|
||||||||||||||
![]() no news in this list. |
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі Жалпы орта білім
2006-2007 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы бiлiм беру ұйымдарында ғылым негiздерiн оқыту ерекшелiктерi туралы ӘДIСТЕМЕЛIК НҰСҚАУ ХАТ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БIЛIМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛIГI Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ БIЛIМ АКАДЕМИЯСЫ
2006-2007 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы бiлiм беру ұйымдарында ғылым негiздерiн оқыту ерекшелiктерi туралы ӘДIСТЕМЕЛIК НҰСҚАУ ХАТ
Алматы 2006
Құрастырғандар: Қонақова К.Ө., Дүйсебек Ә.Т., Қазақбаева Д.М., Тоқбергенова У.Қ., Әрiнова Б.А., Кәрібаева Ш.Ш., Хавайдарова М.М., Аблесенова А.А., Айдарова З.Ш., Ахметқұлова Б., Әлдiбаева Т.Ә., Ералиева М.Е., Жусанбаева Г.М., Жүкеш Қ.М., Жұмағұлова Қ.Ә., Жұмаділова Р., Каимова Р., Қалиақпар Д., Қонақова Г.У., Майхиев Д.К., Мұхамеджанова С., Осмұхамбетова Ж.Б., Өтебаева Г.К., Райымбергенова С.Ш., Тайжанов С., Телеугалиев Ю., Тойғулиева А. Жұмабекова.Ж.
2006-2007 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы бiлiм бiлiм беру ұйымдарында ғылым негiздерiн оқыту ерекшелiктерi туралы әдiстемелiк нұсқау хат. –Алматы, 2006.
Жинаққа мектепке дейінгі ұйымдарда және жалпы бiлiм беру ұйымдарының 1-11 - сыныптарында оқыту бағыттарына қарай оқу процесiн ұйымдастыру бойынша материалдар енгiзiлген. Жинақ орта жалпы бiлiм беретiн мектептердiң жетекшiлерi мен пән мұғалiмдерiне, бiлiм саласы қызметкерлерiне арналған.
Кіріспе
2006-2007 оқу жылының ерекшелігі 2002 жылғы ҚР орта жалпы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес 10-сыныпта бағдарлы оқытуға көшу болып табылады. Бағдарлы оқыту жалпы орта білім берудің жоғарғы сатысында оқушыларды саралау жүйесі ретінде қарастырылады. Оқыту бағдарламалары оқушылардың қабілеттіліктерін дамытуға бағдарлануы тиіс. Пәндерді тереңдетіп оқытуға қарағанда бағдарлы оқыту барлық оқушылар үшін және олардың қызығушылықтары ескеріле отырып ұйымдастырылады. Білім беру мазмұнын құрудың бағдарлау принципі мектепте жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытудай емес, ауқымы кең білімдік кеңістікті құруға бағытталған. Бағдарлы оқытуды ұйымдастыру бағдарлау процесінің екі құраушысын ескереді: бағдарлау бағыты және оқыту бағдары. Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерінде оқытуды бағдарлау қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттарында жүзеге асырылады. Мектеп оқушылардың қажеттілігі мен ата-аналардың сұранысын ескере отырып, бір немесе екі бағытты бірдей таңдай алады. Оқушылар таңдаған бағыттары бойынша физика-техникалық, экономика-математикалық, химия-биологиялық, география-экологиялық, көркемдік, лингвистикалық, тарихи-құқықтық бағдарларда білім ала алады. Бағдарлап оқытудың негізгі міндеті - оқушылардың саналы кәсіби таңдау жасауларына ықпал ету. Сондықтан бағдарлап оқытудың маңызды құраушысы негізгі мектептің 9 сыныбында ұйымдастырылатын бағдаралды дайындық болып табылады. Ол келесі үш бөліктен тұрады: 1. Кәсіби бағдарлау бойынша ақпарат беру. 2. Кәсіби бағдарлау бойынша таңдау курстарын ұйымдастыру. 3. Психологиялық көмек беру. Бағдаралды дайындық нәтижесінде оқушы мектептің жоғары сатысында оқу бағдарының бағытын саналы да сенімді түрде таңдау жасай алуы тиіс. 5-10 сыныптарда мектептік білім берудің алдында тұрған міндеттер 2002 жылғы МЖМББС негізінде дайындалған оқу бағдарламалары мен оқу жоспары арқылы жүзеге асырылады: - жалпы білім беретін оқу орындарының негізгі сатысы бойынша базистік оқу жоспары (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 24.09.02 ж. N693 бұйрығы); - жалпы білім беретін оқу орындарының жоғары сатысы бойынша базистік оқу жоспары (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 24.09.02 ж. N 693 бұйрығы); - 5-7 сыныптарға арналған оқу пәндері бойынша бағдарламалар (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 11.03.2003 ж. N 148 бұйрығы); - 8-9 сыныптарға арналған оқу пәндері бойынша бағдарламалар (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 12.05.2004 ж. N405 бұйрығы); - 10-11 сыныптарға арналған оқу пәндері бойынша жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарына арналған бағдарламалар (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 18.10.2005 ж. N672 бұйрығы). 10 сыныптағы оқу процесіне Қазақстан Республикасы тірек мектептерінде сынақтан өткізілген, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 06.01. 2006 ж N6, 16.03.2006 ж. N129, 25.04.2006 ж. N210 бұйрықтарымен пайдалануға рұқсат етілген жаңа буын оқулықтары енгізіледі. Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептерінде бағдарлы оқытуды ұйымдастыруда Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясында дайындалған әдістемелік ұсыныстарды басшылыққа алу ұсынылады: 1. Қонақова К.Ө. және т.б. Қазақстан Республикасы мектептерінде бағдарлы оқыту ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсыныстар. – Алматы, 2006. -32 б. 2. Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептерінің базистік оқу жоспары (ҚР білім және ғылым министрлігінің 13.03.1996 жылғы №69 бұйрығымен бекітілген). – Алматы: РИК, 1996. 3. Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының негізгі ережелері (ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2002 жылғы 24 қыркүйектегі бұйрығымен бекітілген). – Алматы: РОНД, 2003. 10-сыныпта МЖМББС-2002-ні енгізу ҚР БжҒМ-нің вариативтік компонент негізінде валеология, отбасылық өмірдің этикасы мен психологиясы, информатика, экономика, қазақ тілі және т.б. сияқты бірқатар оқу пәндерін міндетті түрде оқып-үйрену жөніндегі бұрынғы бұйрықтарының өз күшін жойғанын білдіреді. Бірақ, егер қажет болған жағдайда мектеп көрсетілген пәндерді бағдардың вариативті бөлігі ретінде оқытуға құқығы бар. Жалпы білім беретін мектептердің 11-сыныбында оқыту Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің 1994 жылғы 14-сәуірдегі «Жалпы білім беретін оқу орындарының оқу жоспарлары туралы» №156 бұйрығына сәйкес дайындалған оқу бағдарламалары бойынша іске асырылады.
