|
||||||||||||||
![]() no news in this list. |
Обзор СМИ
ЕЛІМІЗГЕ ЖОҒАРЫ БІЛІКТІ МАМАНДАР ӨТЕ ҚАЖЕТКез келген ел экономикасының қарқынды дамуын қамтамасыз ететін жоғары білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлау – негізгі басымды бағыттардың бірі болып саналады. Содан да болса керек, ЮНЕСКО техникалық және кәсіптік білімге баса назар аударса, БҰҰ Декларациясы оны мыңжылдық даму мақсатына жатқызды. Бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіруді алға қойған Қазақстан да осы бағытта елімізде 2008-2012 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдап, негізгі міндеттерді айқындады. Елбасы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында кәсіптік және техникалық білім берудің маңыздылығына ерекше мән беріп, оған жаңаша көзқарас қажеттігін баса айтып жүр. 2006 жылдың желтоқсанында өткен шетелдік инвесторлар Кеңесінің 16- отырысында Президент Үкіметке осы мәселеге қатысты мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді тапсырды. «Атамекен Одағы» Ұлттық экономикалық палатасы, мемлекеттік органдар мен холдингтер өкілдері, дүниежүзілік банк сарапшылары, жұмыс берушілер мен ғалымдардан тұратын жұмысшы тобы үш жылға жуық уақыт бойы осы бағдарламаны әзірледі. Техникалық және кәсіптік білім берудің тиімділігі жоғары ұлттық жүйесін қалыптастыру – ел экономикасының қарқынды дамуының негізгі факторы, жастардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасау арқылы Қазақстан қоғамының әлеуметтік тұрақтылығын сақтау болып табылады. Отандық экономиканың жоғары технологиялық салалары мамандандырылған еңбек ресурсын және дамыған ғылыми-техникалық базаны қажет етеді. Қазіргі күні кәсіптік мектептер мен колледждердің әрбір төртінші шәкірті техникалық және ауыл шаруашылық мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Яғни дәнекерлеуші, қырнаушы (токарь), краншы, ауыл шаруашылық техникаларының дәнекерші ұстасы, жарық жөндеуші мамандары жетіспейді. ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2010 жылға қарай техникалық және қызмет көрсету еңбегі мамандықтарына кадр жетіспеушілігі 560 мың адам деңгейінде сақталады. Кәсіптік-техникалық салада іргелі өзгерістер 90-жылдардың басында басталды. Сол кезеңдерден бастап, аталмыш сала жергілікті атқарушы биліктің құзырына беріліп, техникалық және кәсіптік оқу орындарының саны жаппай қысқартылды. Кәсіптік мектептерде оқитындар күрт азайды. Мысалы, 2000-жылдары кәсіптік мектептерде оқитындар саны екі жарым есеге, ал колледждерде екі есеге азайған. Ауылдық жерлердегі жағдай тіптен өршіді. Бірқатар елді мекендерде кәсіптік білім беретін мектептер мен жатақханалар жекеменшікке өтіп кетсе, кейбіреулері жабылды. Бір ғана мысал келтірсек, бұрын 23 кәсіптік-техникалық мектеп болған Жамбыл облысында тек біреу ғана қалған. Орталық үйлестіруші басқару органының назарынан тыс қалған кәсіптік және техникалық мектептер мен колледждер өз күнін өздері көруге тура келді. Жергілікті атқарушы орган оны бақылаудан шығарып алды. Қазіргі күні сол олқылықтың орнын толтырып, кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін жандандыру қолға алынып отыр. Дегенмен 90-жылдарғы қалпын сақтап қала алған аймақтар да бар (Батыс Қазақстан және бұрынғы Талдықорған облыстары). Бүгінде Ақмола облысында жағдай біршама түзеліп келеді. Өткен жылы Ақтөбе облысында құрылыс саласына мамандар даярлайтын екі колледж ашылды. Жамбыл облысында да мемлекеттік көп салалы колледж бен кәсіптік мектеп оқушыларды қабылдады. Қостанай, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы және Астана қалаларындағы жабылған жоғары оқу орындары мен олардың филиалдары негізінде тоғыз кәсіптік-техникалық білім мекемесі іске қосылды. 