Map map map 2
 



 

no news in this list.



            


            








Ж.ҚҰЛЕКЕЕВ, “Білімді ұрпақ бірнеше тілді білсін” мақала, “Егемен Қазақстан” газеті, 7 шілде 2004 ж.

Қазақстанның жедел дамып отырған адамзат қоғамының көшінен қалмай, қазіргі заманға лайық биіктен көрінуі, Мемлекет басшысының Жолдауында атап көрсетілгеніндей, ұлттық білім беру жүйесінің деңгейіне байланысты. Елдің ертеңгі өрісі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірмен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет. Еліміздің білім беру саласында жүріп жатқан реформаның ең басты мақсаты-осы.

Білім мен тәрбие тұғыры тіл болғандықтан, тілдерді оқыту жайы қашан да басты назарда тұрады. Қазақстан Республикасының Конституциясына, “Білім туралы”, “Тіл туралы” заңдарға, сонымен қатар биылғы жылы бүкілхалықтық талқылауға түсіп, Қазақстан РеспубликасыныңҮкіметі мақұлдаған “Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасына” сәйкес еліміздің жас ұрпағы мемлекеттік тіл – қазақ тілін, орыс тілін және шетел тілдерін білу міндеті қойылып отыр.

Осыған байланысты үстіміздегі жылғы 12-13 ақпан күндерінде Астана қаласында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында мемлекеттік, орыс және шетел тілдерін оқыту проблемалары жөнінде республикалық кеңес өткізілді. Республикадағы білім беруді басқару органдарының басшылары, жаңашыл ұстаздар, оқулық авторлары, осы мәселелерді зерттеп жүрген әдіскер-ғалымдар, республикалық педагогикалық басылымдардың бас редакторлары, Қазақ білім академиясы мен Республикалық мұғалімдер біліктілігін арттыру институтының басшылары қатысқан кеңесте тілдерді оқыту саласындағы көкейкесті проблемалармен қатар алғаш рет шетел тілдерін ерте оқыту, үш тілде білім беру мәселелері көтеріліп, талқыланды.

Бүкіл дүние жүзінде интеграциялық процестер бел алып келе жатқан қазіргі кезде ендігі жаңа буын, жас ұрпақтың мемлекеттік тілді, сонымен бірге шетел тілдері мен орыс тілін жақсы білу - өмір талабы. Жоғарыда аталған кеңеске қатысушылар қабылдаған ұсыныстарға сәйкес ағылшын тілін 2-ші сыныптан бастап оқыту және бір мезгілде үш тілде білім беру эксперименттерін бастау туралы шешім қабылданды.

Алдағы оқу жылынан бастап 12 жылдық білім беруге көшу міндеттері аясында шетел тілін бастауыш буыннан бастап оқыту тәжірибесі сынақтан өткізілмек. Арнайы 2004 жылғы 4 наурыздағы №174 бұйрықтың негізінде “Ағылшын тілін жалпы білім беретін мектептің 2-ші сыныбынан бастап оқыту” экспериментінің құжаттарын дайындайтын жұмыс тобы құрылды. Абылай хан атындағы Қазақтың халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті бас үйлестіруші ұйым ретінде бекітіліп, қазіргі кезде осы экспериментті дайындап өткізуге қажет барлық оқу материалдарын әзірлеу, оқу әдебиетінің тізбесін түзу, нормативтік құжаттарын жасау, мұғалімдерді даярлау жұмыстары жүргізілуде.

Үш тілде білім беру эксперименті бойынша әрбір облыста өздері таңдаған 1 не 2 мектеп эксперимент алаңы ретінде белгіленіп, олардағы 7-ші сыныптарда жаратылыстану-математикалық циклдың 1 пәні ағылшын тілінде оқытылмақ. Қазақ тілінде оқытатын мектепте орыс тілі мен әдебиеті екі дербес пән ретінде бөлініп, орыс тілінде (қазіргі кезде қазақ мектептерінде бұл екі пән “Русская речь” атты бір пәнге біріктірілген) берілсе, орыс тілінде оқытатын мектепте қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихы – қазақ тілі негізінде жүргізіледі. Оқу жоспарының аталған пәндерден басқа пәндері қалыптағыдай, қазақ мектебінде – қазақ тілінде, орыс мектебінде орыс тілінде оқытылады.

Осы жұмысқа байланысты “Ана тілі”, “Жас алаш”, т.б. газеттерде оқырмандардың қарсы пікірлері көп жарияланды. Қазақ тілінің биік мәртебесі жолында еңбектеніп отырған белді басылымдардың еліміздің білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан реформалау барысына ден қойып, аса маңызды мәселе – тілдерді оқыту проблемасын халықтық талқылауға салғаны құптарлық жай.