МЕКТЕПАЛДЫ ДАЯРЛЫҚ ТОПТАРЫНДА ТӘРБИЕЛЕУ МЕН ОҚЫТУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ
Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейiнгi бiлiм берудi дамытудың мемлекеттiк бағдарламасында үздiксiз бiлiм берудiң бастапқы деңгейi мектепке дейiнгi тәрбие және оқытуда баланың бойында оқу қызметiн меңгеруге қажеттi жеке қасиеттердi тәрбиелеуге, яғни мектепалды дайындыққа ерекше көңiл бөлiнiп отыр. Мектепалды даярлықтың негiзгi мақсаты – 5-6 жасар балалардың дене дамуы мен психикалық саулығын қорғау және нығайту, ақыл-ойын жетiлдiру, олардың бойында қарапайым бiлiм негiздерi, iскерлiк пен дағдылардың алғы шарттарын қалай отырып, бастауыш мектепте бiлiм алуға бiрдей бастапқы мүмкiндiктермен қамтамасыз ету. 5-6 жасар балалардың мектепалды даярлығы отбасында, мектепке дейiнгi ұйымдардың мектепалды даярлық топтарында немесе жалпы бiлiм беретiн мектептердiң мектепалды сыныптарында, мектепке дейiнгi шағын орталықтарда мектепалды даярлық бағдарламасы негiзiнде жүзеге асады. Жоғарыда аталған мектепке дейiнгi шағын-орталықтар 1 жастан 6 жасқа дейiнгi балаларды жан-жақты дамыту үшiн және олардың ата-аналарына мектеп жасына дейiнгi балаларды тәрбиелеу және оқыту, баланы әлеуметтiк өмiрге бейiмдеу бойынша әдiстемелiк кеңес, қолдау көрсету бағытында ашылатын жаңа қызмет түрi. Республикада осы кезге дейiн 2130 орындық 117 шағын-орталық қызмет етiп келедi.Келешекте бiлiм беру ұйымдарының аясында 20 мың орынға арналған 800-ге жуық мектепке дейiнгi шағын орталықтар құру көзделуде. Мектепке дейiнгi шағын орталықтар аптасына 2 –7 рет күнiне 2-10 сағат ертеңгi уақытта және күннiң екiншi жартысында қызмет көрсете алады. Мектепалды даярлықты ұйымдастырудың көп варианттылығы оқуға iшкi мотивация туғызу; айналадағы өмiр шындығы туралы алғашқы түсiнiк алу; өзiне және мектепке оң қатынас; оқуға қабiлеттiң болуы (тiл дамыту, қарапайым санау және т.б.); қарапайым әлеуметтiк дағдының болуымен сипатталатын баланың мектепке даярлығы деңгейiн қамтамасыз етуге тиiстi. Ойын әрекетi. Мектепалды даярлық топтары мен сыныптарында ойынның жетекшi рөлi сақталады. Барлық арнайы өткiзiлетiн сабақтар барысында ойын түрлерi (ережелi, дидактикалық, ұлттық, қимылды, сюжеттi-рөлдiк т.б.) кеңiнен қолданылуы тиiс. Ойын тәрбиешi мен баланың, балалардың бiр-бiрiмен еркiн ынтымақтастығы негiзiнде құрылып, баланың өзiндiк белсендiлiгiне, өзiн барынша толық ашуына ықпал ететiн деңгейде ұйымдастырылуы тиiс. Дамытушы орта. Баланы қоршаған заттық-кеңiстiк орта болып табылатын топ немесе сынып бөлмесi, ойын алаңы, оның элементтерi (жабдықтар, ойыншықтар, дидактикалық материалдар және т.б.) – баланың қажеттiлiгi мен қызығушылығын қанағаттандырып, жеке басын дамытуға бағытталуға тиiс. Сондай-ақ заттық-кеңiстiктiк орта оқу-тәрбие процесiнiң мiндеттерi мен мазмұнына сай ұйымдастырылады. Барлық ойындар мен ойыншықтар, сурет салу, мүсiндеу, қиып- жапсыру, құрастыру, оқыту мен тәрбиелеудiң аудиовизуалдық және ақпараттық құралдары т.б. әрекеттерге арналған құрал-жабдықтар, материалдар балалардың еркiн алып қолдануына қолайлы етiп қойылуы керек. Жиһаздарды балалардың құрбыларымен бiрлесе ойнап, әрекет етуiне, өз қалауынша жүрiп - тұруына, оңашалануына кедергi жасамайтындай барынша ыңғайлы етiп орналастыру талап етiледi. Топ бөлмесiн ұлттық ойын бұрышы, құрылыс және құрастыру бұрышы, тыныштық және жекелену бұрышы, кiтап бұрышы, табиғат бұрышы және т.б. бұрыштарға бөлiп тастау тиiмдi. Бұрыштардың тақырыбы және онда қойылған заттар үнемi жаңартылып, мазмұны байытылып отыруы тиiс. Дамытушы заттық ортадағы құрал-жабдықтар төмендегiдей педагогикалық-психологиялық критерийлерге сәйкес келуi керек: 5-6 жастағы балалардың психикалық даму деңгейiне сәйкестiлiгi; жүйелi және алуан қырлы қызмет атқаруы; баланың дене дамуына үйлесiмдiлiгi; өзгертуге ыңғайлы жылжымалы болуы; мазмұны мен атқаратын қызметi жағынан көп түрлiлiгi. Ата-аналармен жұмыс. Мектепалды даярлығы топтарында балалардың отбасы туралы толық мәлiмет алу үшiн ата-аналарға арналған сауалдамаларға жауап алу, баламен және оның ата-анасымен жеке сұхбаттар жүргiзу, отбасына бару, баланы бақылау, отбасына қатысты тақырыптарға салынған суреттерiн зерделеу жұмыстары жүргiзiледi. Ата-аналармен жұмыста көрнекi ақпарат беретiн “Ата-аналар бұрышы” жасақталып, онда ата-аналардың құқығы мен мiндеттерi, педагогикалық және дәрiгерлiк кеңестер мен хабарландырулар, балалардың жеткен жетiстiктерi, шығармашылығы туралы ақпараттар iлiнедi. Ата-аналармен көзбе-көз ауызша қатынас жасаумен қоса жазбаша түрде байланыс жасау да тиiмдi. Себебi, ауызша берiлген ақпараттарға көп уақыт кетедi, ата-аналар оны еске сақтап, жүйелi орындай бермейдi. Ал жазбаша ескертпе қағаздар, ұсыныстар олардың тапсырмаларды ой елегiнен өткiзуiне мүмкiндiк берiп, белгiлi бiр орындау тәртiбiн ұсынады. Ата-аналармен ынтымақтаса жұмыс iстеудiң дәстүрлi ашық есiк күндерi, жеке және топтық сұхбаттар, ортақ жетiстiктер және проблемаларға қатысты iшiнара топтық кеңестер, жас ата-аналармен семинар – парктикумдар, топтық ата-аналар жиналыстары (тоқсанына-1 рет), конференция (оқу жылына- 1 рет) сияқты түрлерiн өткiзу. Ата-аналарды топ өмiрiне тарту және әр түрлi бiрлескен iс-әрекет түрлерiн, мерекелер мен сауық кештерiн, отбасыаралық спорттық сайыстар ұйымдастыруға көңiл бөлiнедi. Мүмкiндiгiше ата-аналар арналған психологиялық көмек бөлмелерiн ұйымдастыру. Педагогтың балалармен қарым-қатынас стилi. Мектепалды даярлық сыныбы немесе тобы тәрбиешiсiнiң балалармен қарым-қатынасы тұлғалық- бағдар негiзiне құрылуға тиiс, ол әр баланы құрметтеу және адамгершiлiкпен қатынас жасауды көздейдi. Мақсаты- баланың тұлға ретiнде қалыптасуына ықпал ету. Тәрбиешi балалардың оң мiнезi мен әрекетiн қолдай отырып, бiр-бiрiне жағымды қатынасын ұйымдастыру, топта өзiн емiн-еркiн сезiнуiне жағдай жасауы керек. Олардың бойындағы өзiндiк бейiм-қабiлеттерiне сүйене отырып, мектепте оқуға қажет болатын дағдылар мен iскерлiктердi қалыптастыру, дамытуды мақсат етедi. Ол үшiн мынадай жұмыс формаларын пайдалануға болады: - сабақтарды шағын топтармен өткiзу; - әр баламен жеке жұмыс жүргiзуге басым көңiл бөлу; - ерекше қабiлеттi және бұрын балабақшаға қамтылмаған балалармен