Сатып алу құқығымен берілетін жалға берілетін пәтерлер туралы ақпарат

11.09.2019

«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) мен «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ (бұдан әрі – ҚИК) арасында 2019 жылғы 5 маусымда сатып алумен жалға берілетін тұрғын үйді өткізу туралы келісім жасалды (бұдан әрі – Келісім).

Келісім талаптарына сәйкес, сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй пәтерлері Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын Министрліктің және оған қарасты ұйымдар мен мекемелердің жұмыскерлеріне берілетін болады.

Келісім шеңберінде Министрлік және Министрлікке қарасты ұйымдар мен мекемелердің жұмыскерлеріне бөлінетін пәтерлер саны – 1000.

Тізімдерді қалыптастыру және пәтерлерді ашық бөлу мақсатында Министрлікте және оған қарасты ұйымдар мен мекемелерде тұрғын үй комиссиялары құрылды.

2019 жылғы 5 маусымда Министрлік, ведомство және Министрлікке қарасты ұйымдар мен мекемелерден тұрғын үйге мұқтаж жұмыскерлердің тізімі алдын ала қалыптастырылды.

Министрліктің тұрғын үй комиссиясының 2019 жылғы 25 шілдедегі № 3 хаттамалық шешімімен Келісім шеңберінде жұмыскерлердің басым категориялары және үміткерлерді іріктеу критериилері бекітілді.

Сондай-ақ, Министрліктің тұрғын үй комиссиясымен әр аймаққа пәтер лимиті белгіленіп, ҚИК-на жіберілді.

Жұмыскерлердің құжаттары мен істерін Келісімде көзделген талаптарға сәйкестігін тексеру, сондай-ақ Министрліктің тұрғын үй комиссиясының 2019 жылғы 25 шілдедегі № 3 хаттамалық шешімімен бекітілген басымдықтар мен критериилер бойынша кезектілікті анықтау мақсатында тізімдер қайта қарау үшін кері қайтарылды.

Жұмыскерлердің кезектілігі мекемелер мен ұйымдардың тұрғын үй комиссияларымен балл жинағы бойынша қалыптастырылады, яғни үміткердің балл жинағы қаншалықты жоғары болса, оның кезектілік тізіміндегі орны соншалықты жоғары орналасады. Тізім қалыптастырылғаннан кейін, ұйымдар мен мекемелердің тұрғын үй комиссияларының хаттамалық шешімімен бекітіліп, Министрлікке 2019 жылғы                                   20 қыркүйекке дейін жіберіліп, ұйымдар мен мекемелердің сайттарында жарияланатын болады.

Келісім шеңберіндегі алғашқы пәтерлер Ақтөбе қаласы бойынша К. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жұмыскерлері арасында сәтті бөлінді. ҚИК-сы ұсынған 58 пәтер аталған университеттің тұрғын үй комиссиясында қаралды. Аталған университеттің бекітілген жұмыскерлер тізімі ҚИК-на қаржылық төлем жасай алу жағдайын бағалау үшін жіберілді.

Бүгінгі күні басқа қалалар бойынша пәтерлер тізімі ҚИК-нан түспеді. Пәтерлерді бөлу мәселесі ҚИК-нан ұсыныстар түскен жағдайда қаралатын болады.

 

Анықтама: Жергілікті атқарушы органдарына (бұдан әрі - ЖАО) қарасты ұйымдар мен мекемелер жұмыскерлері бойынша:

Білім және ғылым саласының республикалықтан басқа ЖАО-на қарасты ұйымдар мен мекемелер де бар екендігін ескере келе, Министрлік 2019 жылғы 12 шілдеде ҚИК басшылығына ЖАО-мен Келісімге отыруды ұсынды. Бүгінгі күні осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Келісімге қол қойылған жағдайда, сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй пәтерлеріне мұқтаж жұмыскерлердің тізімі ЖАО-мен қалыптастырылатын болады.


Сайт картасы

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел к-сі, 8.

Телефон: +7 (7172) 74-24-11