Бұл мәселе туралы тағы да “Ана тілі газетінің 24 маусым күнгі нөмірінде жарияланған “Мемлекеттік тілді қорғау ұлттық қозғалысының” мәлімдемесінде, “Жас алаш” газетінің 1 шілдедегінөмірінде жарық көрген зиялы қауым өкілдерінің үндеуінде айтылды. Осыған байланысты аздаған түсініктеме берген жөн болар.

Эксперимент әр аймақта 1 қазақ, 1 орыс мектебінде жүргізілетінін, ағылшын тілінде әр мектепте 1 пән ғана оқытыла бастайтынын айттық. Бәрімізді алаңдатып отырған ұлтымыздың ұясы қазақ мектептерінде орыс тілі мен әдебиеті орыс тілі негізінде оқытылады десек, бұл қалыптағы, түсіндіріп жатуды қажетсінбейтін жағдай емес пе? Байқасаңыз, негізгі жаңалық – бір пәннің ағылшын тілінде, орыс мектептерінде қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихының қазақ тілі негізінде оқытыла басталуы болып отыр.

Бірнеше пәннің қазақ тілінде оқытылуы оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеру сапасына игі ықпал етеді.

Эксперимент нәтижелі аяқталған күнде бір мезгілде үш тілде оқыту республика мектептерінің жаппай барлығында енгізілмейді. Балалардың қабілет-бейімділіктеріне, табиғи таланттарына, қызығушылықтарына қарай таңдауына мүмкіндік беретін инновациялық білім ұйымдарының бір түрі ретінде әр аймақта 1-2 мектептен ашылады. Оларға Оқушылар конкурстық негізде қабылдануы тиіс.

Жоғарыда аталған үндеуде жазылғандай, эксперимент тек орыс тілінде оқытатын мектептерде емес, қазақ тілінде оқытатын мектептерде қатар басталады. Және ағылшын тілін меңгеру қазақ тілінде оқытатын мектепте орыс тілінің негізінде емес, тіл үйретудің ғылыми-әдістемелік талаптарына сай баланың ана тілін негізінде алады.

Қазіргі дүниеде қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін бірден-бір фактор – тіл. Озық ойлы адамдар қай заманда да бір елдегі бірнеше мәдениеттің, тілдердің қатар өрістеуіне үлкен мән берген.

Басқа елдермен бейбіт қатар өмір сүріп, ынтымақтастық орнату үшін, сондай-ақ әлемдегі тіршілік тынысынан, толассыз аққан ақпарат ағынынан хабардар болуы үшін де Қазақстанның жас ұрпағының басқа елдің тілін білуі аса маңызды. Бүгінгі жаппай ақпараттандырылған дүниеде өзгелермен қарым-қатынасқа түспей, оқшауланып өмір сүру мүмкін емес. Ұлы Абайдың ХІХ ғасырдың өзінде-ақ: “…Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек”, - деп, өзгенің тілін үйренуді өсиет еткені белгілі.

Әлемнің көптеген елдерінде, әсіресе, Еуропа мектептерінде бір мезгілде оқушыларға 3-4 тілде білім береді. Мәселен, Люксембург мектептерінде бастауыш буында люксембург тілінде (неміс тілінің мюзель диалектісіне француз тілінің сөздері араласқан тіл) оқытса, одан әрі пәндер неміс, француз, ағылшын, қажет болғанда, итальян немесе испан тілдерінде жүргізіледі. Осының арқасында бұл елдің жастары үш-төрт тілде еркін сөйлейді.

Австрия мектептеріндегі тілдерді оқыту тәжірибесін алып қарайық. Еуропаның кіндік тұсында орналасқан, жан-жағынан түрлі тілде сөйлейтін, түрлі мәдениет-дәстүрлері қалыптасқан елдер қоршаған шағын мемлекетте ағылшын тілін бастауыш сыныптардан бастап оқиды, жоғары гимназия сатысында үш тірі тіл: ағылшын, француз, испан тілдерімен қатар көне грек және латын тілдерін оқып үйренеді. Оның үстіне оқушылардың өз қалауына қарай итальян, венгр, чех, орыс тілдері оқытылады. Шетел тілдерін оқыту әдістемелері дәстүрлі үлгіде, бір ерекшелігі- оқу сағаттарының көлемі ауқымды. Сонымен қатар міндетті түрде әрбір тілдің шыққан отанына: Париж, Лондон, Будапешт, Мадрид сияқты қалаларға оқушыларды апарып отырады. Австриялық әрбір гимназия бітіруші кемінде үш тілде, кейде одан да көп тілдерде еркін сөйлейді.

Бірнеше тілде білім беру біздің еліміз үшін жаңалық емес. Қазақ-түрік лицейлері арқылы келген, ата-аналардың қолдауына ие болған тәжірибе. Жыл сайын қазақ-түрік лицейлеріне қабылдаудың үлкен конкурспен өткізілетіндігі баршаға аян. Жаратылыстану-математикалық пәндерін ағылшын тілінде оқыған дарынды оқушылар халықаралық білім сайыстарында еліміздің туын желбіретіп, ел мерейін өсіріп жүр.