арнайы жұмыс жүргiзу; - тәрбиешiнiң балалармен пiкiр алмасуы (баланың өз көзқарас-пiкiрiн батыл айта бiлуiне, өз шешiмiнiң дұрыстығын дәлелдеуiне мүмкiндiк туғызу мақсатында); - балалардың iс-әрекетiн қатаң шектеуден бас тарту; - педагог пен балалалар арасындағы қарым-қатынастың тең құқылы серiктестiкке құрылуы. Мектепалды даярлық жұмысының мазмұны келесi бағыттар бойынша бағдарламаға сәйкес дайындалған оқу-әдiстемелiк кешен негiзiнде арнайы ұйымдастырылған сабақтар түрiнде жүзеге асырылады: Тiл дамыту (жыл бойына 32 сағат, аптасына 1 сағат): балаларға ана тiлiнде ауызша сөйлеуге қажеттi дағдыларды игерту; монологтық және диалогтық сөйлеу тiлiн жетiлдiру; байланыстырып сөйлей бiлуге үйрету; балалар әдебиетi мен фольклорлық шығармалардың мазмұнын жүйелi де мәнерлi жеткiзе бiлу iскерлiгiн қалыптастыру. Көркем әдебиет (жыл бойына 32 сағат, аптасына 1 сағат): ұлттық және әлемдiк көркем әдебиет шығармаларына қызығушылығын қалыптастыру, әдеби тiлдiң көркемдiгiн сезiндiру, оқылған шығарманың мазмұнын түсiнiп, әңгiмелеуге, ондағы басты кейiпкерлердiң iс-әрекетiн бағалай бiлуге, шынайы өмiрмен байланысын сезiнуге, өзiндiк қорытындысын жасауға үйрету, белгiлi тақырыптарға өзiндiк әңгiме, ертегi шығаруға жағдай туғызу. Сауат ашуға дайындық (жыл бойына 48 сағат, аптасына 1,5 сағат): ана тiлiндегi барлық дыбыстарды анық айтуға; сөз құрамына дыбыстық талдау жасауға үйрету, сөздегi дыбыстардың айтылу ерекшелiгiн игерту, арнаулы жаттығулар арқылы қолды жазуға үйрету. Қарапайым математикалық түсiнiктермен таныстыру (жыл бойына 48 сағат, аптасына 1,5 сағат): ойлау қабiлетiн дамыту, сан, көлем, пiшiн туралы алғашқы түсiнiктер қалыптастыру, кеңестiк пен уақытты бағдарлай бiлуге үйрету. Қоршаған айналамен танысу, экология негiздерi (жыл бойына 48 сағат, аптасына 1,5 сағат): қоршаған заттармен, қоғамдық өмiр құбылыстарымен, өзi өмiр сүрiп отырған орта, әлем және Қазақстан Республикасы халықтарының мәдени- рухани құндылықтарымен, үлкендер еңбегiмен таныстыру, ересектер және құрбыларымен қарым-қатынас деңгейiн айқындайтын адамгершiлiк-этикалық түсiнiктерiн кеңейту. Дене шынықтыру (жыл бойына 96 сағат, аптасына 3 сағат): баланың дене түзiлiсiнiң дұрыс қалыптасуына, денсаулығының нығаюына жағдай жасау, негiзгi қимыл-қозғалыс түрлерiн (жүру, жүгiру, секiру) қалыптастыру. Өмiрде, iс-әрекет барысында белсендiлiкке үйрету, мектепте оқу iсiне қажет шыдамдылық, табандылық, ептiлiк, шапшаңдық т.с.с. қасиеттердi қалыптастыру. Бейнелеу өнерi (жыл бойына 128 сағат, аптасына 4 сағат): бейнелеу өнерiнiң әр түрiне (сурет салу, жапсыру, мүсiндеу) қызығушылығын қалыптастыру, оған қажет iскерлiк пен дағдыларға үйрету, эстетикалық сезiмiн, шығармашылық қиялын дамыту, өз бетiмен пайымдауға, көркемдiк баға бере бiлуге дағдыландыру Құрастыру және қол еңбегi (жыл бойына 32 сағат, аптасына 1 сағат). Құрастыру: берiлген тапсырма бойынша өз iсiн жоспарлай бiлу, өз құрылымын жасай бiлу, заттарды салыстыра, ортақ белгiлерi мен ерекшелiктерiн айқындай бiлу; белгiлi бiр құрастырушылық iскерлiгi мен дағдыларын меңгеру; логикалық ойлау мен сенсорлық мәдениет негiздерiн қалыптастыру. Қол еңбегi: нәтижелi әрекетке талпыныс пен еңбекке оң көзқарасын қалыптастыру, оны орындауда табандылыққа үйрету, бастаған iсiн аяғына дейiн жеткiзуге, қарапайым еңбек құралдарымен әрекет ете бiлуге дағдыландыру. Музыка (жыл бойына 64 сағат, аптасына 2 сағат): музыкалық шығармаларды тыңдауға, орындауға қызықтыру, өздiгiнен ән-би орындауға талпынысын қолдау, сезiмталдыққа, ұлттық музыкаға сүйiспеншiлiкке тәрбиелеу, әуен ырғағына сай қозғалуға үйрету, көркемдiк талғамын қалыптастыру. Валеология негiздерi (жыл бойына 32 сағат, аптасына 1 сағат): салауатты өмiр сүру қажеттiлiктерi мен әдеттерiне тәрбиелеу, өз денсаулықтарына дұрыс қарауға, жеке бас гигиена ережелерiн сақтауға үйрету. Мектепалды даярлық бес күндiк режиммен жүргiзiледi. Сабақтар сағат 9 да басталып, ұзақтығы -30-35 минутқа созылады. Әр сабақтың арасындағы үзiлiс 10-15 минуттан кем болмауға тиiс.
МЕКТЕПТІҢ БАСТАУЫШ САТЫСЫНДАҒЫ ОҚЫТУ ТУРАЛЫ
Бастауыш бiлiм жалпы орта бiлiм беретiн мектептердiң бастауыш сыныптарында немесе мектептiң өз бетiнше оқу-тәрбие берудi ұйымдастыратын бiлiм мекемесiнiң бастауыш сатысында оқыту мен тәрбиелеудiң өзара байланысы арқылы қамтамасыз етiледi. Мектептiң бастауыш сатысында оқытудың мақсаты: - оқытудың келесi сатысындағы оқу бағдарламаларын игерту мақсатында оқушылардың танымдық қабiлеттіліктерін және бiлiктіліктерін дамытуды қамтамасыз ететiн қарапайым бiлiм негiздерiн меңгерту; - негiзгi оқу iс-әрекетi дағдыларын қалыптастыру; - ұлттық дiлiн, өз елiнiң мәдени-тарихи ерекшелiктерi мен дәстүрлерiн ескере отырып, отандық және әлемдiк мәдениеттi таныту. Жалпы бастауыш бiлiм (1-саты) оқуды, жазуды, санауды, оқу әрекетiнiң негiзгi бiлiктерi мен дағдыларын, теориялық ойлаудың элементтерiн, оқу әрекеттерiне өзiндiк бақылаудың қарапайым дағдыларын, өзiн-өзi ұстау және сөйлеу мәдениетiн, жеке бас гигиенасы мен салауатты өмiр салтының негiздерiн меңгертудi қамтамасыз етедi. Мектепке дейiнгi жастағы балаларды бiрiншi сыныпқа қабылдауда олардың функционалдық сауаттылық негiздерiн меңгеру дәрежесiн емес, оның мектепке жалпы дайындығын тексере отырып, жоғарыда көрсетiлген мақсаттар бағдарға алынады. Әйтсе де көпшiлiк жағдайда балалардың оқу, жазу және санай алу дағдыларының қалыптасуы тексерiлетiнiн; баланың оқуға дайындығын тестiлеу арқылы тексерудiң нәтижесiздiгiн; алдын-ала тексерудiң жағымсыз немесе төмен деңгейдегi көрсеткiштерi баланы оқуға қабылдамауға негiз болатындығын тәжiрибе көрсетiп отыр. Бiрақ, мұндай құқық медицина қызметкерлерiне ғана тән. Тестiлеудiң, баламен әңгiмелесудiң барлық түрлерiнiң мақсаты - алдағы оқыту процесiне баланың жеке даму ерекшелiктерiн ескере отырып түзетулер енгiзу. Мұғалiм бiрiншi сынып оқушыларымен жұмыс iстегенде мектепке дейiнгi жастағы баланың жетiстiктерiнiң деңгейiн ескеруi, интенсивтi даму жағдайында жеке жұмыс жүргiзуi, мектепке дейiнгi жаста қалыптаспаған сапаларын түзету бойынша арнайы көмек жасауы тиiс. Оқу жетiстiктерi мен даму деңгейлерi бойынша жасанды iрiктеу арқылы балаларды дайындық деңгейiне қарай топтастыруға болмайды. Бiрiншi сынып оқушыларында оқуға деген ынта қалыптастыру, оларға белгiлi бiр табысқа қол жеткiзетiндей жағдай жасау және оларды өзiн-өзi бақылауға дайындау мақсатында оқу жылының бiрiншi жартыжылдығында ынталандырудың баға қоюды талап етпейтiн әдiстерi мен тәсiлдерi пайдаланылуы қажет. Оқушылардың мектеп талаптарына бейiмделуiн жеңiлдету мақсатында оқу жүктемесiн бiрте-бiрте өсiру арқылы сабақтардың “сатылық” режимi сақталады. Сабақтар арасындағы үзiлiстердiң ұзақтығы оқушылардың белсендi демалысы мен ыстық тамақтандыру ескерiп белгiленедi, алайда ол 10 минуттан кем болмауға тиiс. Бiрнеше ауысымда жұмыс iстейтiн бастауыш сатысы бар бiлiм беру ұйымдарында бiрiншi сыныптықтар оқуды бiрiншi ауысымда ертеңгі сағат 8.30-дан ерте бастамауы тиіс. Бастауыш мектептегi оқыту төмендегiлердi қамтамасыз ететiндей екi деңгейде жүргiзiледi: 1) оқушылардың жалпы бiлiмдiк дайындығы - ғылым негiздерiн оқыту оқу жоспарларының инвариантты бөлiгiнде белгiленген пәндер тiзiмi мен сағат көлемi арқылы жүзеге асырылады; 2) оқушыларды жалпы дамыту дайындығы - олардың қызығушылықтарына, бейiмдiлiктерi мен қабiлеттерiне қарай шығармашылық дамуына қажеттi жағдайлар жасау. Нақты ұйымда бiлiм беру мазмұны 2002 жылы бекiтiлген Жалпы орта бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандартына сәйкес дайындалған оқу бағдарламалары арқылы жүзеге асады. Ұйымның талаптарына балаларды бейiмдеу процесiн жеңiлдету мақсатында 1-сыныптарда оқу жүктемесiн бiртiндеп өсiре отырып, оқу сабақтарының “сатылы режимi” қолданылуы тиiс: 1-тоқсанда сабақтың ұзақтығы 35 минуттан күнiне 3 сабақ, 2-тоқсаннан бастап әрқайсысының ұзақтығы 35 минуттан күнiне 4 сабақ сабақ өткiзiлуi тиiс. Сабақ кестесiн жасауда оқушылардың тамақтануы мен дем алуына жеткiлiктi ұзақтықтағы үзiлiс жасалатындай етiп құрылуы қажет (Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 11 наурыздағы 224 қаулысы) Мектептiң бастауыш сатысы бойынша жалпы орта бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандартының нормаларын жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ бiлiм, бiлiк, дағдыларды бақылау және бағалау жүйесiн жетiлдiру үшiн бақылаудың белгiлi нормалары мен эталондарымен қатар (тексеру жұмыстары, диктанттар, аралық бақылаулар және т.б.)оқушылар жетiстiктерiнiң деңгейiн анықтауға мүмкiндiк беретiн аралықты және қорытынды бақылаудың тесттiк формаларын енгiзу ұсынылады. Стандарт талаптарының орындалуын бағалау оқу процесiнiң межелiк кезеңiнде, яғни оқытудың бастауыш сатысының соңында — 4-сыныпта жүзеге асырылуы тиiс. Пәндер бойынша бастауыш бiлiм беру стандарты барлық оқушылар меңгеруi тиiс мiндеттi минимумды белгiлейдi. 2006-2007 оқу жылында қазақ, орыс, ұйғыр тiлдерiнде оқытылатын жалпы орта бiлiм беру ұйымдарында 2003 жылы ҚР БжҒМ-нің 11 наурыздағы N148 бұйрығымен бекiтiлген оқу бағдарламалары (Алматы, РОНД, 2003) пайдаланылады. Мектептiң бастауыш сатысында пәндердi оқыту өңделiп, қайта басылымнан шыққан жаңа буын оқулықтары мен оқу-әдiстемелiк кешендерi бойынша (оқулық, әдiстемелiк нұсқау, жұмыс дәптерлерi, дидактикалық материалдар, хрестоматия) жүзеге асырылады (ҚР БжҒМ-нің 06.01. 2006 ж. № 6, 03.2006 ж. № 129, 25. 04. 2006 ж. № 210 бұйрықтары). Қазақстан Республикасы жалпы орта бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандарттарының 9.3 бөлiмiне сәйкес пәндердi оқыту процесiн оқу-әдiстемелiк, техникалық жағынан қамтамасыз етудi мектеп әкiмшiлiгi мен бiлiм берудi басқарудың жергiлiктi органдары (департаменттер) жүзеге асырады. Төменде барлық типтегi мектептердiң 1-4 сыныптарына арналған базалық оқу пәндерi мен оқулықтары тiзбесiне сипаттама берiледi. Мектептiң бастауыш сатысындағы “Филология” бiлiм саласына “Сауат ашу”, “Қазақ тiлi”, “Әдебиеттiк оқу“ пәндерi енедi. Бастауыш сатыда “Филология” бiлiм саласын оқыту жүйелi-концентрлi ұстанымға негiзделiп, мазмұны жағынан кешендi сипатта болады. Оқытудың бұл құрылымы тiлдi оқытудың коммуникативтiк — iс-әрекеттiк бағытын жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi. Мұның өзi тiлдiк бiлiмнiң жаңаша сапасын қамтамасыз ету бағытын жүзеге асыруға бағыт бола алады. Осы тұтас жүйе мазмұны мен өзiндiк мақсатқа бағыттылығы жағынан оқушының тiлдiк iс-әрекеттерге ауызекi және жазба тiлдегi толыққанды дайындығын қамтамасыз етедi. Бастауыш сатыда оқытуда оқушы үшiн тiл қарым-қатынас құралы ғана емес, қоршаған ортаны тануға, адамның тiлi мен ақыл-ойын дамытуға, адамдардың бiр-бiрiне өзара әсер етуiне, оларға эстетикалық және адамгершiлiк тәрбие беруге мүмкiндiктер ретiнде көрiнедi. Бастауыш сатыдағы “Филология” бiлiм саласын оқытудағы тiлдiң қызметi қарым-қатынастың, қоршаған ортаны танудың, жеке тұлғаның өзiндiк қызығушылықтарын, қажеттiлiктерiн және қабiлеттерiн дамытудың құралы ретiнде қарастырылады. Сауат ашу - 1- сынып бойы (аптасына 7 сағаттан) жүретiн оқу пәнi. Сауат ашу курсы әлiппеге дейiнгi кезең, әлiппе кезеңi және әлiппеден кейiнгi кезең деп аталатын үш кезеңге бөлiнген. Пәннiң негiзгi ерекшелiгi - әлiппеден кейiнгi кезеңнiң II жартыжылдықтың өн бойында жалғастырылып оқытылуы. Сауат ашудың басты мақсаты - тiл дамытумен өзара байланыста оқу және жазу дағдыларын қалыптастыру (I жартыжылдықта “Әлiппе” оқулығының материалдарында) және оқу және жазу дағдыларын жетiлдiру, алғашқы грамматикалық мағлұматтарды меңгерту (II жартыжылдықта „Ана тiлi” оқулығының материалдарында). Оқу пәнiнiң базалық мазмұны: негiзгi тiлдiк бiрлiктер - дыбыс, буын, сөз, сөйлем, мәтiн; қазақ алфавитiнiң әрiптерi; оқуға және жазуға, тiл дамытуға арналған иллюстративтiк, мәтiндiк материалдар; дыбыстық және дыбыстық-әрiптiк сызбалар, буынның, сөздiң, сөйлемнiң сызбалары; 5) алғашқы грамматикалық мағлұматтар (II жартыжылдықта - әлiппеден кейiнгi кезеңде). Оқу пәнiнiң мазмұны 2 оқулық бойынша жүзеге асырылады: “Әлiппе” оқулығында әлiппеге дейiнгi және әлiппе кезеңдерiнiң мазмұны, “Ана тiлi” оқулығында әлiппеден кейiнгi кезеңнiң мазмұны қамтылады. “Сауат ашу” пәнiнiң кiрiктiрiлген сабақтарының мiндеттерi: - әлiппеге дейiнгi кезең: 1) сөздiк қорын байыту, лексикалық тақырыптар бойынша байланыстырып сөйлеу тiлiн дамыту; 2) дыбысталатын тiлдi, сөйлеудi талдау (сөйлем, сөз, буын, дыбыс); дыбыстық талдау (сөздегi дауысты және