Баршаға белгілі, биыл елімізде мектеп бітіру мен жоғары оқу орнына қабылдау емтиханы бірге өткізіледі. Бұл ұлттық бірыңғай тест жүйесі ғалым-мамандардың пікірінше талапкер білімін әділ бағалауға, талантты жастарды жоғары оқу орындарына таңдап алуға мүмкіндік береді. Ал негізінен мектептен алған білімді сұрыптап, саралайтын сұрақтардың жауабын табу ең үлкен мәселе болса, талапкер назарына ұсынылатын емтихан сұрақтарының айқын болуы одан бір кем емес. Міне, біз осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі Білім беру мен тестілеудің мемлекеттік стандарттары ұлттық, орталығының директоры Такир БАЛЫҚБАЕВҚА жолығып, көкейкесті мәселелерге қатысты тілдескен едік - Такир Оспанұлы, республикамызда жоғары оқу орындарына қабылдаудың жаңа моделі ретінде 1999 жылдан бері орталықтандырылған тест өткізіліп келеді. Әрбір сынақтан кейін түрлі түйіткілдер де айтылып жатады. Әсіресе, тест сұрақтарына қатысты. Қазіргі ұлттық біріңғай тестілеу (ҰБТ) және онда пайдаланатын тест сұрақтарының бұған дейінгі сынақтардан қандай ерекшеліктері бар? - Білім берудің сапасын жақсарту мақсатымен министрлік тарапынан қолға алынып жатқан өзгерістер қоғамда ерекше ынта туғызып отырғанын бірден айтуға болады. Биылғы енгізіліп жатқан ҰБТ-ның негізгі жаналығы - мектеп бітірушілердің қорытынды және жоғары оқу орындарына қабылдау сынақтарының бір рет кешенді тест әдісімен өтетіні. Осы ерекшелікке байланысты технологиялық жаңалықтар көп. Соның бірі - талапкерлер тест тапсыратын орындардың санының артып, 134-ке жетуі. Олардың негізі аудан орталықтарында орналасқан. Демек, ауыл мектебін бітіретін балалар жылдағыдай облыс орталықтарына барып жатпай өзі тұратын жерге жақын ҰБТ пунктінде тест тапсырады. Енді пайдаланылатын тесттер мен тест тапсырмаларының ерекшелігіне келетін болсақ, сол 1999 жылдан бері қарай тест тапсырмаларының базасы толықтырылып, бірнеше мәрте сараптаудан өткізілгенін айту керек. Жыл сайын өзіңіз айтқандай, көп пікірталасқа арқау болып жүрген, ата-аналар мен мамандардың наразылығын тудырған тапсырмалар алынып тасталды. Биыл бірінші рет ҰБТ-ға арнап орта мектеп мемлекеттік білім стандарттары талабына сәйкес жеңіл сұрақтар жасалды. Сонымен тест тапсырмалары қиындығының өткен жылдары пайдаланып жүрген "жеңіл", "орташа қиындықты", "қиын" деңгейлеріне төртінші "өте жеңіл" денгейі қосылды. — Жалпы осы сынаққа тест тапсырмалары қалай әзірленеді? —Бұл өте күрделі және жауапты іс. Сондықтан да оған ұзақ жылдан бері іргелі ізденіспен қызмет етіп, өзінің білімдарлығымен және жаңашылдығымен әйгіленген мектеп мұғалімдері мен педагог-ғалымдар тартылады. Егер бұған дейін тест кұру мен әзірлеу барысында жіберілген ағаттықтар мен кемшіліктер болса, оның бәрі түзетілді. Тест тапсыруда қиындықтар тудыратын, түсініспеушілік жағдайлар болатын кездер артта қалды деп ойлаймын. Тест тапсырмаларын облыстық және Алматы мен Астана қалалық білім басқармалары (департаменттері) ұсынып, Білім және ғылым министрлігі бекіткен жоғары оқу орындары мен мектептердің тәжірибелі мұғалімдері дайындайды да, сол деңгейдегі мұғалімдерден құрылған сарапшылар тобы сараптамадан өткізеді. Олардың ішінде біраз жылдан бері тест тапсырмаларын құруға, сараптауға атсалысып жүрген келесі мұғалімдер бар. Атап айтқанда, О.