2007 жылғы 1 қаңтардағы мәліметтер бойынша, елімізде техникалық және қызмет көрсету еңбегі саласына мамандар дайындау бойынша 320 кәсіптік мектеп пен 510 колледж айналысады. Оларда барлығы 600 мыңға жуық бала оқиды екен. Мемлекет қазынасынан қаржыландырылатын кәсіптік мектептерде оқитындар саны жалпы көрсеткіштің 93 пайызын құрайды. Ал колледждерде бюджетте оқитындар саны анағұрлым аз. Яғни техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру арқылы 12 жылдық білім беруге көшуді ескере отырып, жалпы орта білім берудің кіріктірілген білім беру бағдарламаларын әзірлеп, іске асыру міндеті тұр. Соңғы он бес жылда бюджеттен қаржының тұрақты бөлінбеуі техникалық-материалдық базаның ескіруіне, қызмет көрсету сапасының құлдырауына әкеп соқтырды. Дегенмен өткен жылы жағдайды түзеу үшін республикалық бюджеттен 286 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бағдарлама шеңберінде 46 білім беру мекемесі салынады. Алдымен кәсіптік мектепті аса қажет ететін 24 ауданда құрылыс жұмыстары басталады. Материалдық-техникалық базасы ескірген 153 кабинет, 108 оқу лабораториясы, 78 оқу шеберханасы жаңартылады. Алты миллиард теңгеге жуық жетпіс оқу орнын толықтай жөндеу үшін бөлініп отыр. Аймақаралық төрт кәсіптік орталық Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында салынады. Кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұны мен құрылымын жаңғырту өз алдына бөлек әңгіме. Көп жылдар бойы оқу жоспарлары мен бағдарламаларын жекелеген оқу орындарының инженер-педагогикалық қызметкерлері дайындап келді. Енді мемлекеттік бағдарламаға сай, жаңадан 230 білім стандарты, 1430 типтік оқу бағдарламасы, 1600 оқу құралы әзірленіп енгізілмек. Алған білімді аттестаттау мен сертификаттау халықаралық талаптарға сай жүргізіледі. Жалпы, елімізде сұраныс пен ұсыныстың сәйкессіздігінен жыл сайын 21 мыңға дейін жұмыс орны бос қалады. Бұған техникалық және қызмет көрсету еңбегіндегі жағдайды алдын ала болжаудың жоқтығы да кері әсерін тигізуде. Көптеген елдер кәсіптік және техникалық білім саласына жұмыс берушілер мен басқа да әлеуметтік серіктестіктерді тартады. Ал елімізде мамандарды даярлап, одан әрі сол өндірісте жұмысқа тұруын көздейтін келісімшарт түрлері енді ғана қолға алынып жатыр. Жалпы, Қазақстанда жұмыс істейтін көптеген шетелдік компаниялар білікті жұмыс қолының жоқтығын сылтауратып, жұмысшыларды сырттан әкелуге құмар. Сондықтан осы тәсіл шетелден жұмыс күшін әкелуді азайтып, ішкі еңбек нарығын қорғауға септеседі. Ол үшін ең алдымен отандық мамандар жоғары білікті талаптарға сай болуы керек. Әлеуметтік серіктестікті дамыту үшін бизнес құрылымдарының кадр даярлауға қатысу шарттарын нормативтік-құқықтық жетілдіру көзделіп отыр. Жұмыс берушілер есебінен шәкіртақы төлеу, қолдау қорын құру, техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлерін даярлау және қайта даярлықтан өткізу, шәкірттердің өндіріс орындарында тәжірибеден өтуі жөнінде келісім-шарттар әзірленді. Биыл ҚР Білім және ғылым министрлігі «Шағын кәсіпкерлік қоры» АҚ-пен келісімшартқа отырып, жоғары және кәсіптік оқу орындарында оқитын 500 студентті оқу-өндірістік тәжірибеден өткізіп, еңбегі үшін ақша төлейтін болып келісті. Және бос орындар жәрмеңкесін өткізіп, 1000-нан астам түлектерді жұмысқа орналастыратын болды. Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Атамекен» одағы, «Кнауф Гипс Қапшағай» ЖШС, «Kazenergy» қауымдастығы» ҰК АҚ, Шығыс Қазақстан облысы әкімі мен «Азия Авто» АҚ, сондай-ақ Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының әкімдерімен осындай келісімшарттарға отырған болатын. ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігімен бірлесіп, табиғи көздерді пайдаланушылардың орта білім жүйесінің басым міндеттерін қаржыландыруға арналған ақшасын пайдалану жөніндегі бірлескен комиссия құрылып, құрамы анықталды. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мен кадрларды даярлықтан өткізу жөніндегі Ұлттық кеңеске үлкен сенім артылып отыр. Ол түлектердің біліктілігін бағалау стандарттарын жасауға жұмыс берушілердің қатысуын қадағалайды, еңбек нарығындағы сұранысты болжап, мемлекеттік тапсырыс жасайды, бір сөзбен айтқанда, осы маңызды істе үйлестіру және бақылау қызметін атқарады. Бағдарламаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру барысында бюджеттік қаражат, мүдделі тараптардың үлескерлік инвестициялары, қорлар мен халықаралық ұйымдардың қаржысы пайдаланылады. Осы бағытта барлығы 58 миллиард теңге жұмсалады, оның 40,75 миллиардын республикалық бюджеттен бөлу қарастырылып отыр. Басқару мен қаржыландыру жүйесін жетілдіру шараларына 3 миллиард 239 миллион теңге бөлінбек. Қаржы жағын тілге тиек еткенде, әлем елдерінің басым бөлігінде техникалық және кәсіптік білім беру тегін екенін айта кеткен жөн. Себебі азаматтарды әлеуметтік қорғаудың басты құралы – мамандық беру. Осы бағытта мемлекеттің негізгі міндеті әр азаматты қажетті мамандық иесі етіп шығару болып табылады. Өкінішке қарай, қазіргі күні кәсіптік-техникалық білім алып жатқан әр студентке ЖОО-да оқитын жеті студенттен келеді. Көпшіліктің жоғары білім мен жоғары біліктілік ұғымдарын ажырата бермейтіні өкінішті. Жоғары білім алып шыққан азаматтардың барлығы жоғары білікті дей алмаймыз. Ал шын мәнінде, жоғары білікті маманның ЖОО дипломы болуы шарт емес. Қалай болғанда да, біз жұмысқа жарамды әр қазақстандық азаматтың жоғары білікті маман иесі болуын қамтамасыз етуіміз қажет. Техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кадрларын даярлау жүйесін жаңғырту ең алдымен Қазақстанда орта буын өкілдерін қалыптастыру үшін қажет. Бүгінде бәсекеге қабілетті өнім өндіретін экономикасы дамыған елдердің барлығы дерлік кезінде алдымен осы техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесін жетілдіруден бастады. Мысалы, Оңтүстік Кореяны алайық, ол осыдан қырық жыл бұрын сыртқы қарызы шаш етектен болса, бүгінде жоғары сапалы өнімдер экспорттайтын негізгі елдердің біріне айналып отыр. Сонымен, Қазақстан Республикасындағы кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы жоғары білікті кадрлар мен орта буын мамандарын даярлау жүйесіне үлкен серпіліс әкеліп, еліміздегі адам ресурстарын дамытуға үлес қосатынында күмән жоқ. |
|||||||||||||
|
|
||||||||||||||