Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту

Жариялау күні: 24.07.2019 18:05:00

Мектепке дейінгі ұйымдар желісі мен балалар контингенті

Республика бойынша барлығы 10 314 мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде – 3749 бірл. жеке мектепке дейінгі ұйым қызмет етеді.

Мектепке дейінгі ұйыммен қамтылған барлық бала саны 880,8 мың, оның ішінде жеке мектепке дейінгі ұйымда – 307,3 мың бала.

1-3 жастағы балаларды қамту – 31,7%, 3-6 жас – 95,2%, 1-6 жас – 77,1%.

2018 жылы 63,4 мың орынға 788 мектепке дейінгі ұйым, соның ішінде 718 жеке және 13 мектепке дейінгі ұйым МЖӘ есебінен ашылған.

Өңірлерде:

- 3-6 жастағы балалар бес облыста: Батыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік-Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында толық қамтылды;

- сегіз облыста 95% жоғары: Атырау (95,2), Алматы (97), Маңғыстау (97), Жамбыл (97,1), Ақтөбе (98,4), Ақмола (99), Қостанай (99,7), Қарағанды (99,6);

- республикалық көрсеткіштен төмен: Түркістан (94,7%) облысы және Нұр-Сұлтан (83,7%), Алматы (82,7%), Шымкент (89,8) қалаларында.

Бүгінде бала туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты мектеп жасына дейінгі 424 мың бала кезекте тіркелген, оның ішінде 118 мың бала 3-6 жастағылар.

Балаларды кезекке қою мен жолдамаларды беру автоматтандырылған. Бұл осы шараның айқындығына, жемқорлық қауіптерін болдырмауға, бәсекелестік ортасын құруға және кезектілікті азайтуға ықпал етті. Бар болғаны екі жылдың ішінде 168 мыңнан 118 мың адамға дейін қысқарды.

3-6 жастағы балаларды 2020 жылға дейін 100% қамту үшін 55 мың орынға 407 мектепке дейінгі ұйым ашылады.

 

Балалардың қауіпсіз болуына жағдай жасау

Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мектепке дейінгі ұйымдардың басты міндеттерінің бірі және сапалы мектепке дейінгі білім көрсеткіші болып табылады.

Балалар қауіпсіздігіне жағдай жасау мақсатында 3 589 (58%) балабақшада 40452 бейнекамера (дәліздерде - 8516 бірл., топтарда - 12390 бірл., жатын бөлмесінде – 3207 бірл., сыртты бақылау камералары – 15424 ед.) орнатылған.

 

Мектепке дейінгі ұйымдардың педагог кадрлары

«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша кадрларды даярлау 36 колледж және 37 жоғары оқу орындарында жүзеге асырылады.

ЖОО (3 мың адам) мен колледждерді (6 мыңға жуық) жыл сайын 9 мыңға жуық маман тәмәмдайды. Олардың 55 мыңының 45% мектепке дейінгі ұйым тәрбиешісі мамандығы бар.

Жыл сайын «Өрлеу» ҰБАО 7 мыңнан астам тәрбиеші біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

 

Ерте дамыту

Елбасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауы аясында Министрлікке мектепке дейінгі білім беруде балалардың ерте дамуы үшін стандаттар, бағдарламамар енгізу бойынша тапсырма берілді.

Халықаралық тәжірибе

Осыған байланысты 1 жастан бастап 3 жасқа дейінгі жастағы балаларды ерте дамыту саласында халықаралық тәжірибе зерделенді.

ЮНЕСКО анықтамасы бойынша «Ерте жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту – бұл балалардың денсаулығы, тамақтануы мен гигиенасының аспектілерімен қоса олардың өсуіне, дамуына және оқуына ықпал ететін әрекеттер. Ерте мектепке дейінгі білім танымдық-тілдік, физикалық, әлеуметтік-жеке және көркем-эстетикалық дамуға ықпал етеді».

Халықаралық тәжірибе ерте жастан бастап есейген шаққа дейін адами капиталға соның ішінде білім беруге салынған инвестиция экономика мен қоғам үшін маңызды нәтижеге ықпал ететінін дәлелдейді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының зерттеулері халықтың еңбек етуге қабілетті жасының 1 жылда білімінің орташа деңгейін арттырғанда экономика 3-6% артып, ал экономиканың өсу қарқыны 1% артатынын дәлелдеді.

Балаларды ерте дамыту түрлі елдерде әлеуметтік қызметтер немесе денсаулықты сақтау немесе білім беру құзыреттілігіне жатады.

Европа елдерінде әйелдерді еңбекке кеңінен тартуға ықпал ететін кішкентай балаларға күтім жасау жүйесі тәжірибесі қолданылуда.

Мысалы Финляндияда балаларды ерте дамыту мен қамту 30% құрайды. Сондай-ақ баласын балабақшаға орналастыруға мүмкіндігі жоқ ата-аналарға отбасы жағдайында балаларды тәрбиелеу мен дамыту үшін төлем жасау мемлекетпен кепілдендірілген.

Ұлыбритания мен АҚШ та «Сенімді старт» (SureStart) және «Старттағы серпіліс» (HeadStart) мақсатты ұлттық жобалары жүзеге асырылады, онда білім беру бағдарламасынан тыс бірнеше айдан бастап 6-7 жасқа дейін балалар денсаулығын нығайту бойынша шаралар бар.

Францияда аналары жұмыс істейтін 3 жасқа дейінгі 50% бала отбасынан тыс күтім жасаумен қамтылған (күтушілер институты). Бұдан басқа балаларды дамыту түрлі бағыттар бойынша дамытуды жүзеге асыратын (денсаулығын сақтау, тілдік дағдыларды, ментальды математиканы дамыту және т.б.) ата-аналар бірлестіктері, жеке балалар бақшасы, мемлекеттік және отбасылық бақшалар, мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар қызмет етеді.