дауыссыз дыбыстардың саны мен ретi); дыбыстық сызба құру, оны “оқу”; 3) жазуға даярлау (әр түрлi сызықтар, өрнектер мен таңбалар сыздыру); жазу жолын сақтай отырып әрiп элементтерiн жазу; - әлiппе кезеңi: 1) құрамында жаңа таныстырылған әрiпi бар сөздермен сөздiк қорын байыту; 2) жаңа әрiппен таныстыру (әрiптiң баспа түрi және жазба түрi, бас әрiп және кiшi әрiп); 3) сөзге дыбыстық-әрiптiк талдау; сөздiң дыбыстық-әрiптiк сызбасын құру; 4) буынды, сөздi, сөйлемдi оқу; 5) байланыстырып сөйлеу тiлiн дамыту; 6) байланыстырылған мәтiндi оқу; 7) жазу; - әлiппеден кейiнгi кезең: 1) оқу; 2) жазу; 3) тiл дамыту; 4) алғашқы грамматика. Сабақты ұйымдастыру түрi: сауат ашудың мазмұнына мейлiнше сәйкес келетiн модульдiк құрылым. Кiрiктiрiлген сабақтардың құрылысы оқу уақытын барынша үнемдеуге, әрбiр сабақтың мақсатын айқын анықтауға және мазмұнын таңдауға мүмкiндiк туғызады. Әдебиеттiк оқу пәнi 2-4 сыныптарда аптасына 4 сағаттан оқытылады. Пән мазмұнында оқушылардың оқу дағдыларын қалыптастыру, оқырмандық мәдениетке баулу, қазақ және әлем балалар әдебиетiмен таныстыру, әдебиет теориясынан бастапқы мәлiмет беру мен шығармашылық қабiлеттерiн дамыту, елжандылыққа, отансүйгiштiкке тәрбиелеу мiндеттерi қарастырылады. Әдебиеттiк оқу пәнiнiң мазмұны тақырыптық-блоктiк, көркемдiк-эстетикалық ұстанымдарға негiзделедi және ауыз әдебиетi үлгiлерi мен классикалық балалар әдебиетiнiң жанрлық ерекшелiктерiнен қарапайым түсiнiк қалыптастыру, авторлар өмiрiнен қысқаша мағлұмат беру көзделедi. Қазақ тiлi пәнiн оқытудың басты мақсаты – оқушыларды (2-4 сыныптар) оқуға, сауатты жазуға үйрету, негiзгi тiлдiк ұғымдармен таныстыру, өз ойы мен пiкiрiн еркiн жеткiзе алатын дара тұлға тәрбиелеу. Қазақ тiлiн оқытуда сөйлеу туралы түсiнiк беру, ауызекi және жазба тiлде қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту, тiлдiк құбылыстарды талдау, орфографиялық дағдылар қалыптастыру, пунктуациялық ережелердi практикалық тұрғыда меңгерту, көркем жазу дағдыларын жетiлдiру, сөйлеу мәдениетiн дамыту мiндеттерi қойылады. Бағдарламалық материалдардың “Тiл және сөйлеу”, “Фонетика”, “Лексика”, “Сөзжасам”, “Морфология”, “Синтаксис”, “Мәтiн”, “Пунктуация” бөлiмдерiнен құрылуы негiзгi тiлдiк ұғымдарды бiр-бiрiмен тығыз байланыста қарастыруға мүмкiндiк бередi. Осы арқылы теориялық бiлiмдi ұғыну мен оны сөйлеу әрекетiнде практикалық тұрғыдан меңгеру үрдiстерiнiң бiрлiгiне қол жеткiзiледi.Қазақ тiлi пәнi 2-4 сыныптарда аптасына 4 сағаттан оқытылады. Русский язык как учебный предмет в соответствии с базисным учебным планом вводится с третьего класса: общность графики русского и родного языков облегчает усвоение второго языка, позволяет опираться на уже сформированные на уроках родного языка навыки чтения и письмо. В начальной школе с нерусским языком обучения на изучение предмета выделяется 136 часов: в 3 классе – 68 часов, в 4 классе – 68 часов, т.е. по 2 часа в неделю. Главные цели обучения русскому языку на начальном этапе: формирование и развитие элементарной русской речи на ограниченном лексико-грамматическом материале; взаимосвязанное обучение видам речевой деятельности (аудированию, говорению, чтению, письму); практическое усвоение элементов русского языка (фонетики, графики, орфоэпии, лексики, грамматики, словообразования, орфографии, пунктуации); воспитание средствами русского языка коммуникативной, нравственной и эстетической культуры. Содержание предмета в каждом классе представлено в трех составляющих: речевая деятельность; языковой материал; этнокультуроведческий материал. Математика пәнiн оқытудың мақсаты: математикалық бiлiм, бiлiк және дағдыларды игеру; математика курсының мазмұны арқылы баланы тұлға ретiнде қалыптастыру; танымдық және коммуникативтiк iс-әрекетке, сондай-ақ өздiгiнен бiлiм алуға, еңбекке дайындығын қалыптастыру Математика пәнi бойынша оқу жүктемесiнiң көлемi 1-2 сыныптарда аптасына 4 сағатты (оқу жылында 136 сағат), 3-4 сыныптарда аптасына 5 сағатты (оқу жылында 170 сағат) құрайды. Мектептiң бастауыш сатысында “Математика” пәнi бойынша базалық бiлiм мазмұны: 1) терiс емес бүтiн сандардың арифметикасы; 2) алгебра элементтерi; 3) геометрия элементтерi блоктарынан тұрады. Әрбiр жаңа ұғымды енгiзгенде оның маңызы мен мазмұнын ашып-көрсетуге мүмкiндiк беретiн белгiлi бiр iс-әрекет (практикалық жұмыс, есеп шығару) жүзеге асырылып отырады. Осы мақсатта бастауыш математикалық бiлiм мазмұнында мәтiндi есептер жүйесi қамтылды. Есеп шығарудың әртүрлi тәсiлдерiмен таныстыру олардың ең тиiмдiлерiн оқушылардың өздерi өз беттерiмен iздестiрулерi үшiн жағдай жасайды. Математиканы оқытуда жинақталған бiлiмдi, бiлiктердi, қабiлеттердi өзгертiлген жағдайда қолдана алу маңызды рөл атқарады. Ол үшiн тапсырмалар жүйесiн оқушылар оларды алдымен жеңiлдеулерiн, одан кейiн бiртiндеп күрделiлерiн орындауда сәйкес бiлiм мен бiлiктердi меңгеретiндей, өздерiнiң ақыл-ой қабiлеттерiн жаттықтыратындай етiп құрылуы қажет. Сонымен бiрге оқушылардың өз ұсыныстарын негiздеуiне, өз ойларын дәл, түсiнiктi және тиянақты етiп жеткiзе алуына үлкен мән берiлуi керек. Мәтiндi есептердi шығаруда белгiлер мен белгiсiздердi салыстыра отырып, оқушылар олардың арасындағы негiзгi байланысты түсiнулерi және оны математикалық қатынастар тiлiне ауыстыра алулары, есептердi шығарылуын математика тiлiнде рәсiмдей алулары қажет. Периметр, аудан және көлем жөнiндегi геометриялық материалдарды оқып-үйренуде сандық және құрамында бiр ғана әрiпi бар әрiптi өрнектердi құруға, оқуға, түрлендiруге, есептеуге қатысты бiлiктер мен дағдылар белсендi пайдаланылады. Бұл алгебра мен геометрия элементтерiнiң арифметикалық материалдармен табиғи бiрлiгiн тиiмдi жүзеге асыру жолдарының бiрi болып табылады. Негiзгi бақылау объектiлерi: - 1 000 000 көлемiндегi сандарды оқу, жазу, және салыстыру; - жазбаша амалдарды орындау (көп таңбалы сандарды бiр және екi таңбалы сандарға қосу және азайту, көбейту мен бөлу); - жүз көлемiндегi сандарды қалдықпен бөлу; - 2-3 амалдан тұратын санды өрнектiң мәнiн табу (жақшалы және жақшасыз); - арифметикалық тәсiлмен мазмұнды есептердi шешу; - тiктөртбұрыштың (шаршының ) периметрi мен ауданын есептеу. Дүниетану пәнiн оқытудың мақсаты - қоршаған орта жөнiнде бiлiмiн кеңейту, заттарды және қоршаған ортадағы өзгерiстердi бақылау дағдыларын қалыптастыру. “Дүние тану” пәнiнiң ерекшелiгi оқу процесiнде оқушының адамды қоршаған ортамен байланыста тануында. Пәннiң мазмұнына "Табиғат", "Адам", "Қоғам" өзара байланысты бiлiм блоктары енедi. Әрбiр блоктың мазмұны бiрiншi сыныптан төртiншi сыныпқа дейiн үздiксiз оқытылады және сыныптан сыныпқа тiзбектi күрделене түседi. Пәннiң мазмұны оқушыларға ғылыми бiлiмнiң әртүрлi салаларынан мағлұмат бере отырып, дүниенi танудың әдiстерiмен (бақылау, тәжiрибе, эксперимент, моделдеу, сараптау, салыстыру, синтездеу және т.