«WorldSkills Kazakhstan – 2018»

«WorldSkills Kazakhstan – 2018» 06.12.2018

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Кәсіпқор» холдингімен бірлесе ұйымдастырған төртінші «WorldSkills Kazakhstan» Чемпионаты Қазақстанның барлық өңірлерінен жиналған 350 студенттің басын қосты. Бүгінгі шараға ҚР Премьер-министрі Б.Ә.Сағынтаев пен ҚР Білім және ғылым министрі Е.К.Сағадиев қатысты.

Чемпионат қатысушылары кәсіби-техникалық саладағы өз білімдері мен біліктіліктерін көрсетіп, бақтарын сынауда. Жарыс 30 мамандық бойынша ұйымдастырылған.

Қатысушылардың жұмыстарын арнайы жасалған сарапшылар қауымдастығының сарапшылары мен бас сарапшылары бағалауда.  Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, дайындық қараша айының алғашқы күндерінен-ақ басталып кеткен. Чемпионат қатысушылары үшін алдын ала жұмысқа қажет құралдармен жабдықталған жәшіктер әзірленген. Сарапшылар қауымдастығының сарапшылары Чемпионат басталмас бұрын арнайы инфрақұрылымдық параққа сәйкес құжаттамалар мен қажетті құрал-жабдықтар тізімін дайындаған. Сарапшылар қауымдастығының құрамына  бизнес саласының өкілдері, өндірістік оқыту шеберлері мен оқытушылар кірді. Әрбір секция бойынша сарапшылар, тәуелсіз және бас сарапшылар жұмыс істеп, әділ бағаларын беруде.

Ирина ЛЕВЧЕНКО, «Сылау және декоративтік жұмыстар» секциясының бас сарапшысы,  «Mus Design Studio» компаниясы, Астана қ.:

- «Сылау және декоративтік жұмыстар» секциясының қатысушылары үшін бірнеше деңгейден тұратын модульдер (тапсырма) әзірленді. Бұл – түсқағаздар жабыстыру, ақ сырмен есікті сырлау, декоративтік қалау, фристайл, фрескамен сурет салу. Жалпы қатысушылар 100 балдық жүйемен бағаланады. Кейін бұл көрсеткіштер CIS электрондық жүйесіне ауыстыралып, қорытынды нәтижелерге қол жеткіземіз. Біздің секцияда 9 қатысушы өзара сынға түсіп, барынша тырысып жатыр.  Жалпы «WorldSkills Kazakhstan – 2018» Чемпионаты жұмысшы кәсібінің беделін арттыра түседі деп есептеймін.

 «WorldSkills Kazakhstan – 2018» қорытындысы бойынша жеңімпаздар 2019 жылғы тамыз айында Қазан қаласында өтетін Әлем чемпионатына жолдама алады. Айта кеткен жөн, былтыр біздің қазақстандық жас шеберлер WorldSkills-2017 байқауына қатысу үшін Абу-Дабиге барған еді. Биыл күзде Қазақстан құрамасы Будапештте өткен EuroSkills 2018 Чемпионатында 10 орынды иеленді.

Жалпы, WorldSkills — жұмысшы кәсібінің мәртебесі мен техникалық және кәсіби білім беру сапасын арттыруға бағытталған.

ҚР БҒМ баспасөз қызметі.


Сайт картасы

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 010000, Астана қаласы, Мәңгілік ел к-сі, 8.

Телефон: +7 (7172) 74-24-25 e-mail: press@edu.gov.kz