Map map map 8
 



 

no news in this list.



            


            








К.ҚҰРМАНӘЛИЕВ, “Төнкеріс емес, өзгеріс…” сұхбат, “Жас алаш” газеті, 5.02.2004 ж.

  Кеше Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев баяндама жасады. Біраз уақыт бұрын бір топ депутат “Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасына” қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдап, осы тұжырымдаманың кемшін тұстарын жетілдіріп, оны қабылдауға асығыстық жасамау туралы пікірлерін білдірген еді.

  Министр Құлекеев осы мәселеге өзі басқарып отырған мекеменің көзқарасын депутаттар алдында баяндады.

  Қазір Білім және ғылым министрлігінің басшылары ел арасына шағып, тұжырымдаманы халыққа түсіндіру мақсатында жұмыс істеп жүр. Шалғай ауылдардағы жұртшылық жаңа тұжырымдаманың мақсатын, көтерер жүгін мамандар аузынан естіп, қанығуда.

   11 ақпанда Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Григорий Марченконың қатысуымен тұжырымдаманы талқылау өтеді. Бұл мәжіліске еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының ректорлары, тәуелсіз, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жұмыс берушілер конфедерациясынан мамандар қатысады. Алқа мәжілісінен кейін 24 ақпанда Үкімет отырысында тұжырымдамаға толыққанды баға беріледі. Қазір тұжырымдаманың жұмыс тобы жан-жақтан түскен ұсыныс-пікірлерді топтастырып, алқа мәжілісіне ұсынуға дайындалуда. Қазірге дейін 1500 ұсыныс келіп түсті.

   Өткен жылы 7 тамызда Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде педагогикалық кадрлар дайындау мәселесін түбегейлі өзгерту қажеттілігі айтылды. Осыған байланысты Алматы мемлекеттік университеті Қазақ ұлттық педагогикалық университеті болып қайта құрылды. Өткен аптада Тараз, Ақтөбе, Павлодар, Семей, Қостанай университеттерінің негізінде жеке мемлекеттік педагогикалық институттар ашу туралы Үкімет қаулысына қол қойылды. Еліміздің білім сапасын арттыру үшін педагог кадрларды оқытуды қолға алу дұрыс. Ендеше, еліміздің әр аймағынан бес бірдей педагогикалық институт ашылуын да қажеттілік деп қабылдауымыз керек.

  Ал, редакциямызға “Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасына” қатысты пікірлер, ұсыныстар көптеп келуде. Ұлттық біріңғай тестілеу туралы да білгісі келетіндер көп.

   Сол хаттарды топтастырып, 3-4 мәселе төңірегінде, атап айтқанда, Ұлттық біріңғай тестілеуді өткізу, жоғары оқу орындарының ІІ курс студенттері арасында өтетін аралық аттестаттауды енгізу және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудегі жаңалықтар жөнінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары, филология ғылымының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиевті ой бөлісуге шақырдық.

- Білім саласындағы соңғы төрт жылдағы төртінші министр де білім жүйесіне революциялық өзгерістер мен реформалар жүргізуді көздеп отыр. Бұрынан қалыптасқан жүйені өзгерту қажеттілігі неліктен туындап отыр?

- Жалпы, революция мен реформаны шатастырмайық. Өзіндік орны, қалыптасқан дәстүрі бар білім жүйесін сызып тастап, білім саласына түбегейлі төңкеріс жасалғалы жатқаны жөн. Революцияның мән-мағынасы соған саяды. Ал, реформа дегеніміз, атынан байқалып тұрғандай, төңкеріс емес өзгеріс. Яғни қолдағы барды, қалыптасқан жүйені жетілдіру, түрлендіру, өзгерту. Әлемнің жетекші елдерінің көпшілігі білім беру жүйесін білім берудің мақсатын, мазмұны мен технологияларын оның нәтижесіне қарап бағалайды. Сондықтан да, “Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында” көрсетілгендей, қазақстандық білім жүйесін дамыту оның әлемдік білім кеңістігіне кезең-кезеңімен енуіне жеткіліксіз болып келген бұрынғы білім беру әдіснамасының құрылымы мен мазмұнын өзгертуді, жетілдіруді қажет етеді. Қысқаша айтқанда, білім берудің мазмұнын жаңарту мен мамандар дайындаудың сапасын арттыру-заман талабы.

- Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді нақты қандай өзгерістер енгізілмекші?

- Бұл саладағы басты жаңалықтар ретінде үш сатылы жоғары білікті мамандар даярлауға көшуді (бакалавр-магистр-доктор РһD), жоғары білім мамандықтарын ірілендіруді және оқытудың кредиттік жүйесін енгізуді атауға болады.

  Тарбиенді мамандықтар бойынша даярлаудан өндіріс пен рыноктың жедел өзгеретін жағдайларына, сондай-ақ, қоғамның талаптарына мейлінше бейімдендірілген кеңбейінді мамандарды даярлауға көшуді уақыттың өзі талап етіп отыр. Бұл дегеніміз-бұрын мамандар бір бағытта даярланса, ендігі жерде олар жоғары оқу орындарында мамандықтың негізін менгеріп, одан кейін экономика мен өндірістің алуан түрлі салалары бойынша қажет білімді өз бетінше ізденіп, жеңіл меңгеруге икемді болып даярланады. Жоғары білікті мамандар, жоғары да айтқанымдай, бакалавриат-магистратура-доктарантура РһD үш сатылы модель бойынша дайындалатын болады. Бірінші саты – бакалавр дәрежесін алу, оқу мерзімі- 4жыл. Екінші саты – магистр дәрежесін алу (бакалавриаттан кейін 1-2 жыл). Үшінші саты – РһD докторлық дәрежесін алу, оқу мерзімі – 3 жыл. Жоғары білім бакалаврлық бағдарлама арқылы жүзеге асырылады. Бакалавриатты бітірушілер ғылыми және кәсіптік деңгейі магистратурада жетілдіре алады.

- Келешекте доктарантураны РһD бағдарламасы бойынша бітіргендерге қандай атақ беріледі? Бұрынғы ғылым кандидаттары мен докторлары дәрежесі сақтала ма?

- Қазіргі кезде елімізде жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагог кадрларды даярлау: аспирантура, докторантура, ғылыми кандидаттарын аға ғылыми қызметкерлер дәрежесіне ауыстыру, ізденуші, шығармашылық демалыстарды қамтитыны белгілі. Қазақстанның әлемдік нарықтық қауымдастыққа енуіне жағдай жасап, сапалы академиялық білімді дамыту үшін бүкіл ғылым мен білім беру жүйесін және ғылыми, ғылыми-педагог кадрларды аттестациялауды да қайта қарауды қажет етеді.

  РһD бағдарламасы бойынша даярлау – әлемнің жетекші университеттеріндегі дипломнан кейінгі даярлаудың танымал және ең тиімді жүйесі. РһD бағдарламасы жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің сапасын арттыруға және ғылыми-педагогтардың методикалық, ғылыми-әдістемелік жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында енгізілмекші. РһD бағдарламалары оқу мен зерттеудің арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз етеді. Бұл докторлық бағдарлама шеңберінде ғылыми зерттеу жүргізумен қатар, міндетті оқу пәндерін меңгеруді білдіреді. Еліміздің оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерінің академиялық бағыттылығына жағдай жасап, сондай-ақ, Қазақстанға шетел мамандарын шақыруға кең жол ашып, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының халықаралық аккредитация алуына жағдай жасалады.