Әжіғалиев, С.Типан, В.Касаткин (математика), Н.Бакина, С.Дүйсенов, Ю.Гребенюк (тарих), Н.Бекалай, В.Пантелеева-Пашкина (физика), Т.Санникова (орыс әдебиеті), И.Айманова (орыс тілі), Н.Қаратаев (қазақ әдебиеті), М.Мұқышева (қазақ тілі), И.Бабич, Л.Сорокина (химия), А.Выгузова, А.Әсенбекова (биология), Л.Р.Ищук, А.Жұмабаева (геоғрафия), т.б. Сонымен қатар тест тапсырмаларын құратын және сараптама жасайтын мамандардың біліктілігін арттыруға да күш салып жатырмыз. Мысалы, осы жылдың басында біз олардың біліктілігін арттыру үшін ТМД кеңістігіндегі тест саласының жетекші маманы, педагогика ғылымының докторы, профессор В.Аванесовтың жетекшілігімен семинарлар өткіздік. —Соған қарамастан тест құрылымы туралы сұрақтар әлі де көп. Кейбір талапкерлер бұл тапсырмалар мектеп бағдарламасында жоқ дейді. Осы туралы не айтар едіңіз? —Мәселен, айтыңызшы... — Бір хаттан қысқаша үзінді келтірейін. ҚА.Ясауи атыңдағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ұстазы, тарих ғылымының каңдидаты Баршагүл Исабек өткен жылы жоғары оқу орындарында студент қабылдау кезінде аймақтық қабылдау комиссиясының мүшесі, әрі "Қазақстан тарихы" пәнінен апелляциялық комиссияның мүшесі ретінде қатысқанында осы пәннен құралған тест сұрақтарының сапасы көңілге кірбің ұялатқанын айтады. Мысалы, ұлттық тест орталығының қабылдау емтиханындағы 4213-варианттың 27-сұрағы "1974-77 жж. Екпінді құрылыстарға комсомолдық жолдамамен жіберілген комсомолдар саны?" немесе 5316-варианттың 19-сұрағы "1924 жылы Лениннің құрметіне партия қатарына қабылданған адам саны" деген сұрақтардың талапкерден әрбір цифрды жаттауды талап етіп, оның мәніне үңілдірмейтінін алға тартады. Тест сұрақтарының ішінде 1960 жылы еттің бағасы қанша болды, Шыңғыс ханның итінің аты, Абылай ханның қанша тісі болған деген сұрақтар да бар деген мәліметтерді де естігенін жазған екен. Шынында да бұлар талапкердің шынайы біліміне өлшем бола ала ма? —Тест сұрақтарының талабын, әрине, біржақты түсінуге болмайды. Қойылған сұрақтың ғылыми негізі және логикалық қисынын жоққа шығармай-ақ қоялық. Жоғарыда айтылған пікірдің бірқатарына келісуге болады. Солай десек те, мына мәселенің басын ашып алуымыз керек. Оқулық та бір күнде жазылмайды. Өткен тарихтың цифрлық деректерін бірден зердеден шығарып, тарихты өшіруге болар ма? Сұрақты ешкім ойдан құрастырмайды ғой. Мектеп бағдарламасына және талапкерлердің ой-өрісін кеңейтетін жеке ізденістеріне де негізделмейінше, біз сұрақтың сапасын көтере алмаймыз. Деректі жаттанды білуге көңіл бөлуге итермелесе, ол да қажеттілік деп ойлаймын. Алдымен тестің Білім және ғылым министрлігі қойған талаптарға сәйкес жасалатынын айтып кетейік. Ол талаптар тестке енетін тапсырмалардың мектеп бағдарламасын қамту қажеттігін, олардың қиындық деңгейлерін барынша анықтайды. Сондықтан тест тапсырмаларын құру барысында әзірлемешілер министрлік ұсынған мектеп оқулықтары мен бекітілген бағдарламалар аясында болуға тиісті екенін қатаң орындайды. Бұл талаптардың сақталғандығын арнайы құрылған сарапшылар тобы тексереді. Мектеп бағдарламасында жоқ деген сұраққа келетін болсақ онын неден туындап отырғанын шамалауға болады. Кейбір “қиын” тапсырмаларды орындау үшін талапкерлердің дайындық деңгейі жоғары