б.) таныстырады. Пән мазмұнының жан-жақтылығы, толыққандылығы, оқу материалының теориялық деңгейiнiң жеткiлiктiлiгi және оның оқушылардардың психологиялық және жас ерекшелiктерiне сәйкестiгi сол пән мазмұнының мектептiң кейiнгi сатыларында география, биология, химия, физика, тарих және қоғам тану курстарын оқып-үйренуге мүмкiндiк беретiн пропедевтикалық сипатын анықтайды. Оқушыларды практикалық iс-әрекетке тарту тәсiлдерi қоршаған орта объектiлерiмен өзара әрекеттесудi, оларды түрлендiрудi және жаңғыртуды ұйымдастыруға көмектеседi. Практикалық пәндiк iс-әрекет оқушылардың дамуына мүмкiндiк беретiн практикалық қимылдарды ойлаумен өзара байланыста дамытуды көздеуi қажет. Дүниетану пәнiн оқытуға 1-4 сыныптарда аптасына 2 сағаттан уақыт бөлiнген. Бейнелеу өнерi пәнiнiң негiзгi мақсаты - оқушылардың жеке қабiлеттерiн, дүниенi және өнер шығармаларын бейнелi қабылдау қабiлеттерiн дамыту; сезiмдерiнiң эмоционалдық сферасын тереңдету және байыту; көркем-шығармашылық қабiлеттерiн қалыптастыру. Мектептiң бастауыш сатысында композиция құрастыру, живопись, графика, жапсыру және декоративтi-қолданбалы өнер бойынша қарапайым бiлiктер мен дағдылардың негiзi қаланады. Пәннiң оқу-тәрбиелiк мiндеттерi: - оқушылардың көркем-шығармашылық қабiлеттерi мен бейiмдерiн, фантазиясын, көру-бейнелiк жадысын дамыту, шығармашылық даралығын қалыптастыру; композициялар, гүлтану, пропорция, көлем, перспектива, көлеңке түсiру, техникалардың әрқилылығы заңдары туралы алғашқы бiлiмнiң қажеттi көлемiн қалау; кеңiстiктiк түсiнiктi, болмысты көркем-бейнелi қабылдауды, түстiк байлықтардың үйлесiмдiлiгiне деген сезiмдi қалыптастыру; отандық және әлемдiк өнер мұраларымен таныстыру. Бейнелеу өнерi пәнi бойынша оқу жүктемесi 1-4 сыныптарда аптасына 1,5 сағаттан белгiленген. Музыка пәнiн оқытудың басты мақсаты – оқушылардың музыкалық мәдениетiн қалыптастыру, музыка құралдарымен рухани-адамгершiлiктi тұлға тәрбиелеу, балалардың ассоциативтi фантазиясын дамыту. Шығармашылық әдiс-тәсiлдер принциптерi дамыта оқыту идеясымен тығыз байланысты және сабақтарда музыкалық ойындарды, суырып салмалықты, шығармаларды, әуендердi, әндердi кеңiнен белсендi пайдалануды, орындалған музыкаға тембрлiк-ритмдiк аккомпанементтi құруды, өнердiң басқа түрлерi (сурет салу, билеу және пантомимо, ертегiлер мен өлеңдер шығару) арқылы музыкалық әсерiн бейнелеудi көздейдi. “Музыка” пәнiн оқытып үйретудiң алғашқы сатысында оқушылар әдемiлiктi сезiнуге, музыкаға деген эмоционалдық қатынас жасауға тәрбиеленедi; халық музыкасы туралы және олардың халықтың қазiргi өмiрiмен байланысы туралы бiлiм қалыптастырылады; аспаптық музыка және әртүрлi халықтардың музыкалық аспаптары, отандық және шетелдiк композиторлардың шығармалары мен шығармашылықтары туралы бiлiм берiледi. Пәннiң бiлiмдiк мiндеттерi балалардың музыкалық тұрғыда дамуына, орындаушылық бiлiктерiнiң қалыптасуына мүмкiндiк беруi тиiс. Музыка пәнi бойынша оқу жүктемесi 1-4 сыныптарда аптасына 1,5 сағаттан белгiленген. Еңбекке баулу пәнiнiң басты мақсаты – еңбек әрекетi негiзiнде оқушы тұлғасын қалыптастыру, олардың шығармашылық қабiлеттерiн дамыту. Еңбекке баулу пәнiнiң мазмұны мына бөлiмдердi қамтиды: 1) Техникалық еңбек; 2) Көркем еңбек; 3) Дизайн; 4) Тұрмыстық еңбек. Еңбекке баулу пәнi бойынша оқу жүктемесi 1-4 сыныптарда аптасына 2 сағаттан белгiленген. Дене шынықтыру пәнi бойынша базалық бiлiм мазмұнының мақсаты: - дене жаттығуларының негiзгi компоненттерiн жақсы меңгерту (жалпы дамытатын және арнайы жаттығулардың кейбiр түрлерiн қоса); - дене жаттығуларын күрделендiрудi және оның көлемi мен қарқынын жоспарлау барысында сабақтастық, бiрiздiлiк ұстанымын қатаң сақтау; - күш шапшаңдығы, жалпы төзiмдiлiк, икемдiлiк сияқты дене сапаларының көрiну белгiлерi бойынша кiрiктiрiлген нәтижелер алу үшiн “Жеңiл атлетика”, “Гимнастика”, “Ойындар” тарауларының материалдарын оқыту ерекшелiктерiн күшейту; - оқушылардың дене дайындығы көрсеткiштерiн стандарт деңгейiне жеткiзу. Дене шынықтыру пәнiнiң бағдарламасында көрсетiлген жүзу сабақтары арнайы мүмкiндiктер болғанда, оған қажеттi жағдайлар толық жасалғанда ғана жүргiзiледi. “Денсаулық күндерi” деп аталатын iс-шаралар каникул уақытында жылына үш-төрт рет өткiзiледi. Дене шынықтыру сабағы 1-4 сыныптарда аптасына 2 сағатқа есептелiп жүргiзiледi.
2006-2007 оқу жылында бастауыш бiлiм беретiн ұйғыр мектептерiнде “Сават ечиш”, Уйғур тили”мен “Оқуш” пәндерiн оқыту туралы
Бастауыш бiлiм беретiн ұйғыр мектептерiнде 2006-2007 оқу жылында “Сават ечиш” пәнiн оқытуда Қазақстан Республикасы Бастауыш Бiлiм Стандарттары басшылыққа алынады. (Қазақстан Жумһурийитиниң дөләтлик умумий мәжбурий билим бериш стандартлири. Сават ечиш, 1- синип – Алматы: РОНД 2002 ж.). “Сават ечиш” пәнi мектептiң бастауыш сатысында мiндеттi түрде оқытылатын пән ретiнде базiстiк оқу жоспарында “Филология” бiлiм саласына кiредi. “Сават ечиш” пәнiнiң базалық бiлiм мазмұны үш кезең бойынша айқындалды: Әлiппеге дейiнгi кезең; Әлiппе кезеңi; Әлiппеден кейiнгi кезең. “Сават ечиш” пәнiнiң оқыту аясы: ұйғыр тiлiнiң дыбыстық және графикалық жүйесi, алғашқы грамматикалық мағлұматтар мен балалар көркем әдебиетi шығармалары. 1-сыныпта пәннiң бiлiм стандартының негiзiнде Бастауыш бiлiм беретiн ұйғыр мектептерiнге арналған “Сават ечиш” оқу бағдарламасы бойынша оқытылады. (Программилар. Сават ечиш. 1-синип. Алматы: РОНД, 2003). “Сават ечиш” пәнiн оқытуда төмендегi оқулықтар және оқу- әдiстемелiк кешендер ұсынылады: Бастауыш бiлiм беретiн ұйғыр мектептерiнде 2005-2006 оқу жылында “Сават ечиш” пәнiн оқытуда Қазақстан Республикасы Бастауыш Бiлiм Стандарттары басшылыққа алынады. (Қазақстан Жумһурийитиниң дөләтлик умумий мәжбурий билим бериш стандартлири. Сават ечиш, 1- синип – Алматы: РОНД 2002 ж.). “Сават ечиш” пәнi мектептiң бастауыш сатысында мiндеттi түрде оқытылатын пән ретiнде базiстiк оқу жоспарында “Филология” бiлiм саласына кiредi. “Сават ечиш” пәнiнiң базалық бiлiм мазмұны үш кезең бойынша айқындалды: Әлiппеге дейiнгi кезең; Әлiппе кезеңi; Әлiппеден кейiнгi кезең. “Сават ечиш” пәнiнiң оқыту аясы: ұйғыр тiлiнiң дыбыстық және графикалық жүйесi, алғашқы грамматикалық мағлұматтар мен балалар көркем әдебиетi шығармалары. 1-сыныпта пәннiң бiлiм стандартының негiзiнде Бастауыш бiлiм беретiн ұйғыр мектептерiнге арналған “Сават ечиш” оқу бағдарламасы бойынша оқытылады. (Программилар. Сават ечиш. 1-синип. Алматы: РОНД, 2003). “Сават ечиш” пәнiн оқытуда төмендегi оқулықтар және оқу- әдiстемелiк кешендер ұсынылады: 1-сынып Елипбә. Оқулық. Әлахунова Б., Алаев Т., Алимова М., Сулайманова А. – Алматы: Атамұра, 2002 Ана тили. Оқулық. Баратов Ш., Арзиева А., Жаһанова И. – Алматы: Атамұра, 2002 Һөсни хәт (Жазу дәптерi): №1, №2, №3 Әлахунова Б. – Алматы: Атамұра, 2002 Бастауыш бiлiм беретiн ұйғыр мектептерiнде 2005-2006 оқу жылында “Уйғур тили” пәнiн оқытуда Қазақстан Республикасы Бастауыш Бiлiм Стандарттары басшылыққа алынады. (Қазақстан Жумһурийитиниң дөләтлик умумий мәжбурий билим бериш стандартлири. Уйғур тили 2-4- синиплар – Алматы: РОНД 2002 ж.). Бастауыш бiлiм беретiн ұйғыр мектептерiндегi 2-4 сыныптарда “Уйғур тили” пәнiн оқытуда төмендегi бағдарламалар пайдаланылады (Программилар. Уйғур тили. 2-4-синиплар үчүн. Алматы: РОНД, 2003). “Уйғур тили” пәнiн оқытуда төмендегi оқулықтар және оқу- әдiстемелiк кешендер ұсынылады: 2- сынып Уйғур тили. Оқулық. Баратов Ш., Арзиева А., Алимова М. – Алматы: Атамұра, 2002 “Уйғур тили” оқулығының әдiстемелiк нұсқауы. Арзиева А., Камалова М. – Алматы: Атамұра, 2002 “Уйғур тили” пәнi бойынша диктанттар жинағы. Баратов Ш., Алимова М. – Алматы: Атамұра, 2002 “Уйғур тили” пәнi бойынша дидактикалық материалдар. Сабитова Ж., Саттарова Г. – Алматы: Атамұра, 2002 3- сынып Уйғур тили. Оқулық. Баратов Ш., Арзиева А, Алимова М.– Алматы: Атамұра, 2003 4- сынып Уйғур тили. Оқулық. Баратов Ш., Талипов Т., Алимова М. – Алматы: Атамұра, 2004 “Оқуш” пәнi Қазақстан Республикасы Бастауыш Бiлiм Стандарттары негiзiнде (Қазақстан Жумһурийитиниң дөләтлик умумий мәжбурий билим бериш стандартлири. Оқуш. 2-4- синиплар – Алматы: РОНД 2002 ж.). оқытылады. Бастауыш бiлiм беретiн ұйғыр мектептерiндегi 2-4 сыныптарда “Оқуш” пәнiн оқытуда төмендегi бағдарламалар пайдаланылады. (Программилар. Оқуш. 2-4-синиплар үчүн.– Алматы: РОНД, 2003). “Оқуш” пәнiн оқытуда төмендегi оқулықтар және оқу- әдiстемелiк кешендер ұсынылады: 2- сынып Оқуш. Оқулық. Алаев Т., Бишарова М. – Алматы: Атамұра, 2002 “Оқуш” оқулығының әдiстемелiк нұсқауы. Бишарова М., Алаев Т. – Алматы: Атамұра, 2002 Хрестоматия. Алаев Т., Паттарова Г.– Алматы: Атамұра, 2002 3- сынып Оқуш. Оқулық. Сабитова П., Жаһанова И., Мәһәмдинов М.– Алматы: Атамұра, 2003 4- сынып Оқуш. Оқулық. Мәһәмдинов М., Арзиева А., Еләмова Г. – Алматы: Атамұра, 2004
5-11-СЫНЫПТАРДА ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ПӘНДЕРДІ ОҚЫТУ ТУРАЛЫ “ФИЛОЛОГИЯ” білім саласы Қазақ тiлi Тiл кез келген танымдық iс-әрекеттердiң құралы, ойлаудың формасы және оны дамытудың негiзi болып саналатындықтан, мектеп жасындағы балалар “Қазақ тiлi” пәнi арқылы тiлдiң үш түрлi қызметiн: теориялық мәселелердiң практикалық дағдының базасы болатынын пайымдауға үйрететiн бiлiмдiк қызметiн; жалпы адамзат жинаған тарихи-мәдени, рухани мұраларды тiл арқылы меңгеруге болатынына және өз ойын жеткiзудiң, өзiн-өзi тану мен өзгенi танудың бiрден-бiр құралы тiл екендiгiне көз жеткiзетiн танымдық қызметiн, алған бiлiмдi практикалық тұрғыда қалай қолдану iскерлiктерiн жетiлдiруге бағыттайтын коммуникативтiк қызметiн меңгерту мiндеттелiнедi. Жалпы бiлiм беретiн мектептердегi жаңа бiлiм мазмұнының өзегiне алынған Мәдениет – Бiлiм – Тарих үштағаны (макромоделi) қазақ тiлi пәнiнiң мазмұндық-құрылымдық жүйесiн жетiлдiруде де басты тiн деп саналады. Яғни негiзгi және бағдарлы мектептерде бiлiм нәтижесi ретiнде оқушының сөз мәдениетiн қалыптастыруды көздейтiн қазақ тiлi пәнiнiң бiлiм мазмұны сөз мәдениетiнiң екi сатысына сәйкестендiрiлiп құрылды. Негiзгi сатыда оның бiрiншi басқышы - сөз дұрыстығына (әдеби тiл нормалары) ден қойылса, бағдарлы мектепте екiншi басқышы - сөз шеберлiгiне басымдылық берiледi. Бұл бағыттағы бiлiм-бiлiктер 5-сыныптағы тiл бiлiмiнiң сөз туралы ұғым қалыптастыратын лексикасынан бастау алып, 11-сыныпта сөз мәдениетiнiң жоғары сатысы деп саналатын шешендiкпен тәмамдалатын бiртұтас логикалық құрылымның жүзеге асуы барысында тиянақталады. Бiлiм берудiң негiзгi сатысында (5-9 сыныптар) қазақ тiлiн оқытудың мақсаты - ана тiлiнiң қоғамдық-әлеуметтiк мәнiн түсiнген, тiлдiң қызметiн жүйелi меңгерген, коммуникативтiк бiлiктiлiгi дамыған дара тұлға даярлауға мүмкiндiк туғызу. Бұл мақсатты орындау үшiн танымдық және практикалық бағыттағы бiрнеше мiндеттер қойылады. Танымдық бағыт бойынша: оқушының лингвистикалық дүниетанымын қалыптастыру; әрбiр тiлдiк бөлшектердiң жалпы тiл жүйесiндегi орнын, маңызы мен ерекшелiктерiн ажырата бiлуiне қажеттi iскерлiк-дағдыларын қалыптастыру; тiлдiң қоғамдық маңызын түсiндiру, ана тiлiнiң бүгiнгi таңдағы әлеуметтiк рөлiн, оның басқа тiлдермен өзара байланысын, теңдiгi мен бiрлiгiн ұғындыру; оқушылардың логикалық ойлауын, қабылдау, түйсiну әрекеттерiн жетiлдiру, шығармашылық қабiлеттерiн арттыру; тiлдiк құбылыстарды абстрактылауды және жинақтауды үйрету, таным белсендiлiгiн күшейту; тiл фактiлерi арқылы оқушының рухани дүниесiн жетiлдiру, адамгершiлiкке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу; қазақ тiлi сабағындағы пәнаралық байланыс арқылы қоғам, табиғат туралы адамзат жинап қорытқан бiлiм негiздерiмен қаруландыру. Практикалық бағыт бойынша: оқушының тiлдiк сауаттылығын арттыру, әдеби тiл нормаларын меңгерту; тiл мәдениетiн қалыптастыру, ауызекi сөйлеу, жазу, тыңдау мәдениетiнiң талаптарына сай дағдыларды жетiлдiру. Қазақ тiлi сабағы оқушы үшiн тек грамматикалық ережелер