    РһD докторлық дәрежесін бекіту жүйесі орталықтандырылмайды, яғни “философия докторы” дәрежесін докторлық бағдарламаға сәйкес аккредитацияланған жоғары оқу орындары беретін болады. Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім біртіндеп екі ғылыми атақ – “ғылым магистрі” және “философия докторы” дәрежесін беруді көздейді. “Философия докторы” дәрежесі бар, өзін ғылыми зерттеу жұмысына немесе оқытушы қызметіне арналған азаматтар ала алады. Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білімнің жоғары сатысы – докторлық бағдарлама курсын меңгеріп, “философия докторы” (РһD) ғылыми дәрежесін алу.

   Ал, бұрынғы ғылым кандидаттары мен докторларына келсек, ғылыми және ғылыми – педагогикалық кадрларды даярлау жүйесіне ғылым кандидаты, ғылым докторы және РһD бағдарламасы қатар жүретін болады, яғни ол дәрежелер сақталады.

- Оқытудың кредиттік жүйесін енгізу себептері неде, оның қандай артықшылықтары бар?

- Оқытудың кредиттік жүйесі – күнделікті бақылауды қарастыратын, әлемнің жетекші университеттерінде кеңінен қолданыс тапқан, оқу процесін ұйымдастыру технологиясын заманға сай, жаңаша жүргізуді көздейтін жүйе.

    Бұл жүйенің артықшылығы ретінде студенттерді оқу процесімен күнделікті және белсенді түрде айналысуға ынталандыратын, әрбір білім алушыға , таңдап алған пәндерді оқу және баламалы курстарды игеру арқылы, өз қабілетіне сай бағдарлама құру бойынша білім алуға мүмкіндік беретінін баса айтқанымыз жөн. Сондай-ақ, кредиттерді алдын ала тапсыру арқылы білім беру бағдарламаларын жедел түрде игеруге жағдай туғызу мен қатар, олардың шығармашылық дамуына, өз бетінше іздену қабілетін жетілдіруге жол ашады. Ал, аталған оқу технологиясымен дәріс алған біздің магистранттарымыз шетелдердегі университеттік білімдердің барлық деңгейлеріне еркін қатысуға және бітіргеннен кейін кез келген елде жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

- Биылғы жылдан бастап жоғары оқу орындарында ІІ курс студенттері арасында мемлекеттік курсаралық бақылау тесті өткізілмекші. Оны өткізудегі мақсат қандай?

- Қазақстан Республикасының кәсіптік жоғары білім ұйымдарындағы білім алушыларға аралық аттестаттауды енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы биыл 9 қаңтарда бекітілді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің медициналық мамандықтар бойынша оқудың ІІІ курсынан, басқа кәсіптік жоғары білім беру мамандықтары бойынша ІІ курстан кейін меншік нысаны мен ведомствалық бағыныштылығына қарамастан, Қазақстан Республикасының кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарындағы білім алушыларға аралық аттестаттауды енгізу туралы ұсыныс қабылданды. Аралық аттестаттау студенттардің әлеуметтік – гуманитарлық, жаратылыстану - ғылыми және жалпы кәсіптік білімдер бойынша өтеді.

    Бұл аттестаттаудың негізгі мақсаттары: біріншіден, студенттердің 2-3 курстан кейінгі білімдеріне мемлекеттік баға беріледі, яғни студенттердің білім алудағы жауапкершілігі арттырылады. Екіншіден, оқытушы-профессорлық құрамның білім беру нәтижесі өз бағасын алатын болады. Үшіншіден, білім процесінде кездесетін келеңсіз жағдайларды болдырмауға қадам жасалады. Төртіншіден, еліміздің жоғары оқу орындарындағы білім беру қорытындысы шығарылып, білім мекемелері басшыларының білікті мамандар даярлаудағы ұйымдастырушылық жұмыстарын жандандыра түсуге ықпал етеді. Сайып келгенде, бұл – білім алып жатқан студенттің де, білім беріп жатқан оқытушының да білімділігін, біліктілігін арттыру мақсатында істелініп отырған шара.

- Ал тестілеуден өтпеген студенттің тағдыры не болады?