болуы қажет, оларды мектеп бағдарламасын жақсы меңгерген және өз бетінше іздене алатын оқушылар ғана орындай алатын болады, осындай тапсырмалар туралы айтылған ой болар деймін. — Сынақ алдында үміт пен күдіктің бірге жүретіні бар. "Алтын белгіге" үміткерлер тек қана барлық мүмкін болатын 120 баллдан 120 жинаса ғана "Алтын белгіге" ие екен деген пікірге ресми түсініктеме берілгенін естідік. Олай емес екен. Еңді осы мәселені анықтап жіберсеңіз. — "Алтын белгіге" үміткерлер өз білім деңгейін дәлелдеу үшін 120 балл жинауы қажет емес. Олар міндетті үш пән және өздері тандаған төртінші пәннен Білім және ғылым министрлігі бекіткен бағалау шкаласына сәйкес жоғары балл жинап, өз білімін дәлелдесе жеткілікті. Мәселен, ол үшін қазақ тілінен 25, Қазақстан тарихынан 21, математикадан 20 балл алса болады. Ал тандаған төртінші пәнінен, мысалы техникалық мамандыққа баратын талапкер физикадан 20 балл алса, онда ол "Алтын белгі" иесі болып танылады. Төртінші пән ағылшын тілі болса 25 балл жинау керек. — Сонда 86 балл жинаса "Алтын белгі" иесі жоғары оқу орнына қабылданатын болып шығады ғой. Біздіңше, соншалықты қиын талап емес сияқты. —Иә, дәл солай. Әр мамандықтың ерекшелігіне байланысты бұл көрсеткіште шамалы өзгерістер болуы мүмкін. — Ал 40 балдан төмен алып қалған балалар не істейді? Олардың келесі жылы қайтадан жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндіктері бар ма? —Сынақтан 40 балдан төмен жинаған оқушы аттестат қолына тисе де биылғы жылы жоғары оқу орындарына түсе алмайды. Бірақ ол талапкерлер студент атануға үмітін мүлдем үзеді деуге болмайды. Келесі жылы өткізілетін кешенді тестілеуге қатысып, жоғары нәтиже көрсетсе мемлекеттік білім гранттары мен несиелерінің иегері болуға толық мүмкіндігі бар. Осы арада айта кетейік, 11 сыныпты бітірген талапкер бірыңғай тестілеуде емтихандық сынаққа ұсынылған төрт пәннің әрқайсысынан ең кемі бір балдан жинаса, оған аттестат беріледі. Екінші жағынан талапкер неше балл алса да оған сертификат беріледі. Аттестат пен сертификаттың төңірегіндегі мәселе биыл мектеп бітіретін 230 мың оқушы үшін білімді әділ бағалаудың жолы болмақ. "Аттестат бермеу баланың болашағына балта шабу" дейтіндердікі көңіл күйге ерік беру ғой. —Басқаны білмеймін, аудан орталықтарында ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру мәселесі алғаш рет қолға алынып отырғандықтан да өте жауапты. Осы жөнініде айта кетсеңіз, мектеп бітіушілерді ҰБТ өтетін жерге тасу, сол жерде тұрып, тамақтану жағы қалай ұйымдастырылады? Электр жарығы аяқ астынан сөніп қалуы да мүмкін ғой? - Бұл жауапкершілікті министрлік және оның құрылымдық басқару буындары айқын сезініп отыр. ҰБТ-ны өткізуге бүкіл қоғам болып атсалысып жатыр десем артық болмас. Облыстарда арнайы комиссиялар, ал тест өткізу орындарында мемлекеттік комиссиялар құрылып, барлық ұйымдастыру мәселелерін шешуде. Бұл жердегі ең негізгі мәселе — мектеп бітірушілердің тест өткізу орындарына жеткізілуін сол жерде тұруы мен тамақтануын қамтамасыз ету. Осы сұрақтар мен талапкерлер қауіпсіздігін ұйымдастыру жергілікті әкімшілік және білім басқару органдары мен мектептерге жүктелген. Бұл мәселелерді орындауға республикалық, бюджеттен қажетті қаржы бөлінген. Қауіп етіп айтып отырған мәселеге келсек, электр жарығымен, басқа да қажетті құрал-жабдықтармен міндетті түрде қамтамасыз ету шараларының барлық мүмкіндіктері қарастырылған. — Бұл жаңа тұрпаттағы тест сынағының жалпы халыққа сенімді жолмен, жариялылықпен-өткізілуіне қандай кепілдіктер жасалған? —Толық жариялылық жағдайында өткізілуі үшін арнайы технология бекітілді. Ол технология мемлекеттік білім стандарты ретінде анықталған, сондықтан оны ҰБТ ұйымдастырушыларының барлығы орыңдауы қажет. Тест өткізу барысында Мемлекеттік комиссия жұмыс атқарады. Оның құрамына жергілікті мәслихат пен әкімшілік өкілдері, ЖОО ректорлары, қалалық, облыстық білім басқармаларының, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдар және ақпарат құралдарының өкілдері енеді. Сонымен бірге Білім және ғылым министрлігі өкілдері де сынақ барысын қатаң бақылайтын болады. Тест өткен кезде әрбір аудиторияда екі ата-ана бақылау жасап І отыруына құқық беріледі. Ақпарат құралдары өкілдерінің де тест өткізілу барысын көрсетіп отыруына болады. Тест аяқталғаннан кейін белгіленген мерзімде мемлекеттік білім гранттары мен несиелерінің қорытындысы кімдерге берілгені "Егемен Қазақстан" газетінде және басқа да басылым бетінде жарияланады. Бұл осы жұмыс нәтижесіне бүкіл республика жұртшылығы бақылау жасады деп тұжырым жасауға мүмкіндік беретін жағдай. — Осы ұлттық бірыңғай тесті енгізуіміз тым асығыс болып жатқан жоқ па, деген пікір айтыла қалса, көрші елдерден мысалдар келтіріледі. Мәселен, Ресейде бірнеше жыл тәжірибе жинау үшін бірыңғай емтихан жүргізіп жатқан жоқ емес пе? —Жаңа нәрсеге сын көп болады. Оның үстіне әркімнің түсінігі әрқалай. Білім сапасын арттыру міндетінен алып қарасақ, ұлттық бірыңғай тест қазір заман талабына сай дер кезінде өткізіліп жатқан іс-шара. Себебі, біздің соңғы бес жылда жоғары оқу орындарына қабылдау кезінде кешенді тест жүргізген тәжірибеміз және технология осы ҰБТ-ны сапалы өткізу кепілі болады деп ойлаймын. Ал Ресей елінің тәжірибесіне келетін болсақ, олардың негізгі ойы бірыңғай емтиханға жылда жаңа аймақтарды енгізіп, емтихаи географиясын кеңейтуте арналған. — Неліктен мектеп бітірушілер ҰБТ-мен бірге орыс тілінен диктант жазуы кажет? Бұл мәселеге басқаша сипат берушілер де бар. —Қазақстан Республикасы заңдары мен нормативті құжаттарына сәйкес әрбір мектеп бітіруші қазақ тілін мемлекеттік тіл және орыс тілін ресми тіл ретінде толық меңгеруі кажет. Сондықтан олардың тіл меңгеру деңгейлерін анықтау үшін орта мектепті қазақша бітіретіндер орыс тілінен, қалғандары қазақ тілінен емтихан тапсыруы қажет. Менің ойымша, бұл тексеруден біздің балалар ұтылмайтын секілді, керісінше балаларымыз бірнеше тілді меңгеріп, солардан жақсы нәтиже көрсетіп жатса дұрыс болар деймін. — Балаларға тек қана тұйық тапсырмалар беру олардың ойлау қабілетін, талдау жасай білуін және кәсіпке бейімділігін дұрыс тексере алмайды деген пікірге келісесіз бе? —Тест кезінде тұйық тапсырмаларды пайдалану тексеру өрісін көп тарылтады деген пікірге келісе алмаймын. Тестология ғылымының зерттеуіне қарағанда, осы тапсырмалардың негізінде оқушылар білімін терең тексеруге мүмкіндік жеткілікті. Екінші жағынан, тест кезінде балалардың мектеп бағдарламасын толық меңгергенін сенімді тексеруте болады. Сонымен қатар аз уақыт ішінде өте көп талапкердің білім деңгейін анықтап, әділ түрде бағалап беру үшін біз пайдаланып жүрген тест тапсырмалары мен технология ғана сай келеді. Өткен жылдары жүргізілген тест нәтижелері де осыны растайды. Енді адамның ойлау қабілетін, талдау жасай білу және кәсіпке бейімдігін толығымен тексеру үшін айлап немесе жылдап тұрып тексеру жасағанда да толығымен анықтадым деп айту мүмкін емес деп ойлаймын. Себебі, адам мүмкіндігі мен психологиялық ерекшелігінің шегі жоқ болғандықтан оны толығымен өлшеу де мүмкін емес. - Осы тест еңгелі бері балаларымыздың білімі төмендеп барады деген де сөздер бар... —Тестілеу — оқушылар алған білімін тексеру құралы ғана болып табылады. Олардың білім денгейін көтеру, ойлау немесе тұжырымдап сөйлеу қабілеттерінің барлығы оқыту кезінде дамуы қажет. Ол үшін сапалы білім беру керек. Емтиханға тестілеу жүйесі енгізілгенімен, мектептегі оқыту жүйесі және оның мазмұны өзгерген жоқ. Сондықтан мәселенін бәрі, кінәрат түйткілі тестен деген оймен келісуге болмайды. Керісінше, талап күшейіп, оқушылардың ұмтылысы өсе түсуде. Өкінішке қарай, соңғы кезде білім сапасының төмендеуі біздің елімізге ғана емес, бүкіл әлемге тән жағдай. Мысалы, биылғы жылы ақпан айында жоғары оқу орындары студенттеріне арнайы тест өткізілді. Сол тест нәтижесі бойынша экономика, педагогика, медицина және құқықтану мамандықтарының студенттерінің 56,80 пайызы тапсырмалардың 50 пайызынан төмен білім көрсетті. Бұл төмен көрсеткіш болып табылады, себебі ЖОО-ларда аттестаттау кезінде студенттердін 70 пайызы тапсырмалардың 70 пайызына дұрыс жауап беруі керек болатын. Сондықтан білім беру кезіндегі кеткен ақаулардың себебі тест енгізу емес, басқада. Тест тек қана нақты нәтиженің әділ анықтаушысы болып табылады. — Жоғары сынып оқушыларына талап күшейіпі жатыр. Сонда да кейде түсініксіз мәселелер бар. Айталық, бір мектептерде 9-сынып оқушыларына бір аптаның ішінде 40 шақты шығарма жаздырып жатыр дейді ата-аналар. Осы мәселеге не айтар едіңіз. - Оқушыларға талаптың күшеюі – білім сапасын арттырға арналған ұмтылыс болып табылар деп ойлаймын. Бірақ кейде артығырақ кетіп қалмасақ болды ғой. Мен 9-сынып оқушыларына аптасына 40 шақты шығарма жаздыруды түсінбеймін. Себебі, ол балалардың күнделікті оқуға жіберетін уақыты жас мөлшеріне байланысты белгілі нормадан аспауы қажет. Мысалы, 40 шақты шығарма орта есеппен 2 сағаттан уақыт кеткенде, барлығы 80 сағат екен. Осыған қоса мектептегі сабақтарға қатысу, басқа пәндерді оқуға кететін уақытты есептесек алты тәуліктегі 144 сағат жетпей қалады ғой. Сонда ол бала дем алмау, тамақ ішпеу керек пе? Жалпы бұл талап балалардың оқуға деген ынтасын жоюдан басқа нәтижеге әкелуі мүмкін емес деп ойлаймын. Менің ойымша, осындай артық талап қойңан мектеп әкімшілігі мен пән мұғалімі балалар үшін жауапты екенін ұмытпағаны дұрыс. Әрине, мектептегі білім сапасы мен ЖОО-на қабылдау сапасына жоғары болуы – болашақта жоғары оқу орындарындағы білім сапасының өсуіне кепіл екені сөзсіз. Мектеп қабырғасынан оқушы жүйелі, толық білім алып шықса, ЖОО –на түскен кезде ол оқушының жақсы студант болып, білікті маман болатынына сенім көп. Ал, білімді мамандар қоғам үшін қашан да бағалы. Әңгімелескен Мейрамбек Төлепберген, “Егемен Қазақстан” |