|
||||||||||||||
![]() no news in this list. |
Обзор СМИ
Кадр дайындауда сұраныс пен ұсыныс сәйкес болуы керекСонда ғана еңбек рыногы дұрыс жолға қойылады
Президент Н.Назарбаев халыққа жыл сайынғы жолдауларында кәсіптік-техникалық білім саласының маңыздылығына баса назар аударып келеді. 2007 жылдың ақпан айында Білім және ғылым министрлігі жанынан техникалық және кәсіптік білім беру департаменті құрылды. Үкіметтің қолдауымен осы саланы дағдарыстан шығарудың бірінші кезекті іс-шараларының жоспары бекітілді. Осы жоспарға сәйкес “Қазақстан Республикасында кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” әзірленіп, Үкімет қарауына ұсынылды. Енді, міне, оған жақында Елбасы қол қойды.
Кеше мен бүгіннің мәселелері
Қазір бүкіл әлем елдері кәсіптік-техникалық білімнің қажеттілігін бірінші орынға қоя бастады. Мемлекет неғұрлым дамыған сайын жұмысшы кадрлар тапшылығы сезіле түседі. Кәсіптік білім беру – бұл тек академиялық білім емес, біліктілік пен кәсібиліктің жоғары деңгейіне сай жұмысшы мамандарды даярлау. Қазақстанның тұрақты экономикалық өсуі еңбек рыногы құрылымына едәуір өзгерістер әкелді және білікті қызметкерлерге деген сұранысты арттырды. Мемлекет экономиканың базалық салалары (тау-кен өндіру және мұнай-газ өнеркәсіптері, құрылыс), өңдеуші өнеркәсіп (мәшине жасау, мұнай-химия, құрылыс материалдары өндірісі), сондай-ақ қызмет көрсету секторында (туризм, әлеуметтік қамсыздандыру, қызмет көрсету) кадр тапшылығын сезінуде. Еліміздегі білім жүйесін егжей-тегжей зерделеп шықсақ, әлі де болса шешімін таппаған проблемалар жетерлік. Әсіресе, ел экономикасы дамып, өндірістерге әлемдік озық технологияларды енгізген сайын, станокта темір жонатын, ағаш өңдеп, кірпіш қалайтын, шетелдік техникалық құрал-жабдықтарды, жаңа технологияларды меңгерген мамандардың жоқтығы айқын сезіледі. Өзіміз әлемдік сапада өнім өндіргіміз келгенмен, жаңа технологиямен жабдықталған зауыт жоқ. Жаңа технология сатып алған жағдайда ондағы техника тілін білетін мамандар тағы кемшін. Мұндай жағдайда жастарды немесе мемлекетті кінәлау орынсыз болар. Оның себебі әріде жатыр. Кейінгі он бес жылдықта тек қана теориялық білім алған жоғары білімді инженер, технолог, экономист және орта арнаулы білімді техник, механик, технолог, құрылысшы, монтаждаушы, мамандарымыз практикалық біліктілігі жағынан қалып қойды. Бұған себеп – өткен ғасырдың 90-жылдары, зауыт-фабрикалар, өндіріс орындары жабылып, колхоз-совхоздар тарап кеткенде, практикалық сабақтарды оқу бағдарламасынан алып тастап, теория көбейіп кетті. Оқу бітірген, оқып жүрген болашақ мамандар өндірістік практикадан өте алмады. Кәсіптік-техникалық мамандарға сұраныс болмады. Осының салдары жұмысшы қолының жетіспеушілігіне, бар болған күннің өзінде біліктілігінің төмендігіне алып келді. Жұмыс берушілер жергілікті мамандар біліктілігі төмен деп шет елден қажетті мамандарды әкелуге құштарлық танытты. Ащы да болса шындық сол, біз ол кезді қойып қазір де үлкен сұраныстарды қанағаттандыра алмай отырмыз. 