- Тиісті балл жинай алмаған, яғни тестен өте алмаған студент оқудан шығарылады. Ал, екінші курсты қайталап оқуға келіскен жағдайда, студент оқудың төлемақысын төлеу арқылы сол курсты қайта қалады немесе оқуын колледжде жалғастыра алады.

- Мемлекеттік тапсырыспен түскен студенттер не істейді?

- Мемлекеттік тапсырыспен түскен студенттер тесттен өтпеген жағдайда мемлекеттік білім грантының иегері құқынан айырылып, өзге студенттер сияқты ақылы топтарда оқудын екінші курстан қайта жалғастыра алады немесе оқудан шығарылады.

- Министрлік ұсынып отырған тағы бір жаңалық – биылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) еңгізілуі. Ұлттық бірыңғай тестілеу дегеніміз не?

- Мектеп оқушысының білімін тәуелсіз бағалау мақсатында ҰБТ енгізіліп отыр. Ол орта мектепті бітірушілерді мемлекеттік аттестаттауды және жоғары оқу орындары мен колледждерге қабылдау емтихандарын біріктіріп өткізуді мақсат етеді. ҰБТ-ның енгізілуі оқушылардың білім деңгейін анықтауды, сондай – ақ, оларға сабақ беріп жүрген мұғалімдердің жауапкершілігін арттыруды көздейді. Сонымен бірге, білім беру ұйымдарының қызметін бағалауға және олардың қоғамдағы алатын орнын айқындауға ықпал етеді.

- “Алтын белгіден” үміткерлер де ҰБТ-дан өте ме?

- “Алтын белгіден” үміткерлер де тест тапсырады. ҰБТ –да мектепте оқығандығы үздік бағаларын дәлелдесе, жоғары оқу орындарына таңдаған мамандығы бойынша сертификаттар конкурсқа қатыспай-ақ бірден қабылданады.

- Мектепті өткен жылы немесе одан бұрын бітіргендер үшін ҰБТ қашан жүргізіледі?

- Өткен жылдардағы жалпы білім беретін мектептерді, кәсіби мектептерді, колледждерді тәмамдағандар жоғары оқу орындарында және колледждерге шілде айында кешенді тестілеу технологиясы бойынша түсуге болады. Олар ҰБТ-ны тапсырған бітірушілер сияқты мемлекеттік білім гранты мен кредитіне ие болу үшін конкурсқа қатыса алады.

- Ұлттық біріңғай тестілеуді өткізуді ұйымдастыру жұмыстары қалай жүргізілуде? Ұйымдастыру шараларына қажет қаражат қалай шешілген?

- Өткен жылғы жоғары оқу орындарының базасында ұйымдастырылған тестілеу пункттеріне қоса, тағы да осындай 48 пункт ашу жоспарлануда. ҰБТ-ны өткізуге республикалық бюджеттен 386 миллион теңге қаражат қарастырылып, аймақтарда ҰБТ –ны өз деңгейінде өткізу қолға алынуда. Мектеп бітірушілерге ҰБТ тегін болады, сондай-ақ, оларды ҰБТ-ны тапсыру пункттеріне жеткізу, тамақтандыру, жайғастыру жоғарыда айтылған қаржы есебінен қамтамасыз етіледі.

- ҰБТ-ға қандай пәндер кіреді?

- Жоғары оқу орнына түскісі келетіндер қазақ немесе орыс тілдерінен, Қазақстан тарихынан, математикадан міндетті түрде, сонымен қатар, болашақ мамандығына байланысты төртінші пәннен тест тапсырады.

- Тест сұрақтарына мектеп бағдарламасынан тыс сұрақтар еңгізіле ме?

- Тест сұрақтары министрлік бекіткен және ұсынған жалпы мектеп бағдарламасы негізінде болады.

- Рахмет.

Сұхбаттасқан

Есей Жеңісұлы

“Жас алаш” 5 ақпан 2004 ж.