Қазақ-түрік лицейлерінің түлектері бірнеше тілді меңгергендіктен, қазіргі кезде Еуропа, Америка, Түркия сияқты әлемнің 18 елдерінде білім алуда.

Еліміздегі орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде 2000 жылдан бері қазақ әдебиеті пәні қазақ тілі негізінде оқытылады. Қазақ әдебиетімен қатар Қазақстан тарихының сабақ фрагменттерін қазақ тілінде оқыта бастаған жекелеген орыс мектептері бар. Бұдан әрі қазақ емес тілде оқытатын мектептерде қазақ әдебиетін, Қазақстан тарихы мен географиясын қазақ тілінде, сондай –ақ музыка, технология мен бейнелеу өнері сабақтарын мемлекеттік тілмен кіріктіре (интегрированные уроки) оқыту тәжірибесі кеңінен енгізілуі қажет.

Елдің егемендігінің басты сипаттарының бірі, халықтың рухани өзегі – мемлекеттік тіл болғандықтан, оның орта мектептегі оқытылу сапасы Қазақстанның болашағын айқындауға маңызды ықпал ететіндігі даусыз. Бүгінгі күні қазақ тілінің даму жайы этнолингвистикалық және әлеуметтік –лингвистикалық тұрғыдағы арнадан асып, саяси-мемлекеттік сипатта тәуелсіздік мүдделері мен астасып жатыр. Мемлекеттік ұлт саясатының ажырамас бір бөлігі – мемлекеттік тілің қолданыс аясын кеңейту міндеті ел өміріндегі сан салалы ресми қарым-қатынастар қатарында ұлттық білім беру жүйесі үшін де басты орында тұр.

Мемлекеттік тіл бүгінгі күні оқыту тіліне, типіне, түріне қарамастан, еліміздегі барлық жалпы білім беретін мектептерде оқытылады.

Мектептегі мемлекеттік тілдің оқытылу проблемаларына байланысты пікір айтушылар көбіне оның ахуалын орыс тілімен салыстырады. Бұл екі тіл атқаратын әлеуметтік қызметтері жағынан болсын, қоғамдағы қолданыс аясы, өткені мен бүгінгі жайы болсын екі түрлі екендігін ескеру қажет. Қазақстанда ХХ ғасырдың басынан бері, әсіресе кеңестік дәуірде басымдықпен оқытылған орыс тілінің негізгі мақсаты толық жүзеге асырылған, оқыту ісі бір жүйеге түскен. Ал қазақ тілінің басқа ұлт өкілдері үшін міндетті пән, міндетті емтихан ретінде белгіленіп, үлкен қамқорлыққа ие болуы тек соңғы 15 жыл ауағындағы тірлік.

Осы орайда, қазақ тілінің ең алдымен ана тілі ретінде оқытылып үйретілуі ұлт болашағы, мемлекеттің ертеңі үшін аса маңызды. Қазіргі кезде қазақ балаларының 80 пайыздан артығы өз ана тілінде білім алады. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде қазақ тілінде оқытатын мектептер желісі кеңейді. Олардың саны 1991 жылға қарағанда 731-ге, соңғы 5 жылда 270 мектепке артып, бүгінгі күні 3636 ға жетті. Бұл жалаң сандар емес, олардың артында өз ана тіліне бет бұрған қазақтың жас өркені, соған тірелген қазақ тілінің болашағы тұр. Жоғары сапаға қол жеткізу сандық көрсеткіштің өсуіне де тікелей байланысты. Қазіргі кезде еңсесін көтерген қазақ тілінде оқытатын мектептер саннан сапаға ұмтылуда. Бұл тәуелсіздік таңымен келген игілік.

Бүгінгі күні 19000 басқа ұлт баласының қазақ мектептерінде оқуы қазақ тілінде білім алудың беделі өсіп келе жатқандығын көрсетсе керек. Мектепте оқитын қазақстандық барлық оқушының 54,8 пайызы – қазақ тілінде, 40,5 пайызы орыс тілінде оқиды. Өткен оқу жылында 1-ші сыныпқа келген 236,0 мың баланың 57,8 пайызы оқу тілі ретінде қазақ тілін таңдаған. Ұлты қазақ бүлдіршіндердің 81,2 пайызы өткен жылы қазақ мектебінің есігін ашты. Осы келтірілген цифрлардан қазақ тілінің ұлт ұрпағы үшін шынайы ана тіліне айналғанын көруге болар деп ойлаймын. Қадыр Мырза Әли айтқандай, тіл бала тіліне айналмай, ана тілі бола алмайды. Ендеше, әрбір жаңа буын жас толқын арқылы қазақ тілінің рухы нығайып, қуаттанып келе жатқаны – бұл да бүгінгі күннің шындығы.