2006 жылдың желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президент жанындағы шет ел инвесторлары кеңесін өткізіп, кәсіптік-техникалық білімі және жоғары білімі бар білікті ұлттық кадрлар даярлау проблемаларына баса назар аударды. Оларды даярлаудағы кедергілер, атап айтқанда, сала инфрақұрылымның дамымағандығы, кейбір аудандарда кәсіптік-техникалық маман даярлайтын оқу-орындарының жоқтығы, бар болған жағдайдың өзінде ескірген құрал-жабдықтарды пайдалануы, әдістемелік оқыту жүйесінің жаңа заман талабына сай келмеуі, инженер-педагог мұғалімдердің аздығы, оқытушылар біліктілігінің төмендігі айтылды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту барысындағы шараларға қарамастан, білікті кадрларға деген жоғары сұраныс отандық еңбек ресурстарының есебінен емес, сырттан әкелу арқылы қанағаттандырылды, бұл өз кезегінде Қазақстанға шетелдік жұмысшылардың көптеп келуіне жол ашты. Өзімізде білім алған жұмысшы кадрлар еңбек бөлінісінің тек 30-40 пайызын ғана құрады. Мәселен, 2007 жылы 92800 жұмыс күші қажет болса, кәсіптік мектептерін бітіріп диплом алғандар – 40470 түлек десек, оның ішінде, мемлекеттік тапсырыспен оқығаны – 37496 адам еді. Олардың жиырма бес мыңға жуығы техникалық мамандықтар бойынша бітірген. Бұдан сұраныстың тым болмаса тең жартысын қанағаттандыра алмағанымыз айқын байқалады. Бүгінгі таңда құрылыста – 9900, ауыл шаруашылығында – 9600, мәшине және жабдықтар технологиясында – 7600, қызмет көрсету саласында 6800 білікті кадрлар жетіспейді. Білікті кадрларға зәрулік, әсіресе, Қарағанды (5410 орын), Шығыс Қазақстан (4921 орын), Қостанай (3711 орын) облыстарында және Астана қаласында (3175 орын) байқалып отыр. Қазіргі күні еліміздегі жұмыссыз жастардың басым бөлігін мектеп бітірген, ешқандай орта және жоғары білім ордаларына түспеген, жұмыс тәжірибесі жоқ 16-19 жас аралығындағы жасөспірімдер құрайды. Дүниежүзілік банк өткізген “Қазақстандағы кәсібилікке, жұмыс күшіне деген сұраныс” атты зерттеуге сәйкес 2008 жылы жұмыс берушілердің 63 пайызы жұмысшылардың білімі мен біліктілігінің жеткіліксіз деңгейі бизнестің дамуына кедергі болып отыр деп санайды. Мамандардың кәсіби шеберліктеріне қатысты қойылатын талаптар үнемі күшейтілуде. Соңғы екі жылда қазақстандық компаниялардың 40 пайызы тауарлар мен қызмет көрсетулер сапасының артуына, технологиялардың күрделенуіне, бәсекенің өсуіне байланысты қызметкерлердің біліктілігіне қойылатын талаптардың өскенін мәлімдей бастады. Тұтастай алғанда республика бойынша сұраныс пен ұсыныстың сәйкессіздігінен жыл сайын орташа есеппен 21 мыңға дейінгі жұмыс орны бос қалады. Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарын бітірушілерді жұмысқа орналастыру проблемалары тұтынушылардың қажетті деңгейде хабардар болмауына әрі еңбек рыногы жеткілікті түрде дұрыс жолға қойылмағандығына байланысты күрделеніп отыр. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде барлығы 40 мыңнан астам педагог, соның ішінде колледждерде – 22,9 мың, кәсіптік мектептерде (лицейлерде) 11, 8 мың адам жұмыс істейді. Олардың жартысынан көбі зейнеткерлік жасына тақап қалғандар. Жалақының аздығы мен әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламаларының жоқтығынан мықты кадрлардың басқа кәсіпорындарға кетіп қалу үрдісі азайған жоқ. Арнаулы пәндер оқытушылары мен өндірістік үйрету шеберлерінің өндірісте тағылымдамадан өту және біліктілігін көтеру жүйесі әлі де болса бір ізге түскен жоқ. Оқу орындары мен жұмыс берушілер арасында байланыс төмен. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі еңбек рыногы мен жұмыс берушілердің сұранысына емес, оқытушылар мен оқу-материалдық базаның ағымдағы мүмкіндіктеріне бағдарланған. Тұрақты негізде ынтымақтастықты дамытуға, жәрдемдесуге тиіс республикалық, жергілікті деңгейлердегі жанама құрылымдардың жоқтығы әлеуметтік серіктестік жолына кедергі болуда. Шешімдер қабылдауда, ресурстарды тарту мен пайдалануда, республикалық және жергілікті басқаруда жауапкершілікті айқын бөлісу жоқ. Қолданыстағы басқару тәжірибесі кадрлар даярлауда сұраныс пен қажеттілікті нақты әрі дәл бағалауға мүмкіндік бермейді. Техникалық және кәсіптік білімнің дамуын баяулататын басты факторлардың бірі – қаржыландыру көлемінің аздығы мен техникалық және қызмет көрсету еңбегі кадрларын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын жоспарлау тетігінің жетілдірілмегендігі болып табылады. Кәсіптік мектептер (лицейлер) жергілікті атқарушы органдардың қарамағында бола тұра, бір маманды оқытуға жұмсалатын шығыстардың орташа бағасы ескерілмейді әрі жалпы білім беретін мектептерге қарағанда аз қаржыландырылады. Жылына бір оқушыға жергілікті бюджеттен (2007 жылы – орта есеппен 113 488 теңге) республикалық бюджеттегі колледждермен салыстырғанда (2007 жылы – орта есеппен 252,6 мың теңге) екі есе аз мөлшерде қаржы бөлінеді. Кәсіптік мектептерде (лицейлерде) оқушыларды әлеуметтік қолдау төмен деңгейде қалып отыр. Кәсіптік мектептердің (лицейлердің) білім алушыларын тамақтандыруды ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы орта есеппен күніне 101 теңгені немесе айына 3030 теңгені құрайды.
Тығырықтан шығу жолдары
Бағдарлама – адами ресурстарды дамыту, техникалық және қызмет көрсету кадрларын даярлау, жастарды жұмысқа орналастыру мүмкіндігін кеңейту, үздіксіз білім беруді қамтамасыз ету, мемлекеттің, бизнестің, қызмет көрсету саласының серпінді жобаларын іске асыру үшін жан-жақты ақпараты мен іргелі білімі бар бәсекеге қабілетті кадрлар корпусын қалыптастыру бойынша мемлекет жүргізетін жұмыстың бір бөлігі. Оны іске асыру нәтижесінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту ұсыныспен емес, сұраныспен айқындалатын болады. Осы бағдарлама арқылы кадрларды даярлау мен олардың бәсекеге қабілеттілік сапасын қамтамасыз ететін техникалық және кәсіптік білім берудің жаңа моделін қалыптастыру жоспарланып отыр. Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғыртудың стратегиялық басымдығы республиканың білім беру жүйесін дамытудың 2020 жылға дейінгі ұзақ мерзімді бағдарламасында одан әрі дамытылатын болады. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың әлемдік үрдістерін зерделесек, неғұрлым дамыған елдерде біліктілік талаптары бойынша айқын құрылымдалған еңбек рыногы, жұмыс берушілерді техникалық және қызмет көрсету кадрларын даярлау жүйесін дамытуға тұрақты түрде қаражат салуға ынталандырудың бар екендігін (Германия, Норвегия, Финляндия) көреміз. Біліктіліктің еңбек рыногына сәйкестігіне білім беру бағдарламаларының икемділігі, модульділігі, бір уақытта бірнеше біліктілік беру есебінен қол жеткізіледі. Мысалы, Ұлыбританияның техникалық орта мектептерінде негізгі бағдарлама бойынша оқудың бір жылын бітіріп, үш түрлі біліктілік ала отырып, әртүрлі үш емтихан кеңесінен диплом алуға болады. Білім беру сатылары мен деңгейлерінің сабақтастығы (АҚШ-та, Ұлыбританияда) колледждердің білім беру бағдарламалары университеттегі алғашқы екі жылдағы оқытумен теңеседі және диплом университеттің үшінші курсына оқуға түсуге мүмкіндік береді. Францияда кәсіптік лицейлер бағдарламалары университеттер бағдарламаларының сатысы болып табылады) арқылы оқыту сапасын бағалау мен аккредиттеудің тәуелсіз институттық тетіктері қалыптасады. Шет елде кәсіптік білім беру мен оқыту көбіне тегін (Германия, Франция, Финляндия). Өйткені, техникалық және кәсіптік білім беруге жұмсалатын шығындар басқа білім беру деңгейлерімен салыстырғанда әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан ақталады, сондықтан оны қаржыландыру да басқаларға қарағанда анағұрлым артық (мысалы, Австрияда бір оқушыға жұмсалатын шығындар – 9 584, Израильде – 7 762, Нидерландта 7 622 АҚШ долларын құрайды). Бұдан басқа да шет елдегі басымдықтарға тоқталайық. Біріншіден, кәсіптік және техникалық білім беру инфрақұрылымы жақсы дамыған (Францияда 7 мыңға жуық техникалық лицей), өндірісішілік, фирмаішілік оқытумен айналысатын орталықтардың сан-алуандығы (АҚШ пен Жапонияда жекелеген кәсіптік мектептер, колледждер кадрларды тек теориялық даярлауды жүзеге асырады, ал өндірістік оқыту мен біліктілігін арттыру кәсіпорындарға жүргізіледі). Екіншіден, техникалық және қызмет көрсету мамандарын даярлау жоғары білімді мамандарды даярлаудан асып түседі (АҚШ, Жапония, Еуропалық Одақ елдерінің жұмыспен қамтылған халқының 60 пайызы лицей мен колледж бітіргендер). Қазақстанда техникалық және қызмет көрсету еңбегі білім беру бағдарламаларының қолжетімділігі мен тартымдылығын қамтамасыз ету үшін мынадай іс-шаралар өткізілетін болады: - техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарында бейінді оқытумен бірге, 12 жылдық білім беруге көшуді ескере отырып, жалпы орта білім берудің кіріктірілген білім беру бағдарламаларын әзірлеп, іске асыру; - жұмыс берушілердің, халықаралық сарапшылардың қатысуымен оқушылардың базалық, арнаулы біліктілікті игеруін көздейтін техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын; мамандықтар бойынша, оның ішінде, бакалавриат бағдарламаларына баламалы интеграцияланған (модульді) білім беру бағдарламаларын; арнаулы пәндер бойынша типтік оқу бағдарламалары, оқу әдебиеті, оқу құралдары және оқу-әдістемелік кешендер бойынша үлгілік бағдарламалар әзірлеп, енгізу; - түлектердің білімін жоғары оқу орындарында жалғастыруына жағдай жасау үшін қысқартылған оқу мерзімімен білім беру бағдарламаларын әзірлеу; - техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне оқытудың ақпараттық, дистанциялық, интерактивті технологияларын енгізу, соның ішінде қазақстандық білім беруші веб-порталының мүмкіндіктерін пайдалану; - техникалық