Қаз|Рус

Іздеу  




User login
Username:
Password:
\ Обзор СМИ 

Білім саласын білікті министр басқарып отыр ма?

Жансейіт Түймебаев Білім және ғылым министрлігінің тізгінін қолына алғанына үш жыл толды. Бір қарағанда, үш жыл дегеніңіз - қас-қағым сәт, енді бір қарағанда үш жылда қыруар тірлік бітіруге болады. Қалай десек те, білім-ғылым саласына білгір басшы тұрақтамай қойған, ретті де, ретсіз де жасалған реформадан көз аша алмаған, мұндаға дейін жұрт көңілінен шықпаған саланы өз қолына алған Түймебаевтың тынысы қаншалықты ашылды?

Бір ерекшелігі, осы креслоға Үкімет басшысымен қатарлас отырып, қызметтің қызығын да, шыжығын да көріп келе жатқан министрге үш жыл не берді, министр үш жылда елімізде ғылымды дамытып, ұрпақ тәрбиелеу мен еліміздің келешегін қалыптастыратын жас буынды білімге бағыттау жолында не бітірді?
Иә, қазіргідей аласапыран уақытта қай қызметтің тұтқасын ұстау да оңай емес. Оның ішінде білім мен ғылым саласының жауапкершілігі орасан зор. Сондықтан Жансейіт Түймебаевтың талай түнді ұйқысыз атырып, талай күнді шапқылаумен өткізгені айдан анық. Осы саланың бүге-шігесін жақсы білетін Түймебаев түйінді шешуге келгенде, өзінің іскерлігін байқатты.
Түріктің белгілі мәдениеттанушы ғалымы Фетуллаһ Гүлен «Әр ата-ана балаларының ақыл-ойын керексіз нәрселер жаулап алмай тұрғанда, оларды ғылым-біліммен тұщындыруы тиіс. Өйткені ақиқаттан мақұрым сана мен ғылымнан хабарсыз рух әртүрлі жаман ойдың қаулап өсуіне ыңғайлы арам шөп алқабы тәрізді» деген даналығын, қазақтың «не ексең, соны орасың» деген аталы да баталы сөзін жадынан шығармаған білікті басшы дағдарыс дүмпуі дүниені шыр айналдырып, ұрпақ тәрбиесі талқыға түскен мезгілде ұстаздарды ұлықтап, ұлағатты ұрпақ қатарын көбейтуге барынша жол ашып, қолынан келген тірлігін жасады және жасауда. Жалпы, жұрттың пікірі жаман емес, ал білікті мамандардың бағалауынша, білім саласының тасы өрге домалаған кез - министрлікке Жансейіт Түймебаевтың келуімен ұштасып жатыр.

 

ҒЫЛЫМ - БІЛІМНІҢ ШЫҢЫ

 

Білім және ғылым министрлігі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан және елімізде ғылымды дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын іске асырудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыра отырып, ғылымды басқарудың жаңа моделін - финдік моделін қолға алуда. Ғылыми-техникалық дамудың басым бағыттары анықталған. Іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстары, негізінен, физика-математика, химия-технология, биология және медициналық, қоғамдық және гуманитарлық салаларда жүзеге асырылып жатыр. Айталық, 2009 жылы 2879 зерттеу еңбектері мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өткізілген. Оның ішінде, 2009-2011 жылдары іске асырылатын іргелі ғылыми-зерттеу бағдарламаларына қатысты конкурстық жобалар бар. Өткен жылы 16 конкурстық жұмыс ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, оның үшеуі Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Мекемеаралық ғылыми ұйымдармен 23 ғылыми-техникалық бағдарламаны жүзеге асыруда.
Қоғамдық-гуманитарлық салаларда да айтарлықтар жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ұлттық және әлемдік ғылыми ой, өнер және әдеби басылымдар сериялары әзірленді. 230-дан астам кітап баспадан шығарылды. Атап айтқанда, Философия және саясаттану институты «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Әлемдік философия мұраларының» 19 томын, «Әл-Фараби мұраларының» 10 томын шығарды. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Бабалар сөзі» сериясының 55 томын, «Қазақ әдебиеті тарихы», «Қазақ музыкасының антологиясы», «Әдеби жәдігерлер», «Қазақ өнерінің тарихы», «Мировая фольклористика» және «Мировое литературоведение» көптомдықтарын жасады.
Іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерге ғылыми-зерттеу мекемелерімен қоса жоғары оқу орындары да жүйелі қатыстырылып, табысты еңбек етіп келеді. Ал қазақстандық ғалымдар Ресей, Беларусь, АҚШ, Қытай, Үндістан, Германия ғалымдарымен тығыз қарым-қатынаста. «2007-2009 жылдарға арналған ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастық» ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында 91 бірлескен жоба орындалды.

 


ТӘРБИЕНІҢ ТАЛБЕСІГІ
Әл-Фараби бабамыз: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне опат әкеледі» - деген екен. Расында да солай. Өйткені ғылымға бет бұрған, соған барынша назар аударып, тәрбиені заңмен реттеуге тырысқан көптеген дамыған мемлекеттер ел болашағы саналатын жастардың тіршілігіне алаңдаушылық білдіріп, мазасыз күй кеше бастады. Олардың жанында ғасырлар бойы атадан-балаға дарыған тәлім-тәрбиесі ұрпақты тек жақсылыққа тәрбиелейтін қасиеттер қазақты замана аласапыранынан сақтап келеді. Болашақта да тағдырымыздың тәлкекке түсіп, талбесігіміз шайқалмауы үшін осы салада қыруар шаруаны іске асыру қажет. Осы орайда еліміздегі мектепке дейінгі білім ордаларының алар орны ерекше.
Елімізде балалардың мектепке дейінгі білім алуында мемлекет тарапынан қолдау алатын құқықтары заңмен бекітілген. Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру жүйесі балалардың денсаулығын нығайту мен сақтау факторларының бірі және еліміздегі демографиялық жағдайдың жақсаруы ретінде қарастырылуда, себебі тууды арттыру әрбір қазақстандық отбасында балаларға мектепке дейінгі білім беру қызметінде нақты әлеуметтік кепілсіз мүмкін емес.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан азаматтарының дәулеттілігін арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» Жолдауында «Ерекше көңіл балалардың дамуына жағдай жасайтын, үздіксіз оқытудың алғашқы сатысы болып саналатын мектепке дейінгі білім беру саласына бөлінуі тиіс» делінген.
1991 жылы Қазақстанда 8743 балабақша жұмыс істеген, соның ішінде қайта құру кезеңінде 4868 (55,6%) жекешелендірілген.
1991 жылдан 2000 жылға дейін республикада балабақша саны 7599 бірлікке азайып, 1144 ұйымды құрады.
Балабақша ғимараттарының ең көп саны Жамбыл (20), Оңтүстік-Қазақстан (11), Батыс-Қазақстан (8) облыстарында өз еркімен, ақысыз негізде жекешеленгендер санынан қайтарылған.
Қазіргі уақытта елімізде мектепке дейінгі білім беру саласын дамыту мәселесі едәуір өзекті мәселе болып саналады. Бұл мектепке дейінгі білім берудің мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларын жасап, ойдағыдай жүзеге асыруымен расталады.
Республикада 2010 жылғы 1 қаңтарда 373,1 мың баладан тұратын 4972 мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істеуде, яғни мектеп жасына дейінгі балалардың 38,7% - ын қамтиды. Бұл көрсеткіш 2008 жылмен салыстырғанда 3,1%-ға артық.
2009 жылы мектепке дейінгі ұйымдар саны 1209 бірлікке (230 балабақша мен 979 шағын орталық) артты. Шағын орталықтар негізінен ауылдық мектептерде ашылған 2969 шағын орталықта 75872 бала тәрбиеленуде. Негізінен олар аз қамтылған тұрғындар қатарына жататын бұрын-соңды балабақша қызметін пайдаланбаған ауыл балалары.
Қазіргі уақытта 2003 балабақшада 297,2 мың бала тәрбиеленуде.
Мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамтудың жоғары көрсеткіштері Қостанай (90,3%), Қарағанды (69,6%), Ақтөбе (64,3%) облыстарында, төмен көрсеткіштері Оңтүстік-Қазақстан (14,4%) және Алматы (21,5%) облыстарында.
Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевпен өткен тікелей эфир барысында мектепке дейінгі тәрбие саласындағы сұрақтардың көпшілігі мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығымен байланысты болды. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі мен облыстық және Астана, Алматы қалаларының әкімдіктеріне халыққа мектепке дейінгі ұйымдардың қолжетімді болуын арттыру жөнінде қысқамерзімді шаралар қолдану тапсырылды.
Мемлекет Басшысының халықты балабақшамен қамту жөніндегі тапсырмасын орындау ретінде 2009-2015 жылдарға қысқамерзімді және ортамерзімді шаралар қатары жасалынды.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп:
- 2009-2015 жылдарға мектепке дейінгі ұйымдардың нысандарын мемлекеттік және жекеменшік қаржы салымы есебінен тұрғызудың жоспар-кестесі құрылды;
- коммуналдық иегерлікке беру үшін мемлекеттік органдар орналасқан балабақша ғимараттарын босату шаралары қолданылды;
- мектепке дейінгі ұйымдарды ашу мақсатымен өзге ғимараттар мен орындарды пайдалану қарастырылған.
Білім және ғылым министрлігі мен облыстық және Астана, Алматы қалаларының әкімдіктерімен қолданған қысқамерзімді шаралар 2009 жылдың соңына дейін мектепке дейінгі ұйымдарда орын санын қосымша 16 129 (373 ұйым) арттыруға мүмкіндік береді.
Елбасының «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясында 2009 жылдың 15 мамырындағы XІІ съезінде берген тапсырмасына сәйкес 2009-2012 жылдары республикалық бюджетте 57 400 орындық 200 балабақша құрылысына қаржы қарастырылған.
2010 жылы «Жол картасы» аясында жөндеуге жататын мектепке дейінгі білім беру объектілерінің тізімін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен жұмыс ауқымы 1,9 млрд теңге сомасымен 73 объектіні жөндеуге тапсырыс берілді.
Облыс, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту бойынша ұйымдастырушылық-кеңес беру және меншіктік түріне қарамастан, мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөнінде көмек көрсетілді.
Мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау процедурасын жеңілдету мақсатында Үкіметтің қаулысы қабылданды. Әлеуметтік осал тұрғындар қатарына жататын балаларға мектепке дейінгі ұйымдарда бірінші кезекте орын беру мемлекеттік қызмет стандарты қарастырылған. Қазіргі кезеңде мектепке дейінгі ұйымдарды медициналық, кадрлық, оқу-әдістемелік және материалдық-техникалық жақтан жетілдіруін қамтамасыз ету сұрақтары әзірленуде. Балабақшалардағы педагогикалық қызметкерлердің соңғы жылдарда білім беру деңгейі беталысы жақсаруда.

 


ОРТА БІЛІМ ОРНЫҚТЫ БОЛАДЫ
Ең алдымен «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына қатысты айтатын болсақ, бұл орта білім саласын дамыту бойынша шын мәніндегі басымдыққа ие маңызды жоба болды.
Бағдарлама аясында еліміздегі мемлекеттік күндізгі білім беру мектептерінің саны артты. 2009 жылы 87 мектеп салынса, соның 39-ы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының шеңберінде жүзеге асқан. Қазіргі күні 50 мыңнан астам оқушы арнаулы бағдарламалар бойынша дарынды балаларға арналған 107 мектеп пен Бірінші Президенттің интеллектуалдық үш мектебінде білім алып жатыр.
Педагогикалық құрамның да сапасы айтарлықтай жақсарды, оның басым бөлігі - жоғары санаттағы ұстаздар. Сондай-ақ педагогтардың 80 пайызы білім беруді дамыту, 12 жылдық білімге көшу және т.б мәселелер бойынша біліктілік курстарынан өтті.
Соңғы жылдары оқу кабинеттерін жабдықтау бойынша белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде 3385 мектепте интерактивтік тақта орнатылды. Осыдан үш жыл бұрын мұның біреуі де жоқ болатын. 721 мектеп төрт интерактивтік кабинетпен толықтырылды (физика, химия, биология және универсалды).
Нақты деректер келтірсек, әрбір 18 оқушыға бір компьютерден келеді. Мектептердің 98 пайызы, оның ішінде ауылдық жерлерде 97 пайызы интернетке қосылған.
Қазіргі заманғы инновациялық білім беру саласындағы елеулі жетістік деп интерактивтік сабақ оқытылатын www.sabak.kz порталының ашылуын айтуға болады. Сонымен қатар әлемдік және еліміздің ІT-компанияларымен ынтымақтастыққа қол жеткізілді. Мәселен, БҒМ «Майкрософт», Интел корпорацияларымен өзара түсіністік жөніндегі Меморандумға қол қойды.
Оқу әдебиеттерін сөз етер болсақ, бұл салада да айтулы ілгерілеушілік бар. 12 жылдық білім беруге арналған қазақ және орыс тілдеріндегі 34 оқулық пен 106 оқу-әдістемелік кешені, «Өзін-өзі тану» бағдарламасы бойынша 30 атаулы оқу әдебиеті әзірленді.
Отандық білім беру мазмұнын тиімді жетілдіру үшін бастауыш білімнің оқу бағдарламалары мен негізгі ережелері, білім беру саласындағы әлеуметтік қызметкерлердің біліктілік талаптары мен оларды аттестаттау ережелері, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеу, сараптамадан өткізу және басып шығару және т.б. ережелер әзірленіп, бекітілді. Қазіргі күні елімізде Шағын комплектілі мектептерді дамыту тұжырымдамасы мен Педагогикалық қызметкерлерді аттестаттау Ережесі сияқты маңызды екі құжат та таяу арада бекітілмекші.
Сондай-ақ оқу бағдарламаларына 4-11-сынып оқушыларына арналған «Қаржылық сауаттылық», 9-сынып оқушыларына арналған «Дінтану негіздері» және жоғары сынып оқушылары үшін «Автомобиль жүргізу ережелері» сияқты жаңа пәндердің енгізілуі де айтарлықтай жаңалық.
Мектептер жанынан қамқоршылық кеңестері құрылды, оларға қоса мектеп оқушыларының тәртібін қадағалау үшін мектеп полиция инспекторлары жұмыс істейді.
Отандық білім туралы сөз еткенде, еліміз мектеп оқушыларының ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балл көрсеткіші 74,9 пайызға өскенін айта кеткен жөн (2008 ж. - 68). «Алтын белгіге» үміткерлердің 54,5 пайызы өз білімдерін дәлелдеді (2008 жылы 34,3%).
Еліміздің дарынды балаларын үлкен мақтанышпен сөз етуге болады. Ел ертеңі - солардың қолында. Біз өз тарапымыздан жас буын өз білімі мен білігін белгілі арнаға бағыттауы үшін жағдай жасалуда. Соның нәтижесі өз жемісін бере бастады. Олар халықаралық және республикалық олимпиадаларға, сараптамалық ойлау мен үлкен ізденісті қажет ететін ғылыми жобалар сайысына қатысып, үлкен жетістіктерге жетуде. Егер 2008 жылы 864 оқушы олимпиадада жеңіске жетсе, 2009 жылы олардың саны 895-ке жетті. Оған қоса, еліміз командасы 544 медаль иеленді. Оның 131-і алтын, 191-і күміс, 202-сі қола болса, 20 құрмет грамотасы тағы бар.
Осындай жетістіктердің арқасында Қазақстан 2010 жылы Астанада 51-Халықаралық математикалық олимпиаданы өткізу мәртебесіне ие болды.
Сонымен қатар 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Ол балалар өмірінің құқықтық және әлеуметтік сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде елімізде 42 мыңнан астам бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған. Олардың 15 мыңы 213 ұйымда тәрбиеленуде, 27 мыңы қамқорлыққа алынған.
Министрлік тарапынан балаларды мектепке жеткізу, тамақтандыру, барлығының бірдей оқуын қамтамасыз етуді бақылау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар атқарып жатыр.
Жасөспірімдер (Дом юношества) үйлеріне арнайы жеке мәртебе беру үшін «Отбасылық типтегі балалар деревнясы мен жасөспірімдер үйлері туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Соның нәтижесінде Жасөспірімдер желісі кеңейіп, жетім-түлектер үймен қамтамасыз етіліп отыр.

 


ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМНІҢ ТІЗГІНІ МЫҚТЫ
Техникалық және кәсіптік білімді дамыту мәселелері 2009 жылғы 27 наурызда «Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білімді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету» туралы Парламенттік тыңдалымда қаралды.
Тыңдалымның ұсынымдарын іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне техникалық және кәсіптік білім беру мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының Тұжырымдамасының жобасы әзірленді және Әділет министрлігіне келісуге жіберілді.
Астана қаласында «Казақмыс» ЖШС қаражаты есебінен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін 300 оқу орынды кәсіптік лицей ашылды.
Атырау қаласында 700 оқушы орнын құрайтын мұнай мен газ саласы үшін кадрларды даярлау және қайта даярлау өңіраралық орталығының және Астана қаласында 800 оқушы орындық кәсіптік лицейдің, Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданының Шаян ауылында 180 орындық жатақханасымен 360 орындық кәсіптік лицейдің құрылысы жүргізілуде.
Екібастұз қаласында Отын-энергетика саласы үшін техникалық және қызмет көрсететін еңбек кадрларын даярлау және қайта даярлау жөніндегі өңіраралық орталығының құрылысы басталды.
Өскемен қаласында машина жасау саласы үшін Өңіраралық орталық құрылысын салу бойынша жобаның сметалық құжаттары әзірленді және Индустрия сауда министрлігіне мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында өңдеу саласы үшін Өңіраралық орталықтың құрылысы бойынша жобаның сметалық құжаттары әзірленді.
Техникалық және кәсіптік оқу орындары желісі 16 бірлікке (5 мемлекеттік және 11 жекеменшік) артты және 882 оқу орнын құрады, оның ішінде 513 мемлекеттік болса, 369-сы жекеменшік.
Жергілікті бюджет есебінен ТжКБ оқу орындарының материалдық-техникалық базасы 1,4 млрд теңгеге жаңартылды. 180 техникалық және кәсіптік оқу орындарында 3,7 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді.
Жұмыс берушілердің, кәсіптік қауымдастықтардың, мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескеріп, Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің кәсіптері мен мамандықтарының жіктеуіші қайта қаралды.
Жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес құзыреттіліктер негізінде ТжКБ-ның 72 мамандығы бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, 65 мамандық бойынша біріктірілген білім беру бағдарламалары, 720 арнайы пән бойынша үлгілік оқу бағдарламалары әзірленді. Педагогтар біліктілігі арттырылып, шетелге тәжірибе алмасуға жіберіліп отыр.
2009 жылы оқу орындары 16,2 мыңнан астам кәсіпорындармен техникалық қызмет көрсету еңбегінің мамандарын даярлау жөнінде келісімдер жасалды. Нәтижесінде кәсіпорындар өндірістік тәжірибеден өту үшін 48 мың жұмыс орнын берді.
Әріптестіктің тиімді тетіктерін талдау және пысықтау мақсатында 2009 жылғы 20 қарашада Астана қаласында «Кәсіптік білім беру және бизнес: Серіктестер сұхбаты» атты екінші халықаралық форум ұйымдастырылып, өткізілді. Форумда техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуды қолдау қорын құру туралы Білім және ғылым, энергетика және минералдық ресурстар министрліктері және «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасы» арасындағы меморандумға қол қойылды.
Халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөнінде ТжКБ жүйесінде жұмыстар жалғасын табуда. 24 техникалық және кәсіптік оқу орындары ынтымақтастық жөнінде белгілі Ұлыбритандық колледждермен, оның ішінде Кембридж аймақтық колледжімен 14 колледж келісімге қол қойды.
Білім және ғылым министрлігі UCPMІ» (Франция) Консорд Консалтинг тобымен және GEMCO ІNTERNATІONAL BV компаниясымен және FONTYS (Голландия) қолданбалы ғылымдар университетімен екі ынтымақтастық ниет білдіру хаттамасына қол қойды.
Жол картасын іске асыру шеңберінде оқу орындары базасында 100 926 адамды даярлау мен қайта даярлауға 10 млрд 783 млн тенге қарастырылды.
Облыстық, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің ағымдағы жылдың 25 желтоқсанындағы мәліметі бойынша 9 млрд 470 млн теңгеге 95,6 мың адам даярлау және қайта даярлау курстарымен қамтылған.
Кадрларды қайта даярлау бойынша барлық өңірлер өздеріне алған міндеттемелерін орындады. Шетел жұмыс күштерін ауыстыру мақсатында қазақстандық кадрларды қайта оқыту жоспарынан Астана қаласы - 5977 адамға, Алматы қаласы - 2748 адамға және Маңғыстау облысы - 540 адамға кейін қалуға жол берді, бұл 994,2 млн теңге игерілмей, бюджетке қайтаруға әкеліп соқтырды.

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛ БОЛМАСЫ АНЫҚ
Елбасы халыққа Жолдауында: «2010 жылға дейін білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру арқылы сапалы білім беруді арттыруымыз қажет. Бұл - білім беру саласының басты міндеті» деп атап көрсетті. Осы жолдауды іске асыру үшін білім берудің барлық саласында халықаралық талаптарға жауап беретін сапалы білім беру қажеттілігі тұр.
Бұл міндеттерді іске асыру ұлттық білім беру жүйесінің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруды жаңғырту болып табылады. Жоғары білім беру саласында осы бағытта қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі күні халықаралық білім беру стандарты жіктеуішіне сай келетін бакалавриат пен магистратура мамандықтарының жіктеуіші енгізілді. Жетекші жоғары оқу орындарында кадрларды даярлаудың әлемдік озық тәжірибесін саралай отырып, еліміздің білікті мамандарының, ғалымдардың, профессорлардың қатысуымен мемлекеттік стандарт жасалды, сондай-ақ онда еңбек нарығының тұтынушылары есепке алынды. Бұл түлектерді дайындау деңгейіне, білім бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнына, білім беру процесіндегі кадрлық, оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық қамтамасыз етудегі талаптарды күшейтеді.
Қазіргі әлемдік экономика жаһандандасқан дәуірде интеграциялық процестердің қарқынды дамып отырғандығының куәсі болып отырмыз. Сондықтан ұлттық білім саласы әлемдік білім кеңістігіне кірігусіз дербес дами алмайды.
21-ғасырдың шынайы кілті саналатын жаһандану білім саласына мықтап енді. Соның арқасында әлемдік экономиканың интеграциялануы, жаңа ақпараттық технологиялардың пайда болуы етек алды. Күн сайын ағылшын тілінің басымдылығы сезіліп келеді. Университеттер мен мемлекет жаһандану процестеріне көңіл бөліп, жаңа стратегиялар мен бағдарламалар әзірлеуде. Бұл ең алдымен студенттер алмасу, шетелде филиал ашу сияқты халықаралық ынтымақтастық формалары болып табылады.
Болон процесі мен Лиссабон конвенциясы - халықаралық ынтымақтастықтың нақты дәлелі. 46 ел қосылған Болон процесінің нәтижесінде жоғары білімнің Еуропалық аймағы қалыптасты. Еліміз ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі 1997 жылы Лиссабон конвенциясын ратификациялады.
Қазіргі күні Қазақстан Болон процесіне белсенді қатысып отыр. Осы арқылы оқуын әрі қарай жалғастырғысы келген студент Болон процесіне кірген кез келген елдің ЖОО-да оқи алады. Ол білім алып қана қоймай, қажет болса, осы жалпы құрылымға кіретін кез келген еуропалық ЖОО-дан белгілі ұпай - «несие» ала алады. Осылайша, оқытуды бақылаудың бірыңғай жүйесі жақсы білім алуға ықпал етеді.
Жалпы, білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында Болон декларациясына қосылу жөніндегі негізгі бағдарлар айқындалған. Оған ЖОО заңнамалық, құқықтық-нормативтік базасын жетілдіру, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру құрылымына бакалавриат - магистратура - докторантура сияқты көпсатылы білім беру жүйесін енгізу, білім беру квалификациясының халықаралық стандартына сай, мамандықтар тізімін жетілдіру, құрылымы мен мазмұны жағынан халықаралық талаптарға сай келетін жоғары білім беру бағдарламаларын әзірлеу, оқу процесін ұйымдастыруда студенттердің қарқындылығын қамтамасыз етуге септесетін прогрессивтік жүйе мен технологияны енгізу, білім беру бағдарламалары мен институтын аккредиттеу жүйесін құру, т.б. кіреді.
Сондай-ақ бүгінгі күні еліміздің 30 жоғары оқу орны Болон декларациясының негізі болып табылатын Университеттердің Ұлы хартиясына қол қойды. Еліміздің 37 жоғары оқу орнында екідипломды білім беру жүйесі енгізілсе, 131 ЖОО кредиттік технология бойынша, 20-ы қашықтықтан оқытуға көшті.
Білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың нақты дәлелі - Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Исмаилиттер Имаматы қатысуымен ашылатын Орталық Азия университеті. Аталған елдер арасындағы келісімге орай оның алғашқы іргетасы 2010 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен аса мәртебелі Ага Ханның қатысуымен ашылмақ.
Жалпы, жоғары білім саласындағы басты жаңалық - 2010 жылдың шілде айында Астана қаласында ашылмақ Назарбаев университеті. Халықаралық деңгейдегі университетте ақпараттық-коммуникациялық технологиясы; өнер және әлеуметтік ғылымдар; инжиниринг және технология; жаратылыстану ғылымдары институттары кіреді деп жоспарланып отыр. Жоба әріптестерінің қатарында: Корей политехникалық университеті, Нью-Джерси технологиялық университеті, Кент мемлекеттік университеті, Питтсбург университеті, «Айдын» Стамбұл университеттері бар. Сонымен қатар осы жобаны іске асыру барысында білім беру, ғылым және өндірісті интеграциялаудың жаңа моделі құрылады, бірегей академиялық орта қалыптасады, еліміздің бас қаласы - Астананың Еуразияның білім беру және ғылыми орталығы ретіндегі рөлі артады.


Әзірлеген
Жолдасбек ДУАНАБАЙ

 
   
2010© Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі