Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының ашылу салтанаты

28.01.2020

2020 жылғы 29 қаңтар күні Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығының ашылу салтанатына қатысты. Мерейтойлық жиын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Студенттер сарайында өтті.

Мерекелік жиын алдында қатысушылар университеттің бас алаңындағы әл-Фараби ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Әл-Фараби атындағы кітапхана-орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Салтанатты шараға БҰҰ және ЮНЕСКО, ИЫҰ, Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ЖОО ректорлары, ғылыми орталықтар мен ҒЗИ жетекшілері, танымал шетелдік және отандық ғалымдар, отандық және шетелдік БАҚ өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Іс-шараны аша отырып, Қырымбек Көшербаев әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу ұлы ғұлама мұраларын және біздің елдегі, сонымен бірге шетелдегі әлемдік өркениет дамуына қосқан үлесін зерделеуге қуатты серпін беретінін, жастардың ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастыруға, сондай-ақ оларды ғылыми қызмет саласына тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мемлекеттік хатшы Шығыстың ұлы ойшылының мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндері мен оқиғалары күнтізбесіне енгенін және ИСЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ және т.б. қолдауымен халықаралық мәдени алаңда кеңінен аталып өтетініне тоқталды.

Әл-Фарабидің мерейтойы аясында Париждегі ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде, Нұр-Сұлтан қаласында және Түркістан облысында ғылыми симпозиумдар өткізу жоспарланған, оған әлемнің 40-тан астам елінен ғалымдар-фарабитанушылар келіп қатысады. Сондай-ақ, халықаралық экспедициялар, тарихи мәдени нысандарды жаңарту, ғұламаның ғылыми еңбектерінің қайта басылуы мен аудармалары, екінші ұстаз жайлы деректі фильмдер циклін жасау, шетелдерде әл-Фараби орталықтарын ашу және т.б. шаралар ұйымдастырылады.


Сайт картасы

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел к-сі, 8.

Телефон: +7 (7172) 74-24-11