және кәсіптік білім беру саласында жетекші халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту, адами ресурстарды, соның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалану мәселелері бойынша дамыту; - кәсіптік білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңарту мәселелері жөнінде ғылыми-әдістемелік зерттеулер жүргізу; - кәсіптік мектептерде (лицейлерде) оқушыларды әлеуметтік қорғау мен шәкіртақылық қамтамасыз етудің қазіргі жүйесін, шәкіртақы мөлшерін қайта қарау; - оқушыларды білім беру ұйымдарында кәсіптік мансаптық басшылық жасауына және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жөнінде құрылымдар құрып, дамыту; - жұмыспен қамту органдарында техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарымен бірлесіп өңірлер мен мамандықтар тұрғысынан оқу бітірушілердің деректер базасын құру; - жұмыспен қамту органдары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арасында еңбек рыногындағы бос орындар және жұмыспен қамтумен қамтамасыз ету тетіктерін (жұмысқа жолдама, әлеуметтік жұмыс орнына жұмысқа орналастыру, жастар практикасы және басқалар) пайдалану туралы ақпарат алмасу; - жұмыс берушілермен бірлесіп оқушылардың кейіннен жұмысқа орналасып кетуін ескере отырып, нақты жұмыс орнында өндірістік практикасын ұйымдастыру; - жұмыспен қамту органдарымен бірлесіп техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамту мониторингін жүргізу арқылы жұмысқа орналастыру мен мансаптық басшылық жасауға жәрдемдесу жүйесін енгізу; - техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын; - кәсіптік лицейлер мен колледждердің оқу-өндірістік шеберханалары мен зертханаларын қазіргі заманғы оқу-өндірістік және технологиялық жабдықтармен жаңарту және қайта жарақтандыру; - облыстық (қалалық) білім департаменттері оқу-әдістемелік кабинеттерінің үздіксіз жұмыс істеуі; - Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында жаңа оқу орындары мен өңіраралық кәсіптік орталықтар салу; - техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары жатақханаларын салуды дамыту, т.б.
Қаржыландыру көздері
Қазақстан Республикасында кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға мемлекет қазынасынан қаржы бөлінеді, сонымен қатар, түрлі мүдделі тараптардың үлестік қатысуымен тікелей инвестициялар, қорлар мен халықаралық ұйымдар қаражаты тартылады. Бағдарламаны іске асыру үшін 58178,9 млн. теңге, оның ішінде, 2008 жылы – 5707,8 млн., 2009 жылы – 23486,7 млн., 2010 жылы 28984,4 млн. теңге жұмсалады; республикалық бюджеттен барлығы 40749,8 млн. теңге, 2008 жылы – 3396,6 млн., 2009 жылы – 16701,4 млн., 2010 жылы 20651,8 млн. теңге; жергілікті бюджеттер есебінен: барлығы 17429,1 млн. теңге, оның ішінде, 2008 жылы – 2311,2 млн., 2009 жылы – 6785,3 млн., 2010 жылы 8332,6 млн. теңге жұмсау көзделген. Мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен 1-ші кезеңде қаржыландырылатын іс-шаралар бойынша шығыстар көлемі жыл сайын нақтыланып отырады. Ал, 2-ші кезеңде қаржыландырылатын іс-шараларға жұмсалатын шығын көлемі 2011 және 2012 жылдарға арналған республикалық және жергілікті бюджетті бекіту кезінде бекітіледі.
Бағдарламаны іске асыру жолдары
Бағдарламаны іске асыру кезең-кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезең (2008-2010 жылдар) техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің оқыту бағдарламаларын жаңартуға және институттық дамытуға бағытталады. Екінші кезең (2011 – 2012 жылдар) техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформалары мен тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жетілдіру кезеңі болады. Бағдарламаны іске асыру арқылы мынадай нәтижелерге жету көзделіп отыр: бірінші кезеңде: – техникалық және кәсіптік білім беретін 45 жаңа оқу орнын, соның ішінде 2008 жылы – 2, 2009 жылы – 31, 2010 жылы 12 құрылысын салу есебінен техникалық және кәсіптік білім алуға қолжетімділікті арттыру; – Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында 4 өңіраралық кәсіптік орталық салу; – оқу орындарының 41 жатақханасының, соның ішінде, 2009 жылы – 20, 2010 жылы 21 жатақхана құрылысын аяқтау; – мемлекеттік тапсырыс негізінде техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына қабылданатын оқушылар санын 2008 жылы 80 мыңға дейін, 2009 жылы - 100 мыңға, 2010 жылы 125,3 мыңға дейін ұлғайту. Жұмыспен қамту органдарымен бірлесіп, еңбек рыногының білікті кадрларға қажеттілігі бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын әзірлеу кезінде мамандықтар мен кәсіптердің тізбесі айқындалады. Жұмыс берушілердің 2009 жылы – 50%, 2010 жылы 100% талаптарын ескере отырып, арнаулы пәндер бойынша типтік оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңартып, оқу әдебиетінің 800 атауы және арнаулы пәндер бойынша 800 оқу-әдістемелік көмекші құрал, соның ішінде 2009 жылы оқу әдебиетінің 400 атауы мен 400 оқу-әдістемелік құралы, 2010 жылы қалғаны әзірленеді. Мемлекеттік тапсырыс негізінде даярланған мамандар саны 2008 жылы 72119 адамға, 2009 жылы- 82610 адамға, 2010 жылы 90565 адамға, 2011 жылы 99550 адамға арттыру көзделіп отыр. Оқу орындарында жұмыс істеу үшін 120 шетелдік оқытушы, соның ішінде, 2009 жылы – 60, 2010 жылы тағы 60 шетелдік маман шақырылады. Қазіргі заманғы оқу-өндірістік және технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған кәсіптік лицейлер мен колледждердің оқу-өндірістік шеберханалары мен зертханалары көбейеді (2009 жылы 94 бірлікке дейін, 2010 жылы 95 бірлікке дейін). Оқу орындарына 5 943,04 млн. теңгеге (соның ішінде 2008 жылы – 1 873, 32 млн. теңгеге, 2009 жылы – 1 483, 27 млн. теңгеге, 2010 жылы – 1 636, 70 млн. теңгеге) күрделі жөндеу жүргізіліп, техникалық және қызмет көрсету еңбегі кадрларын даярлауда, қайта даярлауда және біліктілігін көтеруде жеке секторды тарту үшін нормативтік-құқықтық база жасалады. Мемлекеттік білім беру ұйымдарын мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде қаржыландыру жүзеге асырылатын болады. Бағдарламаның екінші кезеңінде жаңа оқу орындары, өңіраралық кәсіби орталықтар және жатақханалар құрылысы аяқталып, кәсіптік лицейлерде оқушыларды әлеуметтік қорғау мен шәкіртақылық қамтамасыз ету жүйесі, соның ішінде, шәкіртақы мөлшерін көтеру жөнінде нақты шаралар қаралады. Көп деңгейлі ұлттық біліктілік жүйесі құрылып, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерімен бірге кәсіптік стандарттар әзірленеді. Оқу орындарының оқу-өндірістік шеберханалары мен зертханаларын қазіргі заманғы оқу-өндірістік және технологиялық жабдықтармен, ақпараттық технологиялармен жаңарту жалғасады. Сертификаттау саласындағы халықаралық ұйымдарды тарта отырып, мамандардың кәсіби дағдылары мен біліктілігін сертификаттау жүйесі енгізіліп, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының түлектері арасында жұмыспен қамту деңгейі көтеріледі. Оқу орны жұмысының нәтижелілігі ескеріле отырып, бір білім алушыға жұмсалатын шығыстар бағасының нормативі айқындалатын болады.