жаттайтын, қызықсыз жаттығуларды құлықсыз орындататын пән қатарынан шығып, баланың ой өрiсiн өсiрiп, оған тiлдiң ұлттық мәдени мұра, тiршiлiктiң өзегi, танымның көзi екендiгiн сезiндiруi қажет. Бұл оқу материалдарының, жалпы бiлiм мазмұнының iшкi байланыстарынан туындап, оқушының шығармашылық бағыттағы жұмыстарымен ұштасқанда жүзеге асырылады. Шығармашылық баланың интуициясына, қиялына, таным деңгейiне сүйенiп, оның өмiрге, қоршаған ортаға деген қатынасын қалыптастыруға себiн тигiзедi. Оқушының таным деңгейi оның сөйлеу тiлiне, сөздердi орынды қолданып, сөйлемдi дұрыс құрастыру, ойын жеткiзе бiлу iскерлiгiне тiкелей тәуелдi. Сондықтан жаңа бағдарламада оқушының тiлдiк бiлiмiн кеңейтiп қана қоймай, олардың пәнге қызығуын, ынтасын арттыратын әлеуметтiк, танымдық мотивтердiң қалыптасуына жол аша отырып, алған бiлiмдерiн практикалық iскерлiк-дағдыға айналдыру көзделедi. Жаңа бағдарламада тiлдiк жүйенiң берiлу құрылымында және бiлiм мазмұнында дәстүрлi бағдарламадан түбiрлi өзгерiстер бар. Жаңа бiлiм мазмұнын анықтаудың ұстанымдары – тiлдiк жүйе қызметiнiң толықтығы, бiлiм мазмұны негiздерiн топтап қорыту, бiлiмнiң қосарлана енуi, интеграциялау, ғылымилық және коммуникативтiлiк принциптерiне сүйенiп, қазақ тiлi бiлiм мазмұнының құрамы мен құрылымында мынадай өзгерiстер жасалды: 5-8 сыныптардың бағдарламасы ана тiлiнiң қызметi, қазақ тiлiнiң қоғамдық рөлi туралы кiрiспе тақырыптан әрi қарай әдеби тiл және мәтiннен басталады да, әдеби тiлдiң жазу мен сөйлеудегi мәнi, мәтiндер бойынша ауызша әдеби тiл мен жазбаша әдеби тiлдiң ерекшелiктерi аңғартылып, мәтiннiң түрлерiне тiлдiк талдау (лингвистикалық) жүргiзу үйретiледi.. Мұнда мәтiндерге тiлдiк талдауды әр сыныпта оқушылардың алған бiлiмдерiнiң көлемiнде жүргiзу талап етiледi. Осы арқылы өтiп кеткен сыныптардағы тақырыптық-тiлдiк қайталаулар теориялық тақырыптар түрiнде емес, мәтiндердi тiлдiк талдауда және әр сыныптың соңында берiлген тiл мәдениетiнде жүргiзiлетiн жұмыс түрлерiнде жаңа формада қайталанып бекiтiледi, сөйтiп проблемалап оқытуға жол ашылады, тiлдiк құбылыстарды балалар өз бетiмен талдап шешуге үйренедi. Тiлдiк бiрлiктер жалаң оқытылмай, әр бiрлiктiң беретiн мағыналары, қызметi айқындалып, олардың сөйлеу әрекетiнiң базасы болу мүмкiндiктерiне сай ерекшелiктерi нақтыланып, бағдарламаға енгiзiлдi. 9 сынып - негiзгi сатының қорытындылаушы сыныбы. Сондықтан мұнда 5-8 сынып аралығында меңгертiлген барлық бiлiм, бiлiктер сөз қолданысы аясында, стиль түрлерiмен бiртұтастықта және сабақтастықта кеңейтiледi. Кiрiспе сабақта қазақ тiлiнiң қоғамдық мәнi түсiндiрiледi. Ана тiлiмiздiң көне түркi тiлiнен бастау алатындығы жөнiнде мәлiметтер келесi тарауда қысқаша тұжырымдалады. Бұл сыныптағы ең негiзгi саланың бiрi - қазақ тiлiнiң стилистикасы. Тарау бойынша берiлетiн бiлiм мен бiлiктiлiктер тiл мәдениетiмен тығыз бiрлiкте қамтылады. Оқушы егер 5-8 сыныптарда әдеби тiл жөнiнде практикалық сипаттағы мағлұматтарды игерiп келсе, 9-сыныпта осы тiлдiк iскерлiктерi теориялық тұжырымдармен бекiтiледi. Яғни қазақ әдеби тiлiнiң стильдерiнiң: ауызекi сөйлеу, көркем әдебиет, ресми iс-қағаздар, публицистикалық және ғылыми стильдердiң өзiндiк ерекшелiктерi, қолданыс аясы туралы нақты бiлiм берiледi. Стильдiң түрлерiн оқытқанда олардың ортақ белгiлерi мен әрқайсысының өзiне тән ерекшелiктерiн ашу мiндеттелiнедi. Сондықтан стильдiң түрлерi мынадай төрт белгiсiне қарай нақты ажыратылып игертiлуi шарт: бiрiншi, әр стильдiң қолданылатын орны; екiншi әрқайсысының жеке мақсаты; үшiншi, әрбiрiнiң стильдiк сипаты; төртiншi, әр стильде жиi қолданылатын тiлдiк құралдар. Осы бiрiздiлiктi сақтай отырып түсiндiру оқушыны стиль туралы бiлiмi мен бiлiгiнiң сапасын арттыруға оң ықпал етерi сөзсiз. Оқушының жазба тiл сауаттылығын жетiлдiру мақсатына сәйкес қорытындылаушы сыныптың соңғы тарауы пунктуацияға арналған. Төменгi сыныптарда жекелеген тақырыптарға қатысты айтылатын тыныс белгiлерi жөнiндегi мағлұматтар қайта жаңғыртылып, ендiгi жерде олар қолданылу орындарына қарай топтастырылып, жүйеленiп берiлген. Мәселен, тыныс белгiлерi сөйлем iшiндегi және сөйлем соңындағы деп ажыратыла келе оқушының жазба тiл сауаттылығын шыңдауға мүмкiндiктi молайтады. Мiне, мұндай өзара сабақтастыққа негiзделген бiлiм жүйесi оқушының тiлдiк бiлiмiн тереңдетумен қатар сөйлеу бiлiктiлiгiн де жетiлдiруге септеседi. Нәтижесiнде оқушының бiлiм сапасы әдеби тiл нормалары (сөз дұрыстығы) тұрғысынан жаңа сатыға көтерiлетiн болады. 10-11 сынып – бағдарлы сыныптар деп саналады. Жоғарыда атап өтiлгендей, бұл кезеңде сөз мәдениетiнiң екiншi басқышын – сөз шеберлiгiн жетiлдiруге басымдылық берiледi. Бағдарлы сыныптағы қазақ тiлiн оқытудың мақсаты - сөз мәдениетiнiң негiздерiн таныту, сөз әдебиетінің қарым-қатынас түрлерiмен байланысы жайлы, шешендiк өнер туралы мағлұматтар бере отырып, оқушылардың сөйлеу мәдениетiн жетiлдiру, тiлдi әлеуметтiк қызметiне сай орынды жұмсай бiлуге үйрету, олардың интеллектуальдық, коммуникативтiк қабiлеттерiн арттыру. Осы мақсатқа сай туындайтын негiзгi мiндеттер: - тiлдiң жалпы адамзаттық құндылық ретiндегi рөлiн түсiндiру; - сөз қолданудың ұлттық дәстүрлерiн жаңғырта отырып, сөз әдебiнiң нормаларын меңгерту; - әдеби тiлдiң стильдiк тармақтары туралы түсiнiктерiн кеңейту; - сөз сапасына қатысты ұғымдарды меңгерту; - қарым-қатынас түрлерiне тән сөз әдептерiн игерту; шешендiк өнердiң мәнi мен тарихы туралы мағлұмат беру; шешендiк сөздiң тектерi мен түрлерi, олардың өзiндiк ерекшелiктерi жөнiнде ұғым қалыптастыру; - шешен сөйлеуге төсемдi әлеуметтiк-тiлдiк дағдыларын қалыптастыру; - көркем сөз нормаларын меңгерту; - көпшiлiк алдында сөйлей бiлу дағдыларын жетiлдiру; - пiкiрталас мәдениетi талаптарына лайық сөйлеу шеберлiктерiн шыңдау. Бағдарлы мектепте өмiрге қажеттi тiлдiң функционалды жүйелерiне сай сөз саптауға машықтандыру барысында қазақ тiлiнiң грамматикалық жүйесi туралы негiзгi сатыда алған бiлiмдерi кеңейтiлiп отырады. Мысалы, сөз әдебiне қатысты материалдар фонетикалық, лексикалық, синтактистiк бiлiмдерiн жаңғырта отырып меңгерiлсе, жазба тiл мәдениетiне арналған тақырыптарда орфография мен пунктуация, стильдер туралы ұғымдарға көбiрек назар аударылады. | |||||||||||||