сияқты. Бәсекелестік дәстүрі бойынша бүгінгі таңда заңды бәсекелестіктің барлық талаптары айқындалды деп айтуымызға болады. Республикамызда ЖОО рейтінгін белгілейтін әдістемесі қабылданған. Биылғы білім берудің мемлекеттік тапсырысы (грант, кредит) білім беру деңгейі жоғары ЖОО –на жүктеліп, бұрындары мемлекеттік білім тапсырысын жеңіп алған адам өз қалауы бойынша ЖОО таңдап алса, енді министрліктің бұйрығымен айқындалған ЖОО-да ғана оқи алады. Бұл іс-шаралар оқушыларға сапалы ЖОО көрсету, екіншіден сапасы жоғары емес оқу орындарына ескерту. Осы кезде нағыз бәсекелестіктің шарттарын қамтамасыз етуді ойластырудамыз. Өзіңіз айтып отырған оқу ақысының төменгі міндетті мөлшері бекітілді. ЖОО тәуелсіз бақылау жасап, халыққа дұрыс та нақты мәлімет беретін Ұлттық аккредитациялау орталығын құрмақшымыз. Сонымен қатар, білім сапасына қойылатын талаптар да күшейе түсуде. Республика ЖОО рейтингі айқындалып, БАҚ жарияланған соң оқушылар да, ата-аналар да рейтингі төмен ЖОО-ға бармас деген ойдамыз. ЖОО саны білім сапасының талаптарымен ғана анықталуы тиіс. Министрліктің алдында ЖОО-ны көбейтеміз не азайтамыз деген нақты міндет те, мақсат та жоқ. Ал білім сапасы белгілі талаптарға сәйкес келмейтін ЖОО-ның жабылатыны - заң талабы, даму талабы. -Сіз мектептерде сабақты үш тілде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізу мәселесін көтердіңіз. Тіл білген жақсы-ау, бірақ бала-бақша, аула тілі орыс тілі болып тұрған кезде ағылшын тілін 2 сыныптан бастау калай болар екен, оның үстіне 1 сыныптан оқытылатын орыс тілі тағы бар. Мектеп есігін ашқан бойдан үш тілді қатар үйретудің педагогикалық негіздемесі бар ма? -Сұрағыңыз өте орынды. Тәжірибелік тұрғыда жүргізілу көзделген осы шараны қазақ тілінің тамырына балта шабу деп акция өткізіп жатқан ағайынға өз көзқарасымды білдіре кеткенді жөн көріп отырмын. Біріншіден, бұл сыныптардағы оқу-тәрбие жұмыстары қазақ тілі негізінде жүргізіледі, ал жекеленген пәндер орыс, ағылшын тілдерінде оқытылса, ол бұл тілдерді қазақ баласының тереңірек игеруі үшін жасалынады. Көп тіл білгеннен қор болған кім бар? Екіншіден, бүгінгі біз өмір сүріп отырған кезең, ең алдымен мемлекеттің негізгі ұлты болып табылатын қазақтарға үлкен міндет жүктейді. Жетпіс жыл бойы бодандықта жүргенде, қазаққа шет тілін білу онша қажет болған жоқ. Қазақтар дипломатиялық, халықаралық шаруаларға араластырылмады. Қазіргі заман да, оның талабы да басқа. Тәуелсіз ел түлектерінің үлкен шоғыры бүгінгі таңда бизнес пен экономикалық қарым-қатынастарды әлемдік деңгейде қамтамасыз етіп отырған ағылшын тілін білгенде ғана біз заман көшіне ұлт, мемлекет ретінде ере аламыз, өзіміздің ұлттық, мемлекеттік мүдделерімізді қорғай аламыз. Мұның несі жаман? Жаһандану құбылысы жайпап кететін даладағы дауыл, теңіздегі толқын тәрізді құбылыс. Оның әсерінен ұлт ретінде жойылып кетпеу үшін, жел айдаған қайықтай жағаға шығып қалмау үшін өз өрісімізді өзіміз шиырлай бергеннен түк пайда таба алмаймыз. Осындай сынақтан абыроймен өту үшін біз түгіл бір миллиардтан астам халқы бар Қытай мен 60 миллиондай халқы бар Италияның өзі мектептерде ағылшын тілін оқытуды аса маңызды мемлекеттік мәселеге айналдырып отыр. Үшіншіден, үш-төрт тілде сабақ өткізу үрдісі Қазақстанда қазақ-түрік лицейлері негізінде тәуелсіздік алғаннан бері қалыптасқан. Оны бітірген жастарымызды мемлекеттік тілге шорқақ деп айта аламыз ба? Олардағы білім сапасының жоғарылығын лицейлерді бітірушілердің 85 пайызы ЖОО-ларға грант пен кредит алып жатқандығы көрсетіп отыр. Балалар қазақшаның сыртында орыс, ағылшын және түрік тілдерін жақсы меңгеріп шығып жатыр. Жетінші сыныптан соң қабылдйтын осы оқу орындарына түсу үшін кей қалаларда бір орынға 70 өтініштен түседі. Еліміздің экономикалық жағдайы түзеліп келе жатқанда осындай сөзсіз озық үлгіні мемлекетіміздің болашағы, ұрпағымыздың, ұлтымыздың ертеңі үшін өзіміз дамытқанның қандай айыбы бар? Қазақтың “Елу жылда – ел жаңа” деген мақалын бәріміз білеміз. Түсінген адамға өткен 13 жылдың өзінде көптеген оң өзгерістер болды. Тіл мәртебесін күшпен, ұрандаумен, айқай-шумен көтере қою мүмкін емес. Ол үшін белгілі бір кезеңнен өтіп, ішкі демографиялық деңгейлерге жету секілді көптеген факторлар ескерілу керек. Өз басым оның да туар күні алыста емес деп есептеймін. Тіпті алдағы 5-10 жылдың көлемінде мемлекеттік тілдің тиісті тұғырына қонарына сенімім бар, үмітім зор. Төртіншіден, қазақ-түрік лицейлерінің саны қандай аз болса, сіз айтып отырған мектептер саны да әзірге тым аз болады. Оның үстіне мұндай мектептерге тек сонда оқуға ата-аналары өз еріктерімен өтініш берген оқушылар ғана қабылданады. Облыс орталықтарында осы шараны жүзеге асыруға жағдайы келетін мектептерде арнаулы сыныптар ашу ғана көзделініп отыр. Тәжірибе тағдырын уақыт шешеді. Әрине, зиялы қауымның мемлекеттік тіл тағдырына алаңдаушылық білдіруін бәріміз де құптаймыз. Тек бұл мәселенің ұрпаққа қазақ тілінен де басқа тілдерді үйретуге қарсылық білдіру негізінде көтеріліп отырғандығы қынжылтады. Арамыздағы түсініспеушілікке басты себеп – бұл мәселе төңірегінде дер кезінде тиісті дәрежеде түсіндіру жұмыстарын жүргізе алмаған болуымыз керек деп ойлаймын. Сұхбаттасқан Қуаныш Ахметов, “Қазақ әдебиетінің” өз тілшісі. |