Бәсекеге қабілеттілік
Кадрлар даярлау мен олардың бәсекеге қабілеттілік сапасы мынадай іс-шаралармен қамтамасыз етілетін болады: - техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істеу үшін техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу есебінен жоғары оқу орындарында мамандар даярлау; - жаңа білім беру бағдарламаларын оқытудың ақпараттық, интерактивті, дистанциялық технологияларын енгізу үшін педагогика қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастыру, өндірістік оқытып-үйрету шеберлерінің өндірістік кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтуі. Жаңа технологияларды зерделеу үшін арнаулы пәндер оқытушыларының, Қазақстанда жастардың еңбек ету қабілеттілігін арттыру мен адами ресурстарды дамыту үшін кеңінен хабардар әрі озық іргелі білімі бар бәсекеге қабілетті кадрлар даярлайтын техникалық және кәсіптік білім берудің тиімді жүйесін құруға ықпал ететін болады. Атқарылатын міндеттер: - техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына, соның ішінде, ақпараттық технологиялар саласындағы жетекші шетелдік оқытушылар мен ғалымдарды шақырту; - жоғары технологиялармен, соның ішінде ақпараттық технологиялармен байланысты, күрделі (аралас) кәсіптер мен практикалық дағдыларды меңгерген мамандар даярлау; - дарынды білім алушыларды қолдау мақсатында “Кәсіп үздігі” атағын бере отырып конкурстар ұйымдастыру және өткізу; - мемлекеттік грант пен “Үздік педагог” атағын алуға оқытушылар арасында, үздік техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны арасында “Үздік оқу орны” конкурстарын өткізу; - салалық министрліктер мен жұмыс берушілердің қатысуымен еңбек және жұмыспен қамтудың уәкілетті органдарымен бірлесіп, білім берудің түрлі деңгейлерінің қазіргі біліктерін ұлттық және халықаралық еңбек рыногында танылған біліктердің көп деңгейлі жүйесіне біріктіріп, сертификаттау саласындағы халықаралық ұйымдарды тарта отырып мамандардың кәсіби дағдылары мен біліктілігін тәуелсіз бағалау мен сертификаттау жүйесін енгізу арқылы ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыру; - үздік оқу орындарының базасында, еңбек рыногы талаптары мен халықаралық стандарттарға сәйкес, тартылатын шетелдік жұмыс күшін алмастыруға қабілетті кадрлар даярлауды ұйымдастырып, кіріктірілген білім беру бағдарламаларын іске асыратын жоғары техникалық мектептер құру; - оқу орындары жұмысының жағымды тәжірибесін тарату, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі инновацияларды ынталандыру жүйесін енгізу. Қазірдің өзінде “Қазақмыс” корпорациясы қаражаты есебінен Астана қаласында әлеуметтік жағдайлары төмен және жетім балаларға арналған кәсіптік мамандар даярлайтын 300 орындық кәсіптік лицей құрылысы басталу алдында тұр. Бұл оқу орны халықаралық талаптарға сай, соңғы әлемдік жетістіктермен жабдықталған кәсіптік лицей болады. Сонымен қатар, “Теңізшевройл” компаниясы Атырау облысы Құлсары ауылында 320 орындық кәсіптік мектеп, ал мемлекеттік бюджет есебінен Қарағанды облысының Қарқаралы ауылында 300 орындық кәсіптік оқу орны салынып жатыр. Өткен жылы жабылған жоғары оқу орындары мен олардың филиалдарының базасында, сол өңірге қажетті кәсіптік мамандар даярлайтын, қайта даярлайтын 9 кәсіптік оқу орны мен орталықтары ашылды. “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы осы салаға қажетті білікті жұмысшы мамандарын даярлау үшін төрт (Орталық Азия халықаралық университеті Текелі қаласында, КНАУФ компаниясы Қостанай, Алматы қалаларында) кәсіптік оқу орталығын ашып отыр. Жалпы, өткен жылы барлығы 19 кәсіптік білім беру орындары ашылды. Бұдан басқа Білім және ғылым министрлігі бюджет қаражатына сүйенбей, компания, фирмалармен келісім-шарттар жасау арқылы 2 млн. 470 мың долларға кәсіптік білім беруге арналған жаңа технологияны, интерактивті оқу құралдарын әр облыстың бір оқу орнына қойып берді. Жалпы, білімді мамандардың санын арттырып, өз отандастарымызға әлемдік озық технологиялардың тұтқасын ұстатпай, қарқынды дами алмаймыз деп ойлаймын.
|
|||||||||||||
|
|
||||||||||||||