Швейцарияда балалар үшін ата-аналардың қатысуымен аптасына бір-екі рет болатын ойын топтары бар.

Қазақстандағы ерте дамыту

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты.

Бала туғаннан бастап мектепке барғанға дейін мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту отбасында, бір жастан 6 жасқа дейін мектепке дейінгі ұйымдарда жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта республикада 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға арналған білім беру қызметтеріне қажеттілік артуда. Факторлардың бірі бала туудың өсуі болып табылады.

Балаларды ерте жастан дамытуды қамтамасыз ету үшін нормативтік-құқықтық, оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық база құру, бөбекжай, бөбекжай-бақшалар желісін кеңейту, бөбекжай-бақшаларды ашуға жеке инвесторларды тарту, балаларды ерте жастан тәрбиелеу жөнінде ата-аналардың білімін арттыру бойынша шаралар қабылдануда.

Балалардың ерте даму мазмұнын әдістемелік қамтамасыз ету

Балалардың ерте дамуының негізгі мазмұны мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының «Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеумет» білім беру салалары арқылы іске асырылады (ҚР БҒМ 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығы).

Стандартқа балаларды ерте жастан дамыту, әлеуметтік дағдылары мен өз бетінше оқу дағдыларын дамыту бойынша талаптар енгізілген.

Стандартта «ерте даму, әлеуметтендіру, әлеуметтік дағдылар, ата-ана дағдылары, күтім, өз бетінше оқу дағдылары» терминдерінің анықтамалары берілген.

Дербестікке тәрбиелеу, балаларда ерте жастан әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-коммуникативтік біліктері мен дағдыларын дамыту, оларды әлеуметтік-мәдени нормаларға, отбасының, қоғам мен мемлекеттің дәстүрлеріне тарту мақсатында «Әлеумет» білім беру саласында әлеуметтендірудің негізгі міндеттері жинақталған.

Балаларды ерте жастан дамыту үшін олардың әлеуметтік дағдыларын және өз бетінше оқу дағдыларын дамытатын бағдарлама бекітілді (ҚР БҒМ 2018 жылғы 5 желтоқсандағы № 668 бұйрығы).

Бағдарлама мазмұны туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балаларды әлеуметтендіру міндеттерін іске асыруға, педагог пен ата-аналардың бірлескен қызметінде олардың әлеуметтік дағдылары мен өз бетінше оқу дағдыларын дамытуға бағытталған.

Мектепке дейінгі ұйымда педагогтің, отбасы мен мектепке дейінгі ұйымда ата-ананың жетекші рөлдеріне назар аударылды.

Бала туғаннан бастап 3 жасқа дейінгі тұлғаның психоәлеуметтік дамуының негізгі кезеңдері енгізілген.

Бағдарламаның мазмұнын игеру нәтижесінде қалыптастырылуы тиіс білім беру салалары бойынша күтілетін нәтижелер берілген. Бұл педагогтерге балаларды әлеуметтендіру деңгейін анықтауға және олардың дамуын түзету бойынша жұмысты жоспарлауға мүмкіндік береді. Бағдарламаның мазмұны балалардың өзара іс-қимылы, бейімделуі, баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы, қоршаған ортаға (отбасына, әлеуметке, табиғатқа) ізгілікті қарым-қатынасы, қауіпсіз мінез-құлық негіздері бойынша әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

Бағалау жүйесі критерийлерді пайдалана отырып (бала қандай да бір іс-әрекеттерді көрсетеді, оны өз бетінше не істей алатынын түсінеді және қолданады), балалардың әлеуметтік дайындығы, көшбасшылығы, төзімділігі, өзін-өзі оқытуы деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.

Бағдарламаны іске асыру оқушының табысты, сенімді және оң болашағы үшін қажетті әлеуметтік дағдылар мен өзін-өзі үйрету дағдыларын ерте жастағы балаларда қалыптастыруға ықпал ететін болады.

Бағдарлама педагогтер мен ата-аналар үшін де балаларды ерте жастан әлеуметтендіру құралы болып табылады, Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына қосымша бағдарлама ретінде әзірленді.

Министрлік 2014-2017 жылдар аралығында балаларды ерте жастан дамытудың ғылыми-әдіснамалық негіздерін айқындау мақсатында шет елдердің тәжірибесін зерделеді (Малайзия, Япония, Финляндия, Ресей, Беларусь және т.б.). Тәжірибені ескере отырып, балалардың ерте дамуының тұжырымдамалық негіздері әзірленді. ЮНИСЕФ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, Дүниежүзілік банктің халықаралық сарапшыларының ұсыныстары қаралды, олармен бірлесе «Қазақстандағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға елдік шолу» дайындалды.

098 «Мектепке дейінгі білім беру саласын әдіснамалық қамтамасыз ету» бюджеттік бағдарламасы аясында педагогтерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында оқу әдебиеті («Тәй-тәй, балапан» 1 жастан 3 жасқа дейін балаларды ерте жастан дамыту бойынша дидактикалық материалдар, балаларды ерте жастан дамыту үшін білім беру процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік құрал, ерте жастағы балаларға арналған заттық-кеңістіктіктік дамыту ортасын ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар, 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқыту бағдарламасына «Жыл бойы мерекелер» сценарийлерінің жинақтары, «Ата-аналарға кеңес» балаларды ерте жастан дамыту жөнінде ата-аналарға арналған анықтамалықтар) әзірленді.




Бөлімге оралу

Сайт картасы

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел к-сі, 8.

Телефон: +7 